Қазақстан 2050 жылға дейін кемінде үш атом электр станциясын іске қосуды жоспарлап отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Атом энергиясы агенттігінің мәліметінше, елде төртінші АЭС салу мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл жоспарлар Мемлекет басшысы бекіткен атом өнеркәсібін дамыту стратегиясында көрсетілген. Құжатқа сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстанда кемінде үш атом электр станциясы жұмыс істеуге тиіс.
Агенттік электр энергиясын тұтыну көлемі алдағы жылдары өсетінін ескеріп, қосымша төртінші станция салу жоспары қаралғанын айтады. Ресми түсіндіруге қарағанда, мұндай қадам экономика мен халықтың сенімді әрі экологиялық таза энергияға сұранысын толық қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар Қазақстан шағын модульді реакторлар негізінде АЭС салу нұсқаларын да зерделеуге ниетті. Мұнда технологиялық және экономикалық тиімділік басты өлшем ретінде қаралады. Осындай жобалар болашақта пайдаланудан шығарылатын көмір станцияларының орнын басуға пайдаланылуы мүмкін.
Агенттік осы жоспарлар энергетика саласын әртараптандыруға, сондай-ақ елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін едәуір күшейтуге ықпал етеді деп есептейді.
Еске салсақ, 2025 жылғы наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстан үшін бір емес, үш атом электр станциясын салу стратегиялық тұрғыдан маңызды екенін айтқан еді. Ол жаңа энергетикалық сектор құру ел экономикасының алдағы ондаған жылдағы тұрақты өсіміне негіз болатынын атап өткен.
Ал 2025 жылғы шілдеде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстандағы екінші және үшінші АЭС-ті Қытай тарапы салатынын мәлімдеген болатын.
Қазақстанның тұңғыш атом электр станциясының іргетасы Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының маңында 2029 жылы ғана құйыла бастайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







