Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ана тілінің мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызына тоқталып, қазақ тілінің қоғамдық қолданыс аясын кеңейту, ғылыми және цифрлық әлеуетін арттыру, халықаралық деңгейдегі беделін нығайту жөнінде бірқатар нақты міндет қойды. Сонымен қатар Президент 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялап, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру, «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыру мәселелеріне назар аударды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құрылтайда көтерілген бастамалар қазақ тілін заманауи талаптарға сай дамытудың, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің және елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды бағыттарын айқындайды. Әсіресе ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыру, орфографиялық нормаларды жүйелеу, ғылыми терминологияны біріздендіру, қазақ тіліндегі сапалы контент пен балаларға арналған өнімдерді көбейту мәселелері ерекше маңызға ие.
Осы орайда Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ Мемлекет басшысының бастамаларына қатысты пікір білдіріп, қазақ тілінің мемлекеттілікті нығайтудағы рөлі, оның ғылым мен технология саласындағы мүмкіндіктері, өңірлерді дамытуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бағдарламасының маңызы және қоғамда заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мәселелері жөнінде ой бөлісті.
Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздіктің мызғымас символы
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында қазақ тілінің конституциялық мәртебесіне, ұлттық құндылық ретіндегі орнына және халықаралық деңгейдегі беделіне ерекше тоқталды. Президенттің ана тілін мемлекеттіліктің маңызды тірегі ретінде қарастыруын және оны дамытуға қатысты ұстанымын қалай бағалайсыз?
— Мемлекет басшысының қазақ тіліне қатысты ұстанымын елдің тәуелсіздігін нығайтуға, ұлттық бірегейлікті сақтауға және мемлекеттіліктің рухани негізін бекітуге бағытталған стратегиялық маңызды саясат деп ойлаймын. Себебі тіл — жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол халықтың тарихи жады, мәдениеті, дүниетанымы, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысының тұтас көрінісі. Тіл арқылы ұлттың өткен тарихы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, рухани сабақтастық сақталады.
Президент өз сөзінде ана тілі мәселесінің мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар екенін ерекше атап өтті. Өйткені мемлекеттік тілдің мәртебесі елдің егемендігімен, ұлттық мүддесімен және қоғамдық тұтастығымен тікелей байланысты. Конституцияда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесінің айқындалуы оның мемлекеттіліктің негізгі тіректерінің бірі екенін көрсетеді.
Мемлекет басшысының қазақ тілін Тәуелсіздіктің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдау қажеттігі туралы пікірі ерекше мәнге ие. Бұл жерде тілдің тек құқықтық мәртебесі ғана емес, оның қоғамдағы нақты орны мен беделі туралы сөз болып отыр. Мемлекеттік тіл азаматтардың күнделікті өмірінде, мемлекеттік басқару жүйесінде, сот және құқық саласында, білім мен ғылымда, экономикада, мәдениет пен ақпарат кеңістігінде кеңінен қолданылуы керек.
Президенттің тағы бір маңызды ұстанымы — қазақ тілінің дамуын елдің жалпы даму деңгейімен байланыстыруы. Мемлекет экономикасы қуатты, ғылымы мен технологиясы дамыған, халықаралық беделі жоғары болған сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы арта түседі. Демек, қазақ тілін дамыту тек тіл мамандарының немесе білім беру саласының міндеті емес. Бұл — мемлекеттің барлық саласына ортақ стратегиялық міндет.
«Президент келтірген мәліметтерге сүйенсек, биыл мектепке қабылданған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына барған. Былтыр жарық көрген алты мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылған. Ал Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарық көрген. Бұл көрсеткіштер қазақ тіліне деген қоғамдық сұраныстың артып келе жатқанын және оның мәдени-рухани кеңістіктегі ықпалының күшейгенін аңғартады», – деді Үнзила Шапақ.
Сонымен бірге мемлекеттік тілді дамытуда қоғамдағы тілдік келісім мен өзара құрметті сақтау аса маңызды. Президент қазақ тілін дамыту өзге тілдердің дамуына кедергі келтірмеуі керектігін нақты айтты. Мен бұл ұстанымды ел бірлігін сақтаудың маңызды шарты деп есептеймін. Қазақ тілі барлық азаматты ортақ мақсатқа біріктіретін, Қазақстанның қоғамдық және мәдени кеңістігін қалыптастыратын тіл болуы тиіс. Өзге тілдерге құрмет көрсету мемлекеттік тілдің мәртебесін төмендетпейді, керісінше, қоғамдағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтады.
