Қазақстанда 2026 жылғы сәуір айында айлық инфляция 0,8 пайыз болды. Ұлттық статистика дерегіне сәйкес, сәуірде азық-түлік тауарлары 0,7 пайызға, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер 0,9 пайызға қымбаттады. Баға өсімі бірқатар өнім мен қызмет түрінде байқалғанымен, кей тауарлар арзандаған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Азық-түлік ішінде банан мен апельсин бағасы 3 пайызға төмендеді. Көк шөп пен үрме бұршақ 0,6 пайызға, зефир 0,5 пайызға, кептірілген өрік 0,4 пайызға арзандады.
Ал жүзім 5,6 пайызға қымбаттады. Сары май мен карамель бағасы 1,2 пайызға, картоп 0,8 пайызға, сүзбе 0,6 пайызға өсті. Орама мен кекс 0,4 пайызға, лимон мен жасымық 0,3 пайызға қымбаттаған.
Азық-түлік емес тауарларда да әртүрлі динамика байқалды. Кір жуғыш машина 1,2 пайызға, парацетамол 0,8 пайызға, контактілі линзаға арналған ерітінді 0,7 пайызға, блендер 0,6 пайызға, теледидар 0,4 пайызға арзандады.
Сонымен бірге қол сағаты 4 пайызға, цемент 2,4 пайызға, жеке гигиена тауарлары 1,5 пайызға, жуғыш және тазартқыш құралдар 0,7 пайызға қымбаттады.
Ақылы қызметтер арасында туристерге арналған медициналық сақтандыру 1,9 пайызға арзандады. Ал клининг қызметі 0,8 пайызға, косметолог қызметі 0,7 пайызға, компьютер мен ноутбук жөндеу 0,3 пайызға өсті.
Жылдық есепте 2026 жылғы сәуірде инфляция 10,6 пайызды құрады. Бұл наурыз айымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа төмен. Азық-түлік емес тауарлар бір жылда 11,7 пайызға, азық-түлік 11,3 пайызға, ақылы қызметтер 8,9 пайызға қымбаттады.
Жылдық мәнде қырыққабат 24,4 пайызға, сарымсақ 7,8 пайызға, қызылша 4,7 пайызға, банан 1,7 пайызға арзандаған. Ал алмұрт 10,8 пайызға, бал 9,1 пайызға, мармелад 7,6 пайызға, ашытқы 7 пайызға, құмшекер 4,2 пайызға өсті.
Бір жыл ішінде үтік бағасы 20,7 пайызға, тіс пастасы 14,6 пайызға, зарядтау құрылғылары 6,8 пайызға, дастархан 6,4 пайызға, ас үй пышағы 2,5 пайызға қымбаттады. Заңгерлік қызмет 10 пайызға, байланыс қызметі 3,2 пайызға өсті.
Инфляция деңгейі тұтыну бағалары индексі арқылы ай сайын есептеледі. Баға мен тариф 537 тауар және қызмет түрі бойынша бақыланады. Сәуірдегі дерек баға қысымы баяулай бастағанын көрсеткенімен, азық-түлік емес тауарлар мен күнделікті қызметтердегі өсім халық шығынына әлі де әсер етіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







