Threads желісінде қазақстандық әйел қарт әкесінің зейнетақысы түскен бойда жеке сот орындаушысы арқылы толық ұсталып қалғанын жазды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Автордың айтуынша, әкесіне алғаш рет 289 мың теңгеден астам зейнетақы түскен. Алайда ақша картаға түскеннен кейін бірден есептен шығарылған. Жарияланған банк үзіндісінде 218 100 және 71 191 теңге көлеміндегі екі төлем түскені, кейін сол сомалардың толық ұсталғаны көрсетілген.
«Заң бойынша зейнетақының 50 пайызынан артық ұстамауы керек деп естіген едім», деп жазды Threads қолданушысы.
Заңға сәйкес, атқарушылық іс жүргізу кезінде азаматтың зейнетақысы мен өзге табысынан ұсталатын сома әдетте 50 пайыздан аспауы тиіс. Бірақ алимент немесе кейбір берешек түрлері бойынша ерекше тәртіп болуы мүмкін.
Мұндай жағдай көбіне зейнетақы бұрын бұғатталған қарапайым банк картасына түскен кезде туындайды. Банк жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде ақшаны автоматты түрде ұстап қалуы ықтимал.
Мамандар мұндай жағдайда алдымен банктен ақшаның қандай негізде ұсталғанын және атқарушылық іс нөмірін сұратуға кеңес береді. Кейін ЧСИ-ге жазбаша өтініш беріп, түскен қаражаттың зейнетақы екенін растайтын құжат ұсыну қажет.
Егер азамат жеке сот орындаушысының әрекетімен келіспесе, сотқа шағымдануға құқылы. Бұл оқиға зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге қатысты қорғалған шот ашу қажеттігін тағы көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







