«Астана-РЭК» компаниясы электр энергиясымен жабдықтау қызметіне тарифті көтеру жөнінде өтінім әзірлеп жатқанын хабарлады. Әзірге барлық санаттағы тұтынушылар үшін қазіргі тариф 2025 жылғы деңгейде сақталып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Компания мәліметінше, 2026-2030 жылдарға арналған электр энергиясын беру тарифтері мемлекеттік орган тарапынан бекітілген. Әңгіме Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің бұйрығы туралы болып отыр. Ал тұтынушылар төлейтін энергожабдықтау тарифіне қатысты өзгеріс бөлек қаралады.
«Астана-РЭК» қазір тарифті көтеру жөніндегі өтінімді қалыптастырып жатыр. Оны маусым айында қарау жоспарланған. Компания тариф деңгейі туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланатынын, сондай-ақ қоғамдық тыңдау ұйымдастырылатынын мәлімдеді.
Тарифті көтеру қажеттілігі шығындардың өсуімен және электр жүйесіне түсетін жүктеменің артуымен түсіндіріліп отыр. Компания тұтыну көлемінің көбеюін, KEGOC-тың электр энергиясын беру және жүйелік қызметтерінің қымбаттауын, қызметкерлердің жалақысын индекстеу қажеттігін негізгі себеп ретінде атады. Бұған қоса, жаңа энергия нысандары балансқа қабылданып жатыр, бұл да шығын көлеміне әсер етеді.
Қосымша қаражат инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталмақ. Атап айтқанда, тозған жабдықты ауыстыру, қосалқы станцияларды реконструкциялау және кабель желілерін жаңарту жоспарланған. Ірі жобалар қатарында «Самал», «Восточная», «Кирова» қосалқы станцияларын және басқа нысандарды жаңарту бар.
Тариф бойынша түпкілікті шешім өтінім қаралғаннан және қоғамдық тыңдау өткеннен кейін қабылданады. Әзірге елорда тұрғындары мен кәсіпорындары үшін электр энергиясы бағасы өзгерген жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







