Алаяқтар азаматтың ақшасын иемдену үшін енді жалған қоңыраумен шектелмейді. Олар адамның қорқынышы мен асығыстығын пайдаланып, SMS-кодты айтқызады, экранды көрсетуді сұрайды немесе қашықтан басқару бағдарламасын орнатуға көндіреді. Мұндай жағдайда қарапайым қауіпсіздік ережелері жинақталған қаражатты сақтап қалуы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күмәнді қоңырау немесе хабарлама келгенде адамға күрделі техникалық білімнен бұрын нақты әрекет тәртібі қажет. Егер сізге алаяқ қоңырау шалса:
- әңгімені дереу тоқтатыңыз және қоңырау шалушының талабымен ешқайда қайта хабарласпаңыз;
- банктің нөмірін картадан немесе ресми қосымшадан тауып, өзіңіз қоңырау шалыңыз;
- SMS-кодты, PIN, CVV, пароль мен экрандағы мәліметті ешкімге айтпаңыз;
- бейтаныс сілтемеге кірмеңіз және қашықтан басқару бағдарламасын орнатпаңыз;
- телефонды бөгде адамға бермеңіз, экранды көрсету функциясын қоспаңыз;
- «қауіпсіз шот» деген желеумен ақша аудармаңыз. Банк те, полиция да қаражатты өзге есепшотқа көшіруді талап етпейді;
- ақша аударылып кетсе, бірден банктің ресми байланыс арнасына хабарласып, картаны бұғаттаңыз;
- eGov-тағы «Банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті бас тарту» қызметін қосыңыз;
- банк қосымшасындағы аударым мен онлайн сатып алу лимиттерін күнделікті қажеттілікке сай төмендетіңіз.
Ата-анаңызбен және балаларыңызбен алдын ала «отбасылық құпия сөз» келісіп қойған да артық емес. Дипфейк арқылы туыстың дауысын салып, ақша сұраған жағдайда сол сөз хабарласқан адамның кім екенін тексеруге көмектеседі.
ForteBank өкілдері алаяқтардан қорғанудың ең маңызды тетігі адамның күнделікті цифрлық дағдысынан басталатынын айтады.
«Растау кодтарын, парольді, картаның CVV-кодын және басқа да құпия мәліметтерді ешкімге беруге болмайды. Бұл кеңес қарапайым көрінгенімен, сәтті аяқталған алаяқтық әрекеттерінің едәуір бөлігі әлі де клиенттердің осындай деректерді өздері айтып қоюынан басталады. Сондықтан мұндай ақпаратты кім сұраса да, оның сөзіне күмәнмен қараған жөн», – дейді банк мамандары.
Көп адам SMS-кодты қарапайым сандар жиынтығы деп қабылдайды. Шын мәнінде ол белгілі бір әрекетті растауға арналған бір реттік кілт. Хабарламадағы кодқа қол жеткізген адам сіздің атыңыздан:
- банк қосымшасына кіруі;
- парольді ауыстыруы;
- ақша аударымын растауы;
- жаңа құрылғыны тіркеуі;
- мемлекеттік немесе коммерциялық сервистегі аккаунтты иеленуі мүмкін.
Сондықтан SMS-кодты өзін банк қызметкері, полиция өкілі немесе мобильді оператор маманы ретінде таныстырған адамға да айтуға болмайды. Код сұралған сәтте әңгімені тоқтатып, тиісті мекемеге ресми нөмір арқылы өзіңіз хабарласқан дұрыс.
ForteBank өкілдерінің айтуынша, ақшаға, кредитке немесе шот қауіпсіздігіне қатысты кез келген қоңырауда айтылған мәліметті қайта тексеру қажет.
«Әңгіме күмән туғызса, қоңырауды аяқтап, ұйыммен ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласқаныңыз жөн. Алаяқтар адамды банк қызметкеріне сенбеуге итермелеп, қате әрекет жасауға көндіруге тырысады. Ал банктің міндеті – күмәнді операцияны дер кезінде анықтап, клиент қаражатын қорғау», – дейді ForteBank өкілі.
«Стоп-кредитті» 6 миллионнан астам адам қосты
Азаматтың атына заңсыз несие рәсімдеуден қорғайтын ең қолжетімді құралдың бірі – eGov-тағы «Стоп-кредит» қызметі. 2026 жылғы 1 шілдеге дейін сервис 6,3 млн рет қосылған.
Қызмет іске қосылған кезде банк пен микроқаржы ұйымы азаматқа жаңа қарыз бермеуге тиіс. Егер қаржы ұйымы қолданыстағы тыйымға қарамастан кредит рәсімдесе, мұндай берешек есептен шығарылуы керек.
Дегенмен «Стоп-кредит» банк шотындағы ақшаны аударудан қорғамайды. Алаяқ азаматты тыйымды өз қолымен алып тастауға да көндіруі мүмкін. Сондықтан сервисті жалғыз әрі толық қорғаныс деп қабылдамаған жөн.
