Бүгін Дариға Назарбаеваның үзеңгілесі мен сыбайласы саналатын Санжар Боқаев айбы сотта дәлелденіп Алматы қаласының Алмалы аудандық соты 10 жылға соттады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Б., К. және Н.-ға қатысты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау (ҚК-нің 190-бабы), қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру (ҚК-нің 218-бабы), ұрлықты ұйымдастыру (ҚК-нің 188-бабы), ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру (ҚК-нің 340-бабы) және көрінеу жалған ақпарат тарату (ҚК-нің 274-бабы) бойынша айыпталғандарға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Ақша қаражатын жымқыру және заңдастыру
2018 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директорының кеңесшісі қызметін атқарған Б. компания қызметкерлерінің кәсіподағы арқылы жалпы сомасы 86,9 млн теңгеге халықаралық автожарыс өткізуге қатысты екі шарттың жасалуын ұйымдастырған.
Сомасы 47,9 млн теңгені құрайтын шарттардың бірі Б.-ның жиені К. басшылық ететін «BM Trust» ЖШС-мен жасалған. Бұл ретте халықаралық автожарысты іс жүзінде ұйымдастыруды «We Can» ЖШС жүзеге асырған.
Қызмет құнын негізсіз жоғарылату және нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақша аудару нәтижесінде 42,2 млн теңге жымқырылған.
Аталған мән-жайлар шарттар, сметалық құжаттама, банктік үзінді көшірмелер, сот-экономикалық сараптамасының қорытындысы және куәлардың айғақтары негізінде анықталды.
Жымқырылған қаражаттың бір бөлігі жабдық сатып алуға, өндірістік үй-жайларды жалға алуға және «Art Romance» брендімен жиһаз өндірісін ұйымдастыруға жұмсалған. Жиһаз сатудан түскен түсім шамамен 9,7 млн теңгені құраған.
Гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастыру
2025 жылғы қыркүйекте Б. Н.-мен бірлесіп, Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңарту нысанынан құны 1,3 млн теңге болатын 12 гранит тақтаны ұрлауды ұйымдастырған.
Олар тартқан адамдар ақшалай сыйақы үшін тақталарды құлпытас жасау шеберханасына жеткізген. Кейіннен Б. болған оқиғаның бейнежазбасын Instagram әлеуметтік желісінде өзі анықтаған ұрлық фактісі ретінде жариялаған.
Б.-ның ұйымдастырушылық рөлі оның ұялы телефонынан табылған ұрлықты тікелей орындаушы Х.-мен хат алмасу негізінде анықталды. Хат алмасу мазмұнынан Б.-ның орындаушының әрекеттерін үйлестіргені көрінеді.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 10 қыркүйекте Б. мен Н. арасындағы телефон арқылы сөйлесудің аудиожазбасы зерттелді. Онда гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастыру мәселесі талқыланған. Дауыстың Б.-ға тиесілі екені соттың бейнефонографиялық сараптамасымен расталды.
Бұл мән-жайлар куәлардың айғақтарымен, бейнежазбалармен және ұялы телефондарды қарап-тексеру материалдарымен расталды.
Ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру
2025 жылғы қазанда Б. мен Н. Баума тоғайында жасы 21 жылдан 150 жылға дейінгі 16 ағашты заңсыз кесуді және зақымдауды ұйымдастырған. Келтірілген залал 213 мың теңгені құрады.
Б.-ның нұсқауы бойынша ағаштарды кесу ұйымдастырылған. Ақша қаражаты тікелей орындаушы Х.-ға берілген.
Ағаштар кесілгеннен кейін Б. мен Н. оқиға орнына келіп, бейнетүсірілім жүргізген және болған оқиғаны құрылыс компаниясының қызметімен, сондай-ақ аумақты тұрғын үй құрылысына дайындаумен байланыстырған материалды жариялаған.
Ағаштарды кесуді ұйымдастыру мән-жайлары тікелей орындаушылардың айғақтары, телефон арқылы хат алмасу, абоненттік қосылыстар туралы мәліметтер, заттай дәлелдемелер және Н.-ның мойындау көрсетілімдері негізінде анықталды. Ағаштарды заңсыз кесудің тікелей орындаушылары бұған дейін Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотының үкімімен сотталған.
