Астанадағы «Barys Arena» спорт кешенінде Counter-Strike 2 бойынша PGL Astana 2026 халықаралық турнирі басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жүлде қоры 1,6 млн АҚШ долларын құрайтын жарысты PGL Esports SRL ұйымдастырып отыр. Турнирге әлемдік деңгейдегі 16 команда қатысуда. Олардың қатарында Team Spirit, G2 Esports, FURIA Esports және Heroic секілді киберспорттағы танымал ұжымдар бар.
Ірі додаға арнайы шақырылған қонақтар да аз емес. Олардың арасында Counter-Strike бойынша әлем чемпионы Дәурен Қыстаубаев, FURIA Esports ойыншысы Даниил Голубенко, стример Слава Бустер, PGL турнирлерінің жүргізушісі James Banks, сондай-ақ әлем чемпионы Габриель Толедо бар.
PGL Astana 2026 турнирі Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Сарапшылардың айтуынша, әлемде киберспорт аудиториясы жыл сайын ұлғайып келеді. Осындай жағдайда Астанада халықаралық деңгейдегі жарыс өткізу елорданың шетелдік туристер үшін тартымдылығын арттыра алады.
Әлемдік деңгейге ұмтылған ойыншылар
Турнирді көру үшін Астанаға Мәскеуден арнайы келген Александр Белобух ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, елордаға алғаш рет келсе де, қаладағы атмосфера мен жастардың киберспортқа қызығушылығы ерекше әсер қалдырған.
«Мен Астанаға алғаш рет келіп тұрмын. Қазір аң-таң күйде отырмын. Әсіресе жастардың киберспортқа деген зор қызығушылығы қуантады. Қазақстанда қазір бразилиялық FURIA Esports клубында ойнайтын Даниил Голубенко сияқты мықты ойыншының болуы да соған әсер еткен шығар. Ол жастардың нағыз кумирі және оған лайықты. Голубенко сапалы ойын көрсетіп, Қазақстанның намысын әлемдік аренада лайықты қорғап жүр. Туризмді дамыту тұрғысынан елдің өз брендін қалай дамытып, уақытпен бірге келе жатқанын көрсететін тамаша үлгі», деді Александр Белобух.
Спорт шолушысы әрі сарапшы Нұрболат Жомарт Қазақстанда мұндай турнир өткізу заңды құбылысқа айналып келе жатқанын айтады. Оның пікірінше, ТМД кеңістігінде Counter-Strike 2 өте танымал, ал Қазақстанда әлемдік деңгейге ұмтылған мықты ойыншылар бар.
Сарапшы mo0N лақап атымен танымал Абдурахим Исаны ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Абдурахим Иса әлеуеті жоғары киберспортшы, ал оның командасы финалға дейін жетуі мүмкін. Сонымен бірге Даниил Голубенконың тәжірибесі мен өз еліндегі жанкүйерлер қолдауы да маңызды рөл атқарады. Дегенмен турнирдегі бәсеке өте жоғары, әсіресе Team Spirit секілді мықты командалар негізгі фавориттердің бірі саналады.
Турнирге қатысушылар PGL Astana 2026 жарысының оқиғалық туризмді дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Мұндай дода Астананың ірі халықаралық киберспорттық іс-шараларды өткізе алатын қала ретіндегі позициясын күшейтеді.
Киберспорт бүгінде тек ойын индустриясы ғана емес, жастар мәдениеті, цифрлық экономика және халықаралық туризмнің жаңа бағытына айналып келеді. Астанада әлемдік командалардың бас қосуы Қазақстанның осы нарыққа белсенді араласа бастағанын көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







