Алматыдағы Ғылым ордасында Халықаралық музейлер күні мен Халықаралық музейлер кеңесінің 80 жылдығына арналған «Музейлер кеңістігі: тарих пен болашақ үндестігі» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мерекелік жиынға ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, Медеу ауданы әкімдігі өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, музей саласының мамандары, жоғары оқу орындарының студенттері және қала тұрғындары қатысты.
Шараның ашылуында «Ғылым ордасы» бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Д. Баринов музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, музей ісінің мемлекеттік және қоғамдық маңызына тоқталды.
Ол ұлттық мұраны сақтау, тарихи жәдігерлерді жүйелі зерттеу және оларды жас ұрпаққа таныстыру бағытында музейлердің рөлі айрықша екенін атап өтті.
Салтанатты жиын барысында музей ісін дамытуға үлес қосқан бірқатар маман Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл сала қызметкерлерінің күнделікті еңбегіне көрсетілген құрмет ретінде қабылданды.
Мерекелік бағдарлама Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі ансамблінің ән шашуымен басталды. Келушілер Ғылым ордасы құрамындағы Археология музейі, Қазақстан ғылымының тарихы музейі және Орталық ғылыми кітапхана ұйымдастырған көрмелермен танысты.

Шара аясында О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжінің студенттері мен оқытушылары әзірлеген зергерлік бұйымдар ұсынылды. Сонымен қатар суретші-реставратор Ә. Н. Рахметовтың «Көнеден қалған асыл мұра» атты авторлық экспозициясы және көне түркі жазуының каллиграф шебері К. А. Тархановтың бірегей туындылары көпшілік назарына қойылды.
Қонақтар үшін табаққа сурет салу және көне түркі жазуы каллиграфиясы бойынша шеберлік сағаттары өткізілді. Мұндай тәжірибелік сабақтар қатысушыларға ұлттық өнердің ішкі мәнін, қолөнердің нәзік техникасын және рухани мұраның терең қабатын жақынырақ тануға мүмкіндік берді.
Айтулы күннің маңызды жаңалығының бірі – Табиғат музейіндегі жаңартылған «Зоология» залының ресми ашылуы болды. Жаңартылған зал келушілерге табиғат әлемінің алуан түрлілігін, отандық зоология ғылымының құнды жәдігерлерін және ғылыми танымның көрнекі үлгілерін таныстыруға бағытталған.
Ғылым ордасында өткен мерекелік шара музей кеңістігінің тек жәдігер сақтайтын орын емес, ғылым, мәдениет, білім және ұлттық жады тоғысатын маңызды алаң екенін көрсетті. Мұндай іс-шаралар тарихи мұраны дәріптеп қана қоймай, жас буынның өткенге құрметпен, болашаққа жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







