Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Жоғары лауазымды шенеуніктің қызметінен кетуі Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуынан кейін орын алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ресми хабарламада отставканың нақты себебі аталмағанымен, қоғамда мұндай қадам соңғы күндері теңізде орын алған қайғылы оқиғаның тікелей салдары деп бағалануда.
Оқу-жаттығу кезіндегі төтенше жағдай
Министрдің қызметтен босатылуына 24 қыркүйекте Каспий теңізі жағалауында өткен «Хазар қорғаны – 2026» жоспарлы оқу-жаттығуы кезіндегі төтенше жағдай себеп болды. Ақтаудан 43 шақырым жердегі полигонда ауа райының кенеттен бұзылуы салдарынан «Қайсар» әскери катерінен жағаға түсірілген 17 жауынгерді екпінді толқын ашық теңізге алып кеткен еді.
Нәтижесінде 14 сарбаз қаза тауып, үшеуі аман қалды. Ел Президенті 25 қыркүйекті елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын. Қоғам мен әлеуметтік желі қолданушылары, сондай-ақ бірқатар саясаткерлер қорғаныс саласының басшылығын қарамағындағы сарбаздардың қазасы үшін моралдық жауапкершілікті мойнына алып, отставкаға кетуге шақырған еді.
Тергеу амалдары және қамауға алынғандар
Аталған іс бойынша Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің жедел-тергеу тобы қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары негізінде қылмыстық іс жүргізуде.
Қазірдің өзінде Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі жоғары және аға офицерлік құрамның бес бірдей өкілі қамауға алынды. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері ротасының командирі мен әскери катердің жетекшісі бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







