2025 жылы Қазақстанның курорттық аймақтары 4,9 млн турист қабылдады. Energyprom.kz дерегінше, ел ішіндегі курорттарға сұраныс соңғы жылдары күрт артқан. Шетелдегі демалыс қымбаттаған сайын қазақстандықтар ішкі бағыттарды таңдай бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
2025 жылғы көрсеткіш қонақүй мен демалыс базасына тоқтаған барлық туристің жартысына жуығын құрайды. Соңғы бес жылда курорттық аймақтарға барған адам саны шамамен 3 есе өскен.
Ең танымал бағыт Алматы тау кластері. Елдегі курорттық туристердің 60 пайыздан астамы осы аймаққа барған. Былтыр мұнда 3 млн-ға жуық адам демалған. Сарапшылардың есебінше, Алматы кластері 122 млрд теңгеге жуық табыс тапқан. Бұл курорттық қызмет нарығының 60 пайызынан астамына тең.
Алматы маңындағы демалыс енді тек шаңғы тебумен шектелмейді. Туристер таза ауа, тау табиғаты, қонақүй, отбасылық демалыс, белсенді спорт және қысқа сапар форматын жиі таңдайды. Мысалы, Oi-Qaragai курорты бір қысқы маусымда 365 мыңнан астам қонақ қабылдаған.
Екінші орында – Бурабай. «Қазақстандық Швейцария» аталып кеткен бұл бағытқа барған турист саны бір жылда 33 пайызға өскен. Табиғаты, көлдері, орманы және Астанаға жақындығы Бурабайды ішкі туризмдегі ең тұрақты бағыттың біріне айналдырып отыр.
Үшінші орында Маңғыстау тұр. Алайда мұнда кері динамика байқалады. Каспий жағалауы мен ерекше табиғи нысандардың әлеуетіне қарамастан, турист саны шамамен 10 пайызға азайған. Бұл өңір үшін инфрақұрылым, баға, сервис және маусымдық қолжетімділік мәселесін қайта қарау қажет екенін көрсетеді.
Танымал бес бағыттың қатарына Балқаш пен Алакөл де кіреді. Жазғы маусымда аталған көлдер отбасылық демалысқа, қысқа сапарға және қолжетімді туризмге сұранысты ұстап тұр.
Ішкі туризмнің өсуі нарық үшін жақсы белгі болғанымен, жаңа мәселені де шығарып отыр. Танымал бағыттарда жүктеме артып, баға біртіндеп қымбаттап келеді. Сондықтан туристер акция, жеңілдік, қысқа мерзімді сапар және қолжетімді демалыс форматтарын көбірек іздей бастады.
Қазақстандағы курорттық туризм енді қосымша сала емес, тұтынушы мінезіне әсер ететін үлкен нарыққа айналып келеді. Сұраныс бар, табиғи ресурс бар, бірақ келесі кезеңде сапалы жол, қолжетімді баға, тұрақты сервис және инфрақұрылым шешуші рөл атқарады.
Ұлттық банк жариялаған мәліметке сүйенсек, бүгін 1 еуро 542,16 теңге, 1 ресей рублі 6,16 теңге, 1 қытай юані 67,82 теңге болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







