АҚШ Әділет министрлігі Кубаның бұрынғы басшысы Рауль Кастроға сырттай айып тақты, деп жазады Ertenmedia.kz.
94 жастағы Рауль Кастроға және тағы бес адамға АҚШ азаматтарын өлтіру үшін сөз байласу, адам өлтіру және әуе кемелерін жою баптары бойынша айып тағылған. Іс 1996 жылғы 24 ақпанда болған оқиғаға байланысты. Сол күні Куба әскери ұшақтары Brothers to the Rescue ұйымына тиесілі екі қарусыз азаматтық Cessna ұшағын атып түсірген. Оқиға салдарынан АҚШ-тың төрт азаматы қаза тапты.
АҚШ тарапының нұсқасына сәйкес, ұшақтар Оңтүстік Флоридадан Куба бағытына ұшқан және халықаралық әуе кеңістігінде болған. Тергеу дерегінше, сол кезде Кубаның қорғаныс министрі болған Рауль Кастро осы операцияға қатысы бар тұлға ретінде қарастырылып отыр. Куба тарапы ұзақ жылдар бойы ұшақтар елдің әуе кеңістігін бұзды деген ұстанымда келеді.
АҚШ Әділет министрлігі айып тағылған адамдар кінәлі деп танылса, адам өлтіру және АҚШ азаматтарын өлтіруге сөз байласу баптары бойынша өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын хабарлады. Әуе кемелерін жою бойынша бөлек жаза да көзделген.
Бұл шешім Вашингтон мен Гавана арасындағы онсыз да күрделі қатынасты одан әрі ушықтыруы мүмкін. АҚШ президенті Дональд Трамп Кубадағы билікті қатаң сынап, аралды «жат шетелдік әскери күштерді паналатып отырған оқшау мемлекет» деп атаған. Куба президенті Мигель Диас-Канель айыптауды саяси сипаттағы қадам деп бағалап, Кубаның ешкімге қауіп төндірмейтінін мәлімдеді.
Рауль Кастро – Фидель Кастроның інісі. Ол 2011 жылы Куба Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып сайланып, 2016 жылы қайта сайланды. 2018 жылы мемлекет пен үкімет басшылығындағы лауазымдарын Мигель Диас-Канельге тапсырды, ал 2021 жылы партия басшылығынан да кетті.
Құқықтық тұрғыдан бұл іс күрделі болмақ. Рауль Кастро Кубада тұрады, ал Гавана оны АҚШ-қа экстрадициялауы екіталай. Сондықтан айыптау әзірге нақты сот процесінен гөрі Вашингтонның Кубаға саяси-құқықтық қысымын күшейтетін қадам ретінде қабылданып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