Ірі онлайн-қарыздарға сегіз сағаттан 24 сағатқа дейін ойлану кезеңінің енгізілуі де алаяқтың жоспарын бұзуға бағытталған. Қорқыныш пен қысымға түскен адам осы уақыт ішінде әңгімені тоқтатып, туысымен ақылдаса немесе банкке өзі хабарласа алады.
«Антифродтың тиімділігін бұғатталған қоңырау санымен ғана өлшеу жеткіліксіз. Негізгі көрсеткіш азаматтың жоғалтпаған ақшасы мен жәбірленушіге қайтарылған қаражат. Қазақстанда техникалық қорғаныс күшейіп келеді, бірақ алаяқтар адамның қорқынышы мен асығыстығын пайдаланып отыр. Сондықтан банк операцияны ғана емес, клиенттің сол сәттегі мінез-құлқын да бағалауға мәжбүр. Қаржы қауіпсіздігі киберқауіпсіздік пен халықтың күнделікті дағдысына тікелей байланысты», – дейді қаржыгер Айбар Олжай.
Сарапшының пайымынша, мықты антифрод жүйесі қылмыс болғаннан кейін есеп берумен шектелмеуі керек. Оның нәтижесі азамат ақшасының ұрланбай қалуымен өлшенуге тиіс.
«Автоматты бақылаудың теріс жағы да бар. Күмәнді операцияны тоқтатқан кезде адал клиенттің төлемі уақытша бұғатталуы мүмкін. Сондықтан банк шешімнің себебін түсіндіріп, клиентті жедел тексеріп, қате шектеуді тез алып тастайтын жүйе құруға тиіс», – дейді Айбар Олжай.
«Екінші телефон» схемасы пайда болды
Соңғы айларда елімізде «екінші телефон» тәсілі жиі айтыла бастады. Алаяқ адамға оның шотына қауіп төніп тұрғанын айтып, басқа смартфон немесе планшет алуды сұрайды. Кейін видеобайланыс қосқызып, негізгі телефонның экранын көрсетуді талап етеді.
Жәбірленуші банк қосымшасына өзі кіріп, биометриядан өзі өтіп, операцияны өзі растайды. Ал қылмыскер екінші телефонның камерасы арқылы барлық әрекетті бақылап, қай батырманы басу керегін айтып отырады.
«Екінші телефон алыңыз», «экранды көрсетіңіз» немесе «бұл әңгіме туралы ешкімге айтпаңыз» деген нұсқаудың кез келгені қоңырауды дереу тоқтатуға негіз болуы керек.
Жасанды интеллект мұндай шабуылды бұрынғыдан сенімді ете түсті. Қылмыскерлер таныс адамның дауысын салып, жалған сурет пен бейне жасап, азаматты асықтыруы мүмкін. Алаяқ хабарласқан адамның дауысы мен бейнесіне ұқсатып сөйлегенімен, әңгіменің мазмұнында әдетте қысым, құпия сақтау талабы және ақшаны шұғыл аударту әрекеті болады.
«Жасанды интеллект алаяқтық шабуылдарды нанымды ете түсті. Қазір қылмыскерлер жалған дауыстық хабарламаларды, бейнелерді және адамға қысым жасауға арналған өзге де құралдарды пайдалана алады. Сондықтан банк сессиялық деректер мен пайдаланушының цифрлық әрекетін талдауға ерекше мән береді. Бұл күмәнді белсенділікті байқап, ықтимал қауіпке дер кезінде жауап беруге көмектеседі», – дейді осы ретте ForteBank мамандары.
Демек, алаяқ дауыс пен бейнені қолдан жасағанымен, клиенттің банк қосымшасындағы қалыпты әрекетін дәл қайталай алмауы мүмкін. Құрылғының немесе әрекет тәртібінің өзгеруі, операцияның тосын сипаты және сырттан нұсқау беріліп отырғанын аңғартатын белгілер банктің қосымша бақылауына себеп болады. Қорғаныс жүйесінің нақты өлшемдері жарияланбайды, өйткені оларды ашу алаяқтарға тексеруден айналып өтудің жолын көрсетуі ықтимал.
Тамызда электронды цифрлық қолтаңба сертификатын «ұзарту» сылтауымен де қоңыраулар тараған. Алаяқ өзін Ұлттық куәландыру орталығының қызметкері ретінде таныстырып, SMS-код сұрауы немесе сілтеме жіберуі мүмкін.
Ұлттық куәландыру орталығы ЭЦҚ мерзімінің аяқталғаны туралы телефон соқпайды. Оның қызметкері сертификатты ұзарту үшін SMS-кодты, парольді немесе ЭЦҚ кілтін талап етпейді.
