Ғылым ордасында Гарвард пен Токио университеттері өкілдерінің қатысуымен «Қолжазбатану және цифрлық гуманитаристика» атты халықаралық Жазғы мектеп өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шара 2026 жылғы 4–10 маусым аралығында ұйымдастырылды. Ол «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында өткізілді.
Жазғы мектепке Гарвард университеті жанындағы Дэвис атындағы Ресей және Еуразия зерттеулері орталығы, Токио шет тілдері университетінің Азия және Африка тілдері мен мәдениеттерін зерттеу институты, Кыршехир Ахи Эвран университеті, Түркияның қолжазба ескерткіштері басқармасы және Индиана университетінің өкілдері қатысты.
Сонымен қатар бағдарламаға қолжазбатану, кодикология, цифрлық гуманитаристика, жазба мұраны сақтау және реставрациялау салаларындағы отандық және шетелдік мамандар тартылды.
Жазғы мектеп барысында шағатай тілі мен қолжазбаларын зерттеу, оқыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Қатысушылар архив ісі, қолжазба қорларын сақтау, ислам, түркі және парсы жазба мұрасын зерттеу мен каталогтау тәжірибелерін талқылады.
Араб графикасындағы түркі қолжазбаларын кодикологиялық зерттеу тақырыбына да ерекше назар аударылды. Мамандар Орталық Азия қолжазбаларының тілдік және мазмұндық ерекшеліктерін, эпиграфика мен кодикологияның тарихи дереккөз ретіндегі маңызын саралады.
Бағдарламада OCR технологиялары мен жасанды интеллект құралдарын қолдану мүмкіндіктері де таныстырылды. Бұл технологиялар қолжазбаларды тануға, цифрландыруға және ғылыми айналымға енгізуге жол ашады.
Қатысушыларға қолжазбаларды реставрациялау, сақтау, каталогтау және консервациялау бағытындағы заманауи әдістер көрсетілді. Сонымен бірге халықаралық архивтік-зерттеу тәжірибелері ұсынылды.
Жазғы мектеп көне түркі, соның ішінде шағатай жазба мұрасын сақтау мен зерттеудің өзекті мәселелерін қамтыды. Бағдарлама дәрістерден, практикалық сабақтардан және ғылыми семинарлардан тұрды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат мамандардың кәсіби құзыретін арттыруға, ғылыми байланыстарды нығайтуға және жазба мұраны сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Халықаралық Жазғы мектептің қорытындысы бойынша қатысушыларға Гарвард университеті жанындағы Дэвис орталығының, ұйымдастыру комитетінің және консорциум мүшелерінің атынан сертификаттар табысталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







