Astana Motors компаниясы Польшаның автокөлік нарығына шығады. Бұл туралы Astana Group негізін қалаушы әрі президенті Нұрлан Смағұлов Great Wall Motors алаңында хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Смағұловтың айтуынша, компания Польшада ресми өкілдігін ашып, Great Wall Motors және оның барлық суббрендтерінің автокөліктерін дистрибуциялаумен айналысады.
«Astana Motors үшін бұл – өте маңызды қадам. Польша Орталық Еуропадағы ең ірі экономикаға ие елдердің бірі», – деді ол.
Сонымен қатар, Смағұлов Great Wall Motors компаниясымен серіктестік Қазақстанда да белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Қазір бұл брендтің көліктері қазақстандық нарыққа жеткізіліп жатыр, сондай-ақ кейбір модельдерді Astana Motors зауытында құрастырып, өндірісті жергіліктендіру жоспарланған.
Оның пікірінше, соңғы бір жылда Қытайдың автоөнеркәсібі айтарлықтай дамыған. Great Wall Motors ұсынған жаңа модельдер алдағы уақытта Қазақстан нарығында да пайда болуы мүмкін.
Қазақстанда автомобиль өндірісі қарқынды өсуде. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында елде 45 260 автокөлік пен техника шығарылған, бұл былтырғы көрсеткіштен 36,8%-ға жоғары.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