Ақша мен деректі қалай қорғауға болады
Қорғаныстың ең тиімді шаралары күрделі емес. Алдымен күнделікті қолданылатын картада барлық жинақты ұстамаған дұрыс. Негізгі қаражатты бөлек шотта сақтап, аударым мен интернет-төлем лимитін қажетті мөлшерге дейін төмендетуге болады.
ForteBank клиентке қолжетімді қауіпсіздік құралдарын алдын ала баптап қоюға кеңес береді. Forte мобильді қосымшасында картаны бұғаттау, төлем мен аударым лимиттерін басқару және операциялардың жекелеген түрін шектеу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай баптаулар телефон бөтен адамның қолына түскенде немесе құпия дерек жария болып кеткенде ықтимал шығынды азайтады.
«Шоттағы операцияларды үнемі бақылап, қандай да бір күмән туған жағдайда банкке дереу хабарласу қажет. Клиент күмәнді әрекет туралы неғұрлым ерте хабарласа, банктің жедел жауап беріп, ықтимал шығынды азайту мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», – дейді банк өкілі.
Банк операциялары туралы хабарлама үнемі қосулы тұруы керек. Электронды пошта мен мессенджерге бірдей пароль қоюға болмайды. Екі факторлы қорғаныс пен SIM-картаға арналған PIN-код та бөтен адамның аккаунтты иеленуін қиындатады.
Телефондағы қолданбалардың рұқсатын ара-тұра тексерген жөн. Қарапайым ойын, фонарик немесе сурет өңдейтін бағдарлама SMS, контактілер мен микрофонға кіруді сұраса, оны орнатпаған дұрыс. Қосымшаны тек ресми дүкеннен жүктеу қажет.
AnyDesk, RustDesk, TeamViewer және HopToDesk секілді бағдарламалар телефонды қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. Бейтаныс адам осындай қолданбаны орнатуды сұраса, әңгімені бірден үзу керек. Бағдарлама орнатылып қойса, интернетті ажыратып, басқа қауіпсіз құрылғыдан банкке хабарласқан дұрыс.
SMS пен push-кодты, картаның CVV-кодын, парольді және ЭЦҚ кілтін ешкімге беруге болмайды. Банк, полиция, Ұлттық банк немесе мемлекеттік орган ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейді.
Ақша аударылып кетсе не істеу керек
Алаяққа ақша аударылғанын немесе құпия деректің берілгенін түсінген адам ұялып, болған жағдайды жасырып қалмауы керек. Мұндай сәтте жоғалған уақыт қылмыскерге қаражатты бірнеше шотқа бөліп жіберуге мүмкіндік береді.
«Клиент алаяқтық әрекеттен күмәнданса, ең алдымен өз қаражатына қолжетімділікті дереу шектеуі керек. Ол үшін мобильді қосымша арқылы картаны бұғаттап немесе банкке хабарласуға болады. Одан кейін болған жағдайды банкке мүмкіндігінше тез жеткізіп, мамандардың нұсқауын орындаған жөн», – дейді осы орайда ForteBank өкілдері.
Карта бұғатталған соң банкке ресми байланыс арнасы арқылы хабарласып, күмәнді аударымды алаяқтық әрекет ретінде тіркеткен дұрыс. Мұнда әр минут маңызды. Ақша бірнеше есепшотқа тарап кеткеннен кейін оны тоқтату мен қайтару қиындай түседі.
Одан кейін полицияға арыз беріп, қылмыскердің телефон нөмірін, хат алмасуды, аударым түбіртегін, сайт сілтемесін және скриншоттарды сақтап қойған жөн. Бұл мәліметтер ақша қозғалысын анықтауға және алаяқ қолданған байланыс арналарын тексеруге қажет болуы мүмкін.
Егер телефонға қашықтан басқару бағдарламасы орнатылса, оны жай ғана өшіру жеткіліксіз. Құрылғыны маманға тексертіп, басқа қауіпсіз телефоннан банк, электронды пошта, eGov және мессенджер парольдерін ауыстырған дұрыс. Мобильді оператордан SIM-картаға қатысты күмәнді әрекет болмағанын да нақтылап алған жөн.
Бейтаныс кредит анықталса, кредиттік есепті тексеріп, банкке немесе микроқаржы ұйымына және полицияға бөлек өтініш беру қажет. Қарыздың қай уақытта, қандай құрылғыдан және қандай тәсілмен рәсімделгені жөніндегі мәліметтер сұратылуы керек.
Қазақстанда интернет алаяқтықты тежейтін қорғаныс жүйесі қалыптасып жатыр. Банктер күмәнді әрекетті технология арқылы анықтай алады. Цифрлық қауіпсіздіктің ең қысқа формуласы қарапайым: бейтаныс адаммен сөйлескенде асықпау, ешкімге код айтпау, күмәнді сілтемені ашпау, телефонды қашықтан басқаруға рұқсат бермеу және кез келген төтенше хабарды ресми арна арқылы қайта тексеру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







