Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің сотында бұрын белгісіз жаңа мәліметтер жарияланды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кезекті сот отырысында малшы Дархан Бақытов куәлік берді. Оның сөзінше, 2024 жылдың күзінде оған өзін Наурыз Мұқанғалиев деп таныстырған адам WhatsApp арқылы байланысқа шығып, малға қарауды және сатып алушыларға көрсетуді тапсырған.
Еңбекақыны Бақытов банк картасы арқылы алып отырған, бірақ ақша сол уақытта өлтірілген үй иесі Мақсот Қарабалиннің картасынан түскен.
Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев қылмыс жасаған соң марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің телефонын пайдаланып, оның атынан хат алмасып отырған. Ол отбасындағы адамдардың жоқтығын олардың Ташкентке емделуге кеткенімен түсіндіріп, малды сатуға да нұсқау берген.
«Маған Наурыз барлық отбасы мүшелерінің Ташкентте емделіп жатқанын жазды. Мен бұған мән бермедім. Ал ақшаның Мақсоттың картасынан аударылуын «өз қаражатым, қалай жұмсағым келсе, солай жұмсаймын» деп түсіндірді», – деді сотта куәгер Дархан Бақытов.
Қаңтар айында күдікті «Наурыз» есімімен тағы да хабарласып, емге ақша қажеттігін айтқан. Осыдан кейін Бақытов малдың бір бөлігін сатуға өзі ұсыныс білдіріп, мал шаруашылығына сатып алушылар келе бастаған.
Куәгер малды сату туралы күдіктенгені тек марқұмдардың туысымен әңгімелескеннен кейін ғана пайда болған. Туыстарының бірі одан «бөтен малды неге сатып жатырсың?» деп сұрағанда, малшы иелерімен байланыс үзілгенін алғаш рет білген.
Айыптау нұсқасына сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы әйелінің ата-анасы мен бауырларын ұзақ уақыт бойы жалғасқан отбасылық кикілжіңнен кейін өлтірген. Қылмысын жасыру мақсатында марқұмдардың мәйіттерін аула мен қораға жасырған. Сонымен қатар, айыпталушы өлгендердің банк карталарын пайдаланған, зергерлік бұйымдарын ломбардқа өткізіп, мүліктерін сатып жіберген.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







