Астанада өтіп жатқан «Әділет» партиясының құрылтай съезінде ұйымның ресми бағдарламасы бекітілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжатта адами капиталды дамыту, заң үстемдігін күшейту, өңірлердің теңгерімді дамуы және әділетті қоғам құру негізгі басымдық ретінде көрсетілген. Партия денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселесін алдыңғы қатарға шығарып отыр.
Құрылтайда саясаттанушы Марат Шибұтов партияның бағдарламалық ұстанымдарын түсіндірді. Оның айтуынша, «Әділет» өз жұмысын әділдік, жауапкершілік, нақты әрекет және институционалдық қағидаттарға негіздейді.
Саясаттанушы партия бағдарламасы жаңа Конституция құндылықтарына және әділдік идеологиясына сүйенетінін айтты. Оның сөзінше, мұнда әділдік бәріне тең мүмкіндік беру, мемлекеттің қоғамға адал қарауы және әр адамның құқығын қорғау деген мағынада қарастырылған.
Партияның негізгі тірегі ретінде әділдік, отаншылдық, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс белгіленген. Шибұтовтың пікірінше, отаншылдық тек елді сүюмен шектелмейді. Ол мемлекеттің дамуы үшін еңбек етуге дайын болу дегенді білдіреді.
Еңбекқорлық адал еңбекке құрметпен қарауды және қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтарды қолдауды көздейді. Жауапкершілік билікке де, азаматқа да ортақ талап ретінде қойылады. Ал прогресс ескірген тәсілдерден бас тартып, жаңғыруға ұмтылуды білдіреді.
Бағдарламада партия қандай құбылыстарға қарсы тұратыны да нақты жазылған.
Мемлекеттік басқару саласында «Әділет» жалған белсенділікке, жауапсыздыққа және популизмге қарсы екенін мәлімдеді. Яғни қоғам әдемі сөзден бұрын нақты нәтижені көруі керек деген ұстаным алға шыққан.
Экономика саласында партия жүйе тұтас қоғам мүддесіне қызмет етуі тиіс деп есептейді. Әлеуметтік саясатта мемлекет шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауға міндетті. Сонымен бірге еңбек, жауапкершілік және өз күшіне сүйену мәдениетін қалыптастыру маңызды екені айтылды.
Партия кез келген кемсітушілікке қарсы екенін де мәлімдеді. Адамдарға әлеуметтік жағдайына, шыққан тегіне, тіліне, жынысына немесе өзге де белгісіне қарай әртүрлі қарауға жол берілмеуі керек.
Қоғамдық салада «Әділет» архаизацияға, құқықтық нигилизмге және алауыздықты қоздыруға қарсы күресетінін жеткізді. Бұл қоғам заң мен тәртіпке, өзара құрметке және азаматтық келісімге сүйеніп дамуы қажет деген ұстанымды көрсетеді.
Жаңа партия бағдарламасында адами капиталға басымдық берілуі кездейсоқ емес. Қазіргі кезеңде елдің дамуы тек инфрақұрылыммен немесе экономикалық көрсеткішпен өлшенбейді. Білімді, дені сау, бәсекеге қабілетті және жауапты азамат қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басты өлшеміне айналып келеді. «Әділет» осы бағытты өзінің саяси платформасының өзегіне айналдырмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