Бұл бағытта отбасының, мектептің, жоғары оқу орындарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының жауапкершілігі жоғары. Әсіресе жас ұрпақтың қазақ тілін еркін меңгеріп қана қоймай, оны сауатты жазып, кәсіби деңгейде қолдануына жағдай жасау қажет.
Меніңше, қазақ тілінің болашағы туралы тек алаңдаушылық білдіріп қана қоймай, оны дамытуға нақты үлес қосуымыз керек. Әрбір азамат мемлекеттік тілді құрметтеп, күнделікті өмірде қолданса, әрбір мекеме өз қызметінде оның сапалы қолданылуын қамтамасыз етсе, қазақ тілінің қоғамдық беделі одан әрі арта түседі.
Ғылым, цифрландыру және жасанды интеллект
— Президент қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыру, орфографиясын жүйелеу, ғылыми терминологияны біріздендіру және шет тілдермен байланыстыратын сөздіктер әзірлеу жөнінде нақты міндеттер қойды. Бұл бастамалар қазақ тілінің ғылым, білім және технология тілі ретінде дамуына қандай серпін береді?
— Мемлекет басшысы көтерген бұл бастамаларды қазақ тілінің жаңа технологиялық дәуірге бейімделуі мен оның ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған аса маңызды қадамдар деп санаймын. Қазіргі уақытта әлемде цифрландыру, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар мен ғылыми зерттеулер қарқынды дамып келеді. Осындай жағдайда кез келген тілдің болашағы оның заманауи білім мен технология салаларында қолданылу мүмкіндігіне тікелей байланысты.
Президенттің бірінші кезекте қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыру міндетін қоюы өте маңызды. Өйткені халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған рухани және мәдени мұрасының едәуір бөлігі кітапханаларда, мұрағаттарда, мұражайларда және түрлі басылымдарда сақталған. Олардың барлығын сапалы цифрлық форматқа көшіру — ұлттық мұраны сақтаудың және оны келешек ұрпаққа жеткізудің тиімді жолы.
Мұндай деректер қорына қазақ тіліндегі көркем шығармалар, ғылыми еңбектер, тарихи құжаттар, мерзімді басылымдар, ауыз әдебиеті үлгілері, аудио және бейнематериалдар енгізілуі қажет. Бұл материалдар зерттеушілерге, студенттерге, оқушыларға және жалпы қоғамға қолжетімді болуы тиіс. Сонымен қатар цифрлық қор қазақ тіліндегі ақпаратты іздеу, өңдеу, аудару және талдау жұмыстарын жеңілдетеді.
Әсіресе жасанды интеллектіні қазақ тілінде дамыту үшін мұндай қордың маңызы зор. Жасанды интеллект жүйелері сапалы әрі көлемді тілдік деректерге сүйенеді. Егер қазақ тіліндегі мәтіндер мен дыбыстық материалдар жүйеленіп, цифрлық кеңістікке енгізілсе, қазақ тілін түсінетін, сөйлейтін, аударатын және мәтін құрастыратын технологиялардың сапасы артады. Бұл қазақ тілінің цифрлық ортадағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Екінші маңызды мәселе — қазақ тілінің орфографиясы мен ережелерін жүйелеу. Қазіргі уақытта кейбір сөздердің жазылуы мен қолданылуында бірізділіктің болмауы кездеседі. Бір ұғымның әртүрлі нұсқада берілуі оқушыларды, студенттерді, журналистерді, мемлекеттік қызметшілерді және жалпы тіл тұтынушыларын шатастырады. Сондықтан орфографиялық нормаларды ғылыми тұрғыдан қайта қарастырып, ортақ талаптарды бекіту қажет.
