Ғылым ордасында Қазақстанның қолжазба мұрасын сақтау, зерттеу және цифрландыруға арналған халықаралық конференция басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиын BR28712621 «Қазақстанның қолжазба мұрасы» жобасы аясында өтіп жатыр. Конференцияға Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Куба, Өзбекстан және Әзірбайжан ғалымдары қатысты.
Іс-шарада қолжазбаларды тіркеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу мәселелері талқыланды. Модератор – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур.
Конференцияға «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Нұрлан Сейдін, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Гарвард университетінің зерттеушісі Наргис Касенова, Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева, Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай және өзге де мамандар қатысты.
Екі күндік жиында цифрлық инновациялар, архивтік тәжірибе, кодикология және қолжазбатану бағыттары қаралады. Ғалымдар Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты қолжазба қорларын сақтау және ғылыми айналымға енгізу жолдарын талқылайды.
Нұрлан Сейдіннің айтуынша, қолжазбалар – халықтың тарихи жады мен рухани мұрасын сақтаған құнды дерек. Оларды заманауи технология арқылы қолжетімді ету және болашақ ұрпаққа жеткізу – ортақ міндет.
Алғашқы күні қолжазба қорларының тарихы, сирек мұраларды сақтау, консервациялау және реставрациялау әдістері сөз болды. Сондай-ақ ғылыми каталогтау, ислам қолжазбаларын зерттеу және цифрлық құралдарды қолдану тәжірибесі талқыланды.
Қатысушылар шағатай тіліндегі мәтіндерді тану, OCR модельдерін әзірлеу, тілдік корпустар құру және цифрлық гуманитаристиканы дамыту мәселелеріне де тоқталды.
Конференцияның екінші күнінде Шәкәрім шежіресіндегі уранхайлар тарихы, парсы және шағатай тілдеріндегі қолжазбалар, Шыңжаңдағы жазба мәдениет, ислам сот құжаттары және Ибн Халдун мұрасы талқыланады.
Сонымен қатар «Қазақстанның қолжазба мұрасы» платформасы, Әлішер Науаидің «Lisānü’t-Ṭayr» шығармасы, мәмлүк-қыпшақ жазба ескерткіштері және түркі қолжазбаларын транскрипциялау мәселелері қаралады.
Конференция 4–10 маусым аралығында өтетін қолжазбатану мен цифрлық тәсілдерге арналған Жазғы мектеппен жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







