Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары шетелдік қаржыландыру туралы жарияланатын мәліметтерді кеңейтуді ұсынды. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов осы мәселе бойынша Премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұған Мемлекеттік кірістер комитетінің шетелдік көздерден қаржыландыру алатын жеке және заңды тұлғалардың жаңартылған тізілімін жариялауы себеп болды. Жаңа тізілімде алғаш рет қаржы алушылармен бірге бөлінген қаражат көлемі және оның қайдан түскені туралы деректер көрсетілген.
Депутаттың айтуынша, 2025 жылдың екінші жартыжылдығында Қазақстанға шетелдік көздерден 12 млрд теңгеден астам қаржы түскен.
Магеррам Магеррамов бұл қаражаттың едәуір бөлігі өзін құқық қорғау, медиа және сараптамалық ұйым ретінде таныстыратын құрылымдарға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай ұйымдар қоғамдық-саяси күн тәртібін қалыптастыруға қатысады.
Депутат қазіргі тізілім шетелдік қаржыландыру туралы тек жалпы ақпарат беретінін атап өтті. Онда қаражат көлемі мен бастапқы алушылар көрсетілгенімен, нақты қандай жобалар қаржыландырылғаны толық ашылмайды.
Оның айтуынша, қаржының қандай мақсатқа бөлінгені, қалай жұмсалғаны, жобаларды кімдер орындағаны және түпкілікті нәтижесі туралы мәлімет жоқ. Соның салдарынан қоғам да, мемлекеттік институттар да шетелдік қаржының нақты қалай пайдаланылып жатқанын толық бағалай алмай отыр.
Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары осыған байланысты жарияланатын деректерді кеңейтуді ұсынады.
Атап айтқанда, шетелдік қаражат есебінен іске асатын нақты жобалар мен бағдарламалар, қаржыландыру мақсаты, бағыты, орындаушы ұйымдар, қатысушы тұлғалар және жобалардың нәтижелері туралы ақпарат ашық көрсетілуі керек.
Депутаттардың пікірінше, мұндай қадам қоғамға шетелдік гранттардың қай салаға жұмсалып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастамалардың нақты нәтижесін бағалауға жағдай жасайды.
Магеррам Магеррамов бұл ұсыныс үкіметтік емес ұйымдардың қызметін шектеуге бағытталмағанын айтты. Оның сөзінше, мәселе тыйым салуда емес, ашықтықты арттыруда.
«Біз үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне тыйым салуды ұсынып отырған жоқпыз. Мәселе – ашықтықты арттырып, қоғамның хабардарлығын күшейту», деді депутат.
Сауалда шетелдік қаржыландыру тақырыбы қоғамда ерекше қызығушылық тудырып отырғаны айтылған. Әсіресе бұл медиа, сараптамалық талдау, құқық қорғау және азаматтық бастамалар саласында жұмыс істейтін ұйымдарға қатысты.
Депутаттардың пайымдауынша, қазіргі жағдайда ашықтық қоғамдық сенімді нығайту үшін маңызды. Сонымен қатар ол ұлттық мүддені қорғау тетіктерінің бірі ретінде қарастырылуы тиіс.
Осыған байланысты парламентарийлер Үкіметке шетелдік қаржыландыруды есепке алу жүйесін жетілдіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ есептілікті кеңейтудің ықтимал тетіктері туралы ақпарат беруді сұрады.
Мәселенің түйіні бір сұраққа келіп тіреледі: шетелдік гранттар елдегі азаматтық бастамаларды дамытуға жұмсалып жатыр ма, әлде қоғамдық пікірге ықпал ететін құралға айналып бара ма? Депутаттар осы арадағы шекара ашық әрі қоғамға түсінікті болуы керек деп есептейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







