Қазақстандық блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базарханның қайтыс болғанын продюсер, әнші Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова хабарлағанын Ertenmedia.kz осыған дейін жазған болатын.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, блогер Алматыдағы жеке пластикалық хирургия клиникаларының бірінде көз жұмған болуы мүмкін. Telegram-арналарда әйелге операция басталмай тұрып немесе операция кезінде жағдайы нашарлағаны айтылды. Кей деректе оқиғадан кейін клиника уақытша жабылғаны жазылған. Бірақ бұл мәліметтерге қатысты ресми растау әзірге жоқ.
Кейін Threads желісінде марқұмның қызы жазба жариялады. Оның айтуынша, 53 жастағы Сәуле Ермаханова 15 мамыр күні Алматыдағы жеке клиникада жоспарлы липосакция операциясы кезінде қайтыс болған. Қызы операция жергілікті анестезиямен жасалуы тиіс болғанын, дәрігерлер оның бір жарым сағаттан аспайтынын айтқанын жазды.
Марқұмның қызының сөзінше, операция ұзаққа созылып, туыстары бірнеше сағат бойы нақты жауап ала алмаған. Ол анасының қайтыс болғаны қасында болған туысына тек кешкі сағат 18: 00 шамасында айтылғанын мәлімдеді. Отбасы жедел жәрдемнің неге кеш шақырылғанын және әйелді құтқару үшін қандай әрекет жасалғанын білгісі келеді.

«Үш сағат бойы ол жабық есіктің ар жағында жалғыз болды. Ал біз ештеңе білмедік», деп жазды қызы.
Туыстары қазір оқиғаның толық әрі әділ тексерілуін талап етіп отыр. Олар дәрігерлер тарапынан қандай медициналық көмек көрсетілгенін, жедел жәрдем не себепті бірден шақырылмағанын және клиника жұмысының неге тоқтатылмағанын анықтау қажет деп санайды.
Марқұмның қызы клиника оқиғаға қарамастан жаңа пациенттерді қабылдап жатқанын айтып, анасының өлімінің мән-жайы толық анықталғанға дейін мекеменің қызметін уақытша тоқтатуды талап ететінін жеткізді.
Әзірге Сәуле Базарханның өліміне қатысты ресми медициналық қорытынды немесе құқық қорғау органдарының нақты мәлімдемесі жарияланған жоқ. Сондықтан оқиғаның түпкілікті себебі тергеу мен сараптама қорытындысынан кейін белгілі болуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







