16–18 сәуір аралығында Қазақстанның үш ірі қаласында ауа райы күрт құбылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Астанада қар аралас жауын күтілсе, Алматы мен Шымкентте нөсер мен найзағайлы күндер алда тұр.
Астанада 16 сәуір күні ауыспалы бұлтты ауа райы қалыптасады. Аздаған жауын-шашын жауып, жаңбыр соңы қарға ұласуы мүмкін. Жел екпіні секундына 14 метрге дейін күшейеді. Түнде ауа температурасы 2–4 градус аязға дейін төмендеп, күндіз 2–4 градус жылы болады.
17 сәуірде елордада жауын-шашын тоқтайды. Дегенмен түнгі мезгілде көктайғақ болуы ықтимал. Жел 5–10 метр шамасында соғады. Ауа температурасы түнде 4–6 градус аяз, күндіз 6–8 градус жылы деңгейінде сақталады.
18 сәуірде Астанада аспан шайдай ашылып кетпесе де, жауын-шашынсыз күн күтіледі. Жел екпіні 9–14 метрге жетеді. Түнде ауа температурасы шамамен 2 градус жылы болса, күндіз 12–14 градусқа дейін көтеріледі.
Алматыда…
16 сәуірде аспанды қалың бұлт торлап, таңертең және күндіз жаңбыр жауады. Кей сәтте нөсер күшейіп, найзағай ойнауы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15–18 метрге дейін барады. Түнде 9–11, күндіз 17–19 градус жылы болады.
17 сәуірде мегаполисте күн райы одан әрі құбылмақ. Аспан тұтылып, жаңбыр мен найзағай күтіледі. Түнгі уақытта нөсердің күшею қаупі бар. Жел тағы да 18 метрге дейін үдейді. Ауа температурасы түнде 8–10, күндіз 11–13 градус шамасында болады.
18 сәуірде Алматыда ауыспалы бұлтты күн сақталады. Жаңбыр мен найзағай тағы қайталануы мүмкін. Жел 15–18 метрге дейін күшейеді. Түнде 5–7, күндіз 12–14 градус жылы болады.
Шымкентте…
16 сәуірде ауыспалы бұлтты күн күтіледі. Таңертең және күндіз жаңбыр жауып, кей тұста қатты нөсер, найзағай және дауылды екпін болуы ықтимал. Желдің жылдамдығы 15–20 метрге жетеді. Түнде 8–10, күндіз 14–16 градус жылы болады.
17 сәуірде де шаһарда жауын толастамайды. Жаңбыр мен найзағай сақталады, жел екпіні 15–20 метр деңгейінде соғады. Ауа температурасы түнде 8–10, күндіз 12–14 градус шамасында қалыптасады.
18 сәуірде Шымкентте түнгі уақытта жаңбыр жаууы мүмкін. Жел 8–13 метрге дейін бәсеңдейді. Түнде 5–7, күндіз 15–17 градус жылы болады.
Осылайша, алдағы үш күнде Астана көктем мен қыс арасындағы арпалысты бастан өткерсе, Алматы мен Шымкентке жаңбырлы, найзағайлы кезең тән болмақ. Көшеде ұзақ жүретіндерге жылы киім мен қолшатырды қатар қамдаған жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







