Тимур Турловтың Америка сапарында Freedom Holding тарихы әдеттегі табыс хикаясы емес, бірнеше рет өзгеруге мәжбүр болған бизнес тәжірибесі ретінде айтылды. Компанияның брокерліктен банкке, сақтандыруға, төлем жүйесіне, лайфстайл сервистерге және SuperApp форматына өтуін Турлов әдемі трендпен емес, «тірі қалу» формуласымен байланыстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Біз үлкен бір нәрсеге барған сайын оны бәсеке немесе инновация үшін таңдаған жоқпыз. Әр жолы мәселе аман қалуға тірелді», – деді Турлов.
Сөзінше, Freedom-ның алғашқы моделі қарапайым болған. Кәсіпкер Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы клиенттерге АҚШ қор нарығына жол ашқысы келген. Алайда 2008 жылы мұндай бизнеске дайын инфрақұрылым да, түсінікті заңнамалық орта да, қалыптасқан инвестор мәдениеті де болмаған.
«Біз институттармен емес, қаржы компаниялары тиімсіз деп тапқан жеке клиенттермен жұмыс істедік. Жергілікті нарықпен емес, халықаралық акциялармен жұмыс істеуге тырыстық. Бәсекелестер бұған дайын болған жоқ, бізді тіптен түсінбеді», – деген Турловтың сөзі Freedom-ның бастапқы бағытын дәл сипаттайды.
Қазақстандағы алғашқы кезең де осы логикаға сыяды. Стэнфордта студенттермен сауалдасқан Турловтың айтуынша 2011 жылы Қазақстан қор биржасында 4 мыңға жетпейтін шот болған екен. Сауда аз, бөлшек инвестор нарығы енді қалыптаса бастаған кезең. Freedom 2024 жылға қарай Қазақстандағы нарықта клиенттік шот санын 361 мыңға жеткізген.
2014 жылы KEGOC-тың «Халықтық IPO» науқаны кезінде Freedom Finance өтінімдердің 25,6 пайызын жинап, нарыққа шамамен 42 мың жаңа жеке инвестор әкелген. Сол жылы Bank of America акциялары Қазақстан қор биржасында теңгемен саудаланып, жергілікті инвесторлар АҚШ акциясын өз валютасымен сатып алу мүмкіндігіне ие болған.
Бірақ, бір гәп бар…
Турлов Америкадағы кездесулерде брокерлікпен шектелу Freedom үшін ұзақ мерзімді қорғаныс бола алмайтынын атап өтті. Оның сөзінен түсінгеніміз, брокерлік өте-мөте күрделі өнім. Клиентке акция, тәуекел, портфель, шетел нарығы, комиссия, салық тәртібі секілді ұғымды түсіндіру керек. Ал банк клиентке күнделікті өмір арқылы жақындайды.
«Банк барлық қаржы сервисінің өзегі болуы керек еді. Егер өз банк жүйемізді бастамасақ, экожүйесі бар банк брокерлік бизнесімізді барымталап кетуі мүмкін еді. Банктерде клиент тарту құны төмен, «воронкы» үлкен, конверсия жоғары. Брокерлік сияқты күрделі өнімді сату үшін алдымен қарапайым банк өнімін сату керек болды», – деді осы тұста Турлов.
Стенфэрдағы дискуссияда осы айырма нақты санмен берілді. Қазақстандағы брокерлік бағытта бір клиентті тарту құны 10 доллар болса, банкте және өмірді сақтандыруда 3 доллар, сақтандыруда 1 доллар болған.

Осыдан кейін Freedom Asia Life, Trust Insurance және КассаНова банкін сатып алып, оларды Freedom Life, Freedom Иншүрәнс және Freedom Bank брендтерімен дамытқан. Турловтың айтуынша, таңдау кезінде басты өлшемдердің бірі цифрландырудың әлсіздігі болған.
«Сақтандырудағы өзгерісті тез сезіндік. Freedom автосақтандыруды толық цифрландырып, полисті 15 секундта рәсімдеу, сақтандыру жағдайын онлайн 15 минутта қарау деңгейіне жеткізді. 2025 жылы компанияның міндетті автосақтандырудағы үлесі 40 пайызға жетті. Автосақтандыру сатылымы бір жылда 7 есе өсті. Жалпы жергілікті сақтандыру нарығындағы үлесі 3,6 пайыздан 6,9 пайызға көтерілді», — деді Турлов Америкадағы басқосуларда.
Банк бюрократиясы көп процесстерді қалай қысқартты?
Стэнфордтағы пікірталастан кейін АҚШ-тағы қазақ қауымдастығымен кездескен Турлов Freedom-тың кейбір ұзақ уақыт алатын процестерді қысқартуға күш салғанын атап өтті. Ипотека, автонесие және бизнес несие онлайн форматқа көшкен. Бұрын екі-үш аптаға созылатын процесс 24 сағатта шешілетін деңгейге жеткен.