Президент атап өткендей, қолданыстағы ресми орфографиялық сөздік 1983 жылы жарық көрген. Содан бері тілдің сөздік қоры, қоғамдық қолданысы және ғылыми-технологиялық мүмкіндіктері айтарлықтай өзгерді. Осыған байланысты қазіргі тілдік үдерістерді ескеретін, жаңа сөздер мен терминдерді қамтитын жаңартылған орфографиялық сөздік әзірлеу маңызды. Бұл жұмысты кәсіби тіл мамандары мен ғалымдардың қатысуымен жүргізіп, нәтижесін мемлекеттік деңгейде бекіту қажет.
Үшінші мәселе — ғылыми терминологияны біріздендіру. Қазіргі кезде медицина, инженерия, құқық, экономика, ақпараттық технологиялар және басқа да ғылым салаларында қолданылатын терминдердің қазақша баламаларын жүйелеу қажеттілігі бар. Бір ғылыми ұғымның бірнеше нұсқада қолданылуы ғылыми еңбектердің мазмұнын түсінуді қиындатады. Сондықтан әр сала бойынша ортақ терминологиялық база қалыптастыру керек.
Мұның білім беру жүйесі үшін де маңызы зор. Қазақ тілінде сапалы оқулықтар мен оқу құралдары жеткілікті болса, жастар күрделі ғылыми пәндерді ана тілінде терең меңгере алады. Әсіресе жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі ғылыми зерттеулердің санын көбейту, ғылыми мақалалар мен оқу материалдарының сапасын арттыру қажет. Президенттің университеттерге қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу еңбектеріне ерекше назар аудару жөніндегі тапсырмасы осы тұрғыдан өте өзекті.
Төртінші бағыт — қазақ тілінің халықаралық тілдермен байланысын нығайту. Президент қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен және басқа да әлем тілдерімен байланыстыратын екітілді, көптілді сөздіктер әзірлеу қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей және қазақ-парсы сөздіктерін әзірлеу, қазақ-орыс сөздігін жаңарту міндеті қойылды.
Бұл бастаманың бірнеше маңызды нәтижесі болады. Біріншіден, шетелдік ғылыми әдебиеттер мен ақпараттарды қазақ тіліне аудару жеңілдейді. Екіншіден, қазақ тіліндегі ғылыми және мәдени еңбектерді шет тілдеріне аударып, халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік туады. Үшіншіден, студенттер мен зерттеушілердің халықаралық білім кеңістігіне шығуына жағдай жасалады. Төртіншіден, қазақ тілінің халықаралық мәдени және ғылыми байланыстардағы орны нығаяды.
Осы орайда Президент қолдаған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастырудың да маңызы ерекше. Мұндай сөздіктер тек қағаз түрінде емес, электрондық форматта әзірленіп, үнемі толықтырылып отыруы керек.
Менің ойымша, аталған бастамалардың барлығы өзара тығыз байланысты. Ұлттық цифрлық қор — тілдік деректердің негізі, орфографиялық жүйе — сауатты жазудың кепілі, терминологиялық бірізділік — ғылым тілінің сапасы, ал көптілді сөздіктер — халықаралық ғылыми және мәдени байланыстардың құралы.
Өңірлерді дамыту және «Халықтық құрылыс» бағдарламасы
— Мемлекет басшысы 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялап, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында елімізде мыңдаған әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан салынатынын айтты. Сіздің ойыңызша, бұл бастама өңірлердің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың өмір сапасын жақсартуға қандай мүмкіндіктер береді?
— 2026 жылғы 28 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын арттырудың маңызды шарты ретінде азаматтарды толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету міндеті қойылған. Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуы кезінде де Қазақстанның бірте-бірте алып құрылыс алаңына айналып келе жатқанын айтқан болатын. Осы мақсатта Қазақстанның барлық өңірін қамтитын ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу және әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды салу мен жаңғырту көзделеді.
Жолдауда өңірлердің денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін жан-жақты зерттеп, нақтылау қажеттігі айтылған. Үкіметке барлық аймақты қамтитын әлеуметтік инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеу міндеті жүктелген. Президент қалалардың дамуына ерекше назар аударып, әрбір ірі қалада Үкімет бекіткен орта және ұзақ мерзімді даму жоспары болуы керектігін атап көрсеткен. Сонымен бірге қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайтынын айтты. Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңірлерде шамамен 70 денсаулық сақтау нысанын салу міндетін қойды. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдары бар. Бұдан бөлек, шамамен 50 білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысын бастау жоспарланған. Барлық өңірде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салуға да басымдық беріледі. Тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, елді мекендерге газ және таза ауыз су жеткізу де бастаманың маңызды бөліктеріне жататынын баса айтты.
