22 жастағы Ернұр Алмаханның туыстары Қазақстан билігінен көмек сұрауда. Жас жігіт 2024 жылдың қыркүйегінде Алматыдан Дубайға жұмысқа аттанған, бірақ көп ұзамай сол жақтағы түрмеге түскен. Алайда, жігіттің жақындары мен адвокаты оған тағылған айыптың нақты мән-жайынан бейхабар екенін айтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Анасының айтуынша, Ернұр бастапқыда байланысқа жиі шығып, жұмыс істеп, тұрып жатқан жері туралы айтып отырған. Кейіннен кенеттен байланыс үзілген. Соңғы рет Ернұр анасына тергеу изоляторынан хабарласып, тек бір ауыз сөз айтқан: «Мен кінәсізбін, ақталамын». Алайда нақты қандай айып тағылғанын түсіндіріп үлгермеген.
Одан кейін анасы ұлының өмір бойы бас бостандығынан айырылғанын Сыртқы істер министрлігінің ресми хатынан білген.
– Жақында ғана бір парақ қағаз келді, онда ұлымның өмір бойына сотталғаны жазылыпты. Мен ұлымның мұндай іске барғанына мүлде сенбеймін. Ол өте мейірімді, сабырлы, ешқашан ешбір дау-дамайға араласпаған еді, – дейді анасы Нұргүл Алмаханова.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ернұр Алмаханға қатысты 2026 жылдың 18 наурызында БАӘ сотының үкімі шыққанын растады. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылып, басқа айыпталушылармен бірге 2 миллион 540 мың дирхам көлеміндегі соманы төлеуге міндеттелген. Бұл қаражат сот шешімімен қылмыстық істің объектісі ретінде танылған.
Алайда, министрліктің ресми хабарламасында нақты қандай бап бойынша сотталғаны көрсетілмеген. Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі істің құжаттарын алу үшін 31 наурызда ресми сауал жіберген. Сонымен қатар, 1 сәуірде сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым берілген, оның қаралуы 27 сәуірге белгіленген.
Министрлік өкілдері Ернұрдың жазасын Қазақстанда өтеу мәселесі сот процесі толық аяқталғаннан кейін ғана қаралатынын хабарлады.
Бұған дейін БАӘ-де Қазақстан азаматтары қатысқан қылмыстық іс туралы ақпарат тараған болатын. Журналист Михаил Козачковтың хабарлауынша, Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарынан құралған бес адамдық топ Дубайда Түркия азаматының үйіне қарулы шабуыл жасап, оның әйелімен бірге пышақ жарақатын салған. Шабуылшылар үйден 1,2 миллион дирхам (327 мың АҚШ доллары) алып кеткен. Алайда Ернұрдың бұл оқиғаға нақты қатысы бар-жоғы әлі белгісіз.
Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Қаракемер ауылында екі жасөспірімнің денесі табылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







