«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин NEF 2026 форумында компанияда алдағы екі-үш жылда ауқымды оңтайландыру жүретінін мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, елдегі ең ірі телеком-оператор кеңсе қызметкерлерінің санын едәуір қысқартуды жоспарлап отыр. Қазір компания құрылымында 8 мың техникалық маман және 8 мың кеңсе қызметкері бар. Мусиннің сөзінше, кеңседе отырған қызметкерлердің бір бөлігі жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер арқылы алмастырылады.
Бағдат Мусин қазіргі құрылымда басқарушы, әкімшілік және кеңсе қызметкерлерінің саны желіде, кабельде, техникалық учаскелерде жүрген мамандармен теңесіп кеткенін айтты. Компания басшысы осы теңгерімнің өзгеретінін жеткізді.
– «Қазақтелекомда» қазір қолымен жұмыс істейтін 8 мың қызметкер және кеңседе жұмыс істейтін 8 мың қызметкер бар. Кеңседе отырған 8 мың адамның саны қатты қысқарады. Мен бәріне, тіпті Президентке де айттым, екі-үш жылдың ішінде сол 8 мыңнан 3 мың адам ғана қалады. Біз айтишник ретінде кеңсе жұмысын қалай алмастыруға болатынын білеміз. Сол үшін жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізіледі, – деді Мусин.
Сонымен қатар ол еңбек нарығында құндылық өлшемі өзгеріп жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұрын қоғамда кабинетте отыру беделді жұмыс ретінде қабылданса, енді нақты өнім шығаратын, қолымен жұмыс істейтін мамандардың рөлі артады.
Жұмыс нарығындағы жаңа шындық
Мусин техникалық қызметкерлерді компания үшін негізгі құн қалыптастыратын буын деп атады. Оның айтуынша, кабель тартып, желіні жөндеп, оптиканы жалғап, инфрақұрылымның нақты жұмысын қамтамасыз ететін мамандарды жақын уақытта робот немесе нейрожелі толық алмастыра алмайды.
– Бізді бұрын “нашар оқысаң, сантехник, жолшы боласың” деп қорқытатын. Қазір жағдай өзгерді. Қолымен жұмыс істейтін адамдардың миллионер болуға мүмкіндігі көбірек. Себебі нақты істі білетін адам ғана басқара алады. Лидерлер сол жиырма-отыз адамдық техникалық топтың ішінен, бригадирлер арасынан шығады. Осындай мамандар мен олардың негізі болашақта жоғары табыс табады. Адам еңбегіне қатысты әділет орнайды, – деді ол.
«Қазақтелеком» басшысы 8 мың тәжірибелі техникалық маман өз орнында қалатынын айтты. Оның сөзінше, олардың қызметі компанияға нақты қосымша құн әкеледі. Мұндай жұмыс оптикалық желі, кабельдік инфрақұрылым, байланыс сапасы және күрделі техникалық қызметпен байланысты.
Мусин мысал ретінде құдыққа түсіп, кабель үзілген жерді тауып, оптиканы дәнекерлеп, желіні қайта қосатын мамандарды атады. Оның пікірінше, мұндай жұмысты роботқа немесе жасанды интеллектке тапсыру әзірге мүмкін емес.
Компаниядағы жоспар еңбек нарығындағы үлкен өзгерісті көрсетеді. Жасанды интеллект кеңсе жұмысын тез автоматтандырып жатқанымен, нақты инфрақұрылымда жүрген техникалық мамандардың құны артып келеді. Ендігі кезеңде цифрлық сауат пен қол еңбегін қатар меңгерген адамдар нарықта көбірек сұранысқа ие болуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