Әрине, Жолдаудағы аталған мәселелердің әлеуметтік маңызы зор. Біріншіден, медициналық мекемелердің көбеюі халықтың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін жақсартады. Екіншіден, білім беру және мәдениет нысандарының салынуы балалар мен жастардың білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды. Үшіншіден, газ бен таза ауыз судың жеткізілуі ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, өмір сүру сапасын арттырады.
Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасын ел тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі ретінде сипаттап, оның жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өткен. Құрылыс саласының дамуы жұмысшыларға ғана емес, құрылыс материалдарын өндірушілерге, тасымалдаушыларға, жобалау және инженерлік қызмет көрсететін кәсіпорындарға да сұраныс қалыптастырады. Осылайша, құрылыс жұмыстарының айналасында жаңа экономикалық байланыстар мен өндірістік тізбектер пайда болады.
Қазақтілді сапалы контент және балалар аудиториясы
— Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуге, балаларға арналған фильмдер мен ойындарды дамытуға, қазақ тілін үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдерді қолдауға басымдық берді. Бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың маңызын қалай бағалайсыз? Қазақ тілінің жаңа технологиялар дәуіріндегі мүмкіндіктері қандай?
— Мен Президенттің қазақ тіліндегі сапалы контентті дамытуға, балаларға арналған фильмдер мен ойындарды көбейтуге, қазақ тілін үйренуге мүмкіндік беретін ақпараттық технологиялық өнімдерді қолдауға қатысты ұстанымын қазіргі заманның талабына толық жауап беретін маңызды мемлекеттік саясат деп ойлаймын.
Бүгінгі қоғамда ақпарат тарату мен білім алу тәсілдері түбегейлі өзгерді. Бұрын адам қажетті ақпаратты негізінен кітаптан, газет-журналдан немесе теледидардан алса, қазір оның басым бөлігі интернет, әлеуметтік желілер, бейнеплатформалар мен мобильді қосымшалар арқылы таралады. Сондықтан тілдің қоғамдық қолданысын кеңейту үшін оны тек дәстүрлі білім беру және мәдениет салаларында дамыту жеткіліксіз. Қазақ тілі заманауи ақпараттық кеңістіктің де толыққанды тіліне айналуы қажет.
Бірінші кезекте, қазақ тіліндегі сапалы контенттің маңызына тоқталғым келеді. Егер қазақ тілінде ғылым, тарих, мәдениет, экономика, кәсіпкерлік, спорт, денсаулық, технология және басқа да өзекті тақырыптарды қамтитын сапалы материалдар көп болса, азаматтардың ана тілінде ақпарат алу мүмкіндігі артады.
Мұндай контенттің мазмұны да, тілі де сапалы болуы керек. Өйткені интернеттегі ақпараттың көптігі ғана емес, оның сауаттылығы, шынайылығы және танымдық құндылығы маңызды. Әсіресе жастарға арналған қызықты әрі мазмұнды жобалар қазақ тілінің беделін арттырып, оның заманауи қоғамдағы қолданысын кеңейтеді.
Екінші маңызды бағыт — балаларға арналған қазақтілді фильмдер, мультфильмдер мен компьютерлік ойындарды дамыту. Баланың тілдік ортасы оның сөйлеу дағдысы мен дүниетанымының қалыптасуына тікелей әсер етеді. Егер балалар бос уақытында қазақ тіліндегі сапалы мультфильмдерді көріп, ұлттық мазмұндағы ойындарды ойнап, танымдық бағдарламаларды пайдаланса, олардың сөздік қоры молайып, ана тілінде еркін сөйлеу қабілеті қалыптасады.
Сонымен бірге балаларға арналған өнімдерде ұлттық тарих, әдебиет, салт-дәстүр, тарихи тұлғалар мен адамгершілік құндылықтар кеңінен насихатталуы қажет. Бұл жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, тарихи санасының қалыптасуына ықпал етеді. Мәселен, қазақтың батырлары, билері, ғалымдары, ақын-жазушылары туралы анимациялық фильмдер мен интерактивті ойындар әзірлеу арқылы балаларға ұлттық мұраны заманауи форматта танытуға болады.
