Қуықтың аса белсенділігі синдромын (ҚАБС) емдеуге арналған антихолинергиялық препараттар науқастарда деменция қаупін жаңа буын дәрілерінен артық жоғарылатпайды. 830 мыңнан астам адамның медициналық деректеріне негізделген ауқымды зерттеу нәтижесі осындай қорытынды жасауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ауқымды зерттеу және бұрынғы күдіктер
JAMA Network Open басылымында жарияланған зерттеуді Кливленд медициналық орталығының (University Hospitals Cleveland Medical Center) урогинекологы Дэвид Шейн бастаған ғалымдар тобы жүргізді. Мамандар 2012 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта қуықтың аса белсенділігі салдарынан алғаш рет дәрі-дәрмекпен емделе бастаған 40 пен 90 жас аралығындағы 830 393 ересек пациенттің электронды медициналық карталарын талдады.
Ұзақ жылдар бойы медицина қауымдастығында ескі антихолинергиялық дәрілер деменция қаупін арттырады деген қауіп айтылып келген еді. Дәрігерлер ми саулығына қауіпсіз саналатын салыстырмалы түрде жаңа санат – бета-3 адренорецепторлар агонистерін жиі тағайындай бастаған болатын. Алайда жүргізілген талдау аталған гипотезаны жоққа шығарды.
Зерттеу барысында 10 жыл ішінде деменцияның даму қаупі бета-3 агонистерін қабылдаған топта 20 пайызды, ал антихолинергиялық препараттарды қолданған науқастарда 18,1 пайызды құраған.
Деректер нені көрсетті?
Ғалымдар көрсеткіштерді теңестіргеннен кейін, антихолинергиялық дәрілерді қабылдаған пациенттердегі деменция қаупі бета-3 агонистеріне қарағанда тіпті сәл төмендеу болып шыққанын тіркеді. Төмен қауіпті санаттағы антихолинергиялық дәрілер мен бета-3 агонистерінің арасында когнитивті өзгерістер тұрғысынан ешқандай айырмашылық байқалмады.
Сонымен қатар дәрілерді қабылдау ұзақтығының артуы деменция қаупінің жоғарылауына әсер етпеген. Зерттеу авторларының пайымдауынша, қуықтың аса белсенділігі мен зәр тоқтамау дерті дәрінің жанама әсерінен гөрі, мидың қартаюы мен нейродегенеративтік өзгерістердің бастапқы ерте белгісі болуы әбден мүмкін.
«Егер кейбір жағдайда қуықтың аса белсенділігі деменцияның алғашқы симптомы болса, мұны ми қыртысы қызметі бұзылуының ерте индикаторы ретінде бағалай аламыз», – деді медицина ғылымдарының докторы Дэвид Шейн.
Дәрігерлер мен науқастарға кеңес
Сарапшылар бұл қорытынды клиникалық нұсқаулықтарды бірден өзгертуге негіз болмайтынын, қосымша зерттеулер қажет екенін ескертеді. Антихолинергиялық препараттар кейбір жағдайда есте сақтау қабілетіне қысқамерзімді әсер етуі мүмкін, бірақ ем курсы тоқтаған соң мұндай белгілер қайта қалпына келеді.
Дәрігерлер науқастарға деменциядан қорқып, тағайындалған терапиядан бас тартпауды ұсынады. Мамандар нақты диагноз бен дұрыс таңдалған ем өмір сапасын жақсартудың басты кепілі екенін еске салады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