«2025 жылы ең жылдам ипотека 4 сағат 34 минутта, автонесие 53 минутта, бизнес несие 7 минутта рәсімделген. 2021 жылы іске қосылған ипотекалық бағдарлама алғашқы тоғыз айда нарықтың 58 пайызын алды. 2023 жылғы қаңтарда Freedom Bank Қазақстандағы автонесие нарығының 41,3 пайызын ұстады. 2025 жылдың наурызына қарай банкке 1 миллионнан астам онлайн өтінім түсті», — деді бизнесмен.
Турлов Америкада Freedom экожүйесінің неге керек болғанын да жіліктеп түсіндірді.
«Экожүйе құру біз үшін аса маңызды болды. Мойындайын, бұл ма, бұл аман қалу үшін қажет еді. Егер клиентке ыңғайлы интеграция мен өзіне керек сервисті ұсынбасаң, ол бәсекелеске кетеді. Клиент қазір өте тез талғампаз болып кеткен. Интерфейс пен функцияға қатысты талабы да кірпиязданған. Мұндайда үлкен ойыншылар ұсақ ойыншыларды ығыстырады. Біз бе, біз үлкен ойыншы болуға тиіс едік», – деді ол.
Freedom лайфстайл сервистерді не үшін сатып алды?
Осы логика Freedom-ды лайфстайл сервистерге алып келкен екен. Экожүйеге Aviata, Chocotravel, Ticketon, Arbuz секілді платформалар қосылған. 2022 жылы Aviata 1,5 миллион әуе билетін және 2,9 миллион теміржол билетін сатыпты. Ал Ticketon 1,7 миллион билет өткізкен. Arbuz жылына 727 мың тапсырыс орындаған.
«Ең қызығы, бастапқыда осы платформалардағы төлемдердің 99 пайызы сыртқы банк экожүйелері арқылы өтті. 2024 жылдың соңына қарай оларды SuperApp ішіне кіріктіру бастадық. Кейін Freedom қаржы инфрақұрылымы арқылы өтетін төлем үлесі кейбір бағытта 46 пайызға дейін жетті. Arbuz-да бұрын 8 пайыздық жылдық төмендеу байқалса, интеграциядан кейін сатылым 99 пайыздық өсімге шықты», — дейді осы ретте Турлов.
Түсінгеніміз, әйгілі SuperApp та осы қажеттіліктен туған. Турловтың сөзімен айтқанда, егер Freedom суперапп жасамаса, клиенттер қолдану тәжірибесі ыңғайлы бәсекелес банктерге ауысар еді.
Ertenmedia-ның дерегі мен дәйегі
2025 жылғы наурыздағы дерек бойынша, Freedom SuperApp-та тіркелген қолданушы саны 1 790 313 болған. Ай сайын белсенді қолданушы саны 1 015 794-ке, күн сайын белсенді қолданушы саны 182 648-ге жеткен. Бір күндегі ең жоғары өсім 73 мың қолданушыны құраған.

Freedom currency іске қосылғаннан кейін қолданушы базасы бір айда 51 пайызға өскен. Ортақ лоялти бағдарламасы тағы 16 пайыз өсім берген. Рефералдық бағдарлама алғашқы айда 800 мыңнан астам жаңа қолданушы әкеліп, база 142 пайызға ұлғайды.
Банктің алдында тұрған 3 бағыт туралы не белгілі?
Америкадағы талқылауда Freedom-ның алдағы арманы мен таңдауы да сөз болды. Турловтың атап өткеніндей компания алдында үш бағыт тұр.
- Қазақстанда тереңдеп, ірі ойыншылармен бәсекені күшейту;
- Өзбекстан, Украина және Орталық-Шығыс Еуропадағы бар нарықтарды кеңейту;
- немесе Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс секілді жаңа өңірлерге кіру.
Турлов мұны тағы да аман қалу логикасымен байланыстырды.
«Егер заңнама бізге жеткен кезде Қазақстандағы нөмірі бірінші трейдинг компаниясы болмасақ, бізді ірі банктер ығыстырар еді. Егер экожүйе құрмасақ, мемлекеттік қолдауы бар банктер бізден озып кетер еді. Егер SuperApp жасамасақ, клиенттер жақсы «user experience» ұсынатын бәсекелес банктерге кетер еді», – деді ол.
Тоқ етерін айтқанда, Америкада Freedom тарихы дап-дайын жеңіс формуласы емес, әр кезеңде қысымға түрлі төтеп берген компания ретінде көрсетілді. Банк келесі кезеңде қай нарыққа шығады, қандай модельмен жүреді? Бұған алдағы уақытта кеңінен тоқталамыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