Үшіншіден, қазақ тілін үйренуге арналған ІТ-өнімдерді дамыту қажет. Қазіргі уақытта тіл үйренушілер үшін мобильді қосымшалар, онлайн курстар, электрондық сөздіктер, интерактивті жаттығулар мен жасанды интеллект негізіндегі тілдік көмекшілердің маңызы артып келеді.
Мұндай құралдар қазақ тілін үйренуді жеңілдетіп, әр адамның өзіне ыңғайлы уақытта білім алуына мүмкіндік береді. Әсіресе мемлекеттік тілді меңгергісі келетін өзге этнос өкілдері мен шетел азаматтары үшін бұл өте тиімді. Қазақ тілін үйренушілердің деңгейіне қарай тапсырмалар ұсынатын, сөйлеу кезіндегі қателерді анықтайтын, сөздердің мағынасын түсіндіретін және сөйлеу дағдысын қалыптастыратын цифрлық жүйелерді дамыту қажет.
Төртіншіден, қазақ тілінің жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерін кеңейту маңызды. Қазіргі таңда жасанды интеллект мәтінді өңдеу, аудару, ақпаратты талдау, дыбысты тану және сөйлеу қабілеттерін дамыту бағытында үлкен өзгерістерге жол ашып отыр. Қазақ тілінің осы технологияларда кеңінен қолданылуы үшін сапалы цифрлық деректер, тілдік модельдер және арнайы бағдарламалық өнімдер қажет.
Мәселен, қазақ тілінде еркін сөйлейтін виртуалды көмекшілерді, мәтінді автоматты түрде аударатын жүйелерді, дауысты мәтінге айналдыратын бағдарламаларды және электрондық білім беру платформаларын дамытуға болады. Бұл мемлекеттік мекемелердің, білім беру ұйымдарының, ғылыми орталықтардың және кәсіпорындардың жұмысын жеңілдетеді.
Бесіншіден, отандық ІТ-мамандар мен шығармашылық индустрия өкілдеріне қолдау көрсету қажет. Қазақ тіліндегі сапалы цифрлық өнімдерді жасау үшін бағдарламашылар, дизайнерлер, сценаристер, режиссерлер, аудармашылар, журналистер және тіл мамандары бірлесіп жұмыс істеуі керек. Мемлекет мұндай жобаларға қаржылай, ұйымдастырушылық және әдістемелік қолдау көрсеткені жөн.
Президенттің бұл бағыттағы тапсырмалары қазақ тілінің тек тұрмыстық қарым-қатынас тілі болып қалмай, заманауи білімнің, ақпараттың, ғылымның және технологияның тілі ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді.
Заң мен Тәртіп – өркениетті қоғам негізі
— Мемлекет басшысы «Заң мен Тәртіп» қағидатын ел өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру қажеттігін атап өтті. Заң үстемдігі, қоғамдық жауапкершілік, табиғатқа жанашырлық және азаматтардың өзара құрметі өркениетті қоғамның негізі екені анық. Осы құндылықтарды қоғамдық санаға орнықтыруда Президент бастамаларының рөлі қандай?
— Мемлекет басшысының бұл пікірінің маңызы ерекше. Себебі заңға құрмет жоқ жерде қоғамдық тұрақтылық та, азаматтардың бір-біріне деген сенімі де әлсірейді. Ал заң талаптарын сақтау қалыпты қоғамдық нормаға айналған жағдайда ғана мемлекет пен қоғам арасында өзара жауапкершілік қалыптасады.
Бірінші кезекте, заң үстемдігі қағидатына тоқталу қажет. Құқықтық мемлекетте заң барлық азамат үшін ортақ болуы тиіс. Әрбір адам өзінің әлеуметтік жағдайына, қызметіне немесе қоғамдағы орнына қарамастан заң талаптарын орындауға міндетті. Сонымен қатар әр азаматтың құқықтары мен бостандықтары қорғалуы керек.
Заң үстемдігі дегеніміз — тек құқық бұзушылық жасаған адамды жазалау емес, сонымен бірге азаматтардың заңды құқықтарын қорғау, әділдікті қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру. Сондықтан құқық қорғау органдары заңдылық пен әділеттілік қағидаттарын басшылыққа алып, азаматтардың сенімін нығайтуы қажет.
