Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландырудың нақты тиімділігін бағалау үшін өлшемді көрсеткіштер қажет екенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президенттің сөзінше, есептелмейтін немесе көзге көрінбейтін процесті басқару қиын. Сондықтан Үкімет ведомстволар деңгейіндегі жағдайға базалық есеп жүргізетін жүйені көп созбай қолданысқа енгізуі керек. Мемлекет басшысы цифрландыру мен мемлекеттік жобалардың нақты пайдасын жан-жақты зерделеу қажеттігін атап өтті.
Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясы аясында «ізашар жобаларды» іріктеп шығарған. Енді сол жобаларды мұқият сараптап, олардың экономикаға тікелей әсерін анықтау маңызды. Президент қай салада болсын түпкі нәтижеге жету үшін жеке жауапкершілік қажет екенін ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені елдің болашағына тікелей әсер ететін таңдау ретінде бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан не тиімді цифрлық экономика құрады, не өркениет көшінің соңында қалып қоюы мүмкін. Президент осы ойды «не боламыз, не бордай тозамыз» деген тіркеспен түйіндеді.
Мемлекет басшысы зияткерлік капиталды күшейтпей, еңбек өнімділігін арттырмай, тек демографиялық өсімге сүйену елдің бәсекеге қабілетті болуына кепілдік бермейтінін айтты. Яғни халық санының көбеюі өздігінен сапалы экономика қалыптастырмайды. Ол үшін білім, ғылым, технология және нақты өндірістік нәтиже керек.
Биыл Орталық Азиядағы алғашқы Жасанды интеллект университеті ашылады. Президенттің айтуынша, бұл шешім Кеңестің бұған дейінгі отырысында қабылданған. Шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік арқылы іргелі және қолданбалы ғылымды дамыту жұмысы басталып жатыр.
Қазір бірнеше жобаның тізімі жасалған. Тоқаев оларды барынша жедел тарату қажет екенін айтты. Үкімет қысқа мерзім ішінде «ғылымнан нарыққа дейінгі» барлық кезеңді қамтитын толық тізбек құруға тиіс.
Алдағы міндеттердің қатарында қолданбалы әзірлемелерді тез коммерцияландыру, салықтық ынталандыру және келешегі зор жобаларды бірлесе қаржыландыру құралдары бар. Президент толыққанды венчурлық экожүйе қалыптастыру қажет екенін атап өтті.
Мұндай тетік болмаса, елдің ғылыми әлеуеті тек академиялық ортада қалып қоюы мүмкін. Ал Қазақстан үшін қазір басты мәселе – ғылымды мақала мен зертхана деңгейінде қалдырмай, нақты өнімге, нарыққа және экономикаға жұмыс істейтін күшке айналдыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