Көрінеу жалған ақпарат тарату
Сот Б. мен Н. жариялаған бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты бейнематериалдарды зерттеді. Бейнероликтердің бірінде Алматы қаласындағы екі жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуге шамамен 1 млрд теңге бөлінгені туралы хабарланған. Алайда конкурстық құжаттамада он нысанға күрделі жөндеу жүргізу көзделген.
Басқа жарияланымда «Атакент» көрме кешені аумағын кешенді қайта жаңғыртуға бөлінген 10 млрд теңгеден астам қаражат тек көшелерді жарықтандыруға арналған шығындар ретінде көрсетілген. Іс жүзінде жобаға субұрқақ кешендерін, инженерлік құрылыстарды, суару жүйелерін салу, көгалдандыру, жабындарды жаңарту және басқа да жұмыстар кірген.
Заңгер Айгүл Орынбектің сыны
Заңгер бұған дейін «Қасқа жол» арнасында Боқаевқа қатысты айтқан сыни көзқарасының өзгермегенін жеткізді. Оның пайымдауынша, бастапқыда Америкаға біржола көшіп, кәсібін сол жақта дамытатынын мәлімдеген Боқаев елге аяқасты қайта оралуы көптеген сұрақ тудырады.
Айгүл Орынбек Боқаевтың өзінің Қазақстанға қайта келу себебін қоғамға ашық түсіндірмей, құпия қалдырғанына назар аударды. Ол мұндай қадамның артында белгілі бір тапсырма немесе ықпалды топтардың мүддесі тұруы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Негізінде ол кісі Америкаға кеттім, бизнесімнің барлығын сол жаққа көшіріп жатырмын, жаңа өмір бастаймын деп кеткен еді. Енді аяқ астынан елге қайтуының себебін өзі түсіндірген жоқ, ол жағын құпия қалдырды. Елге қайтып келуі жайдан-жай емес қой. Яғни бір тапсырмамен келуі мүмкін немесе оның артында бір көлеңкелі күш тұр. Оның барлығын тергеп-тексеру анықтауы керек», – деді заңгер.
Бұл ретте, Айгүл Орынбек нағыз белсенділер мен қоғам қайраткерлері нәтижеге жұмыс істеу керектігін алға тартты. Яғни, тек шу шығара бермей, диалог орнатып, проблеманы шешудің тиімді жолдарын ұсыну қажет.
«Біз сияқты белсенділер мәселе көтергенде заңдарға өзгеріс енгізуді талап етіп, нақты ұсыныс береміз. Ал ол кісінің тарапынан нақты ұсыныс болмайды. Мәселені көтергеннен кейін, оның шешімін де ұсыну керек қой. Сол себепті мен ол кісінің белсенділік жұмысына күдікпен қараймын», – деп түйіндеді заңгер.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын Айгүл Орынбектің «Қасқа жол» жобасына берген сұхбаты әлеуметтік желіде талқыланған болатын. Жарық көрген бейнематериалда белгілі заңгер Санжар Боқаевқа не себепті сенбейтінін ашып түсіндіріп берген еді.
Атап айтқанда, ол Боқаевтың мемлекеттік қызметтегі кезеңіне қатысты пікір білдіріп, оны ішкі саясатта жұмыс істеген шағында белсенділермен күрескен тұлғалардың бірі ретінде сипаттады.
Оның сөзінше, Боқаев Алматыда ақжаулықты аналар мен әжелерге қарсы күш қолданып, оларды көтеріп алып кету туралы жеке өзі тапсырма беріп отырған. Заңгер мұны растайтын БАҚ пен әлеуметтік желілерде фото мен бейне материалдар да жетіп артылатынын жеткізді. Сол сұхбат соңында Айгүл Орынбек Боқаевтың қазіргі қоғамдық қызметі мен бұрынғы әрекеттерінің арасында айтарлықтай алшақтықтың бар екенін де жасырмады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