Екінші маңызды мәселе — қоғамдық жауапкершілік пен азаматтық мәдениет. Өркениетті қоғамның деңгейі адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасынан, қоғамдық орындардағы мінез-құлқынан және ортақ мүлікке деген көзқарасынан байқалады.
Президент өз сөзінде дөрекі сөйлеуге, басқа адамның ар-намысына нұқсан келтіруге, өзгелерді кемсітуге, қоғамдық орындарға қоқыс тастауға, кез келген жерге түкіруге және қоғамдық мүлікті бүлдіруге жол берілмеуі керектігін ерекше атап өтті.
«Заң үстемдігі дегеніміз — тек құқық бұзушылық жасаған адамды жазалау емес, сонымен бірге азаматтардың заңды құқықтарын қорғау, әділдікті қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру», – деп атап өтті Үнзила Шапақ.
Бұл талаптар күнделікті өмірдегі мәдениеттіліктің негізгі өлшемдері. Мысалы, көшеде тазалық сақтау, қоғамдық көлікте тәртіп бұзбау, үлкендерге құрмет көрсету, балаларға қамқор болу, өзгенің пікіріне түсіністікпен қарау — азаматтық жауапкершіліктің нақты көріністері. Мұндай әрекеттер қарапайым болып көрінгенімен, қоғамның жалпы мәдениетін қалыптастырады.
Үшінші бағыт — табиғатқа жанашырлықпен қарау. Президент көтерген «Таза Қазақстан» бастамасы осы құндылықты қоғамдық санаға орнықтыруға бағытталған. Табиғатты қорғау тек сенбіліктер өткізу немесе көшелерді тазалаумен шектелмеуі керек. Ол әрбір адамның күнделікті өмір салтына айналуы қажет.
Осы орайда Президент Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Дала орманы» жобасына да ерекше тоқталды. Жоба аясында бір жылдың ішінде серіктестермен бірге 400 гектар жерге 5 миллион тал егілгені айтылды. Алдағы уақытта ауылдар мен аудан орталықтарының, ірі қалалардың маңынан көшет өсіретін саябақтар ашу жоспарланып отыр.
Бұл бастаманың экологиялық маңызы зор. Ағаш отырғызу арқылы жасыл желекті көбейту, табиғи ортаны сақтау, ауаның сапасын жақсарту және болашақ ұрпаққа қолайлы экологиялық жағдай қалдыру көзделеді. Мұндай жобалар халықты ортақ іске жұмылдырып, табиғатқа деген жауапкершілікті арттырады.
Төртінші маңызды мәселе — азаматтардың өзара құрметі мен қоғамдық келісім. Қазақстан — көпэтносты мемлекет. Сондықтан қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін әр азаматтың тіліне, мәдениетіне, дәстүріне және дүниетанымына құрметпен қарау қажет. Президент қазақ тілін ұлт бірлігінің мызғымас тұғыры ретінде атап көрсете отырып, оны өзге тілдерге қарсы қоюға болмайтынын ерекше ескертті.
Бұл ұстаным қоғамдағы татулық пен ынтымақты сақтауға бағытталған. Мемлекеттік тіл барлық азаматты ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, ел бірлігін нығайтуы керек. Өзара құрмет пен түсіністік бар жерде ғана тұрақты әрі үйлесімді қоғам қалыптасады.
Бесінші бағыт — осы құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Бұл міндетті жүзеге асыруда отбасы мен білім беру ұйымдарының рөлі ерекше. Бала заңға құрмет көрсетуді, қоғамдық тәртіпті сақтауды, үлкенді сыйлауды, өзгенің еңбегін бағалауды және табиғатты қорғауды ең алдымен отбасынан үйренеді. Ал мектепте бұл тәрбие жүйелі түрде жалғасуы тиіс.
Білім беру ұйымдарында құқықтық сауаттылықты арттыру, адалдық пен әділдік құндылықтарын насихаттау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға басымдық берген жөн. Оқушыларды тек теориялық біліммен шектемей, қоғамдық пайдалы істерге, қайырымдылық және экологиялық жобаларға қатыстыру маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







