Қазақстан қалаларын жылусыз қалдырған апаттар аяқ астынан пайда болған жоқ. Экс-премьер Әкежан Қажыгелдин Elmedia Kazakhstan арнасында энергетикадағы бүгінгі дағдарыстың тамыры Назарбаев билігі тұсында стратегиялық активтердің қалай және кімдерге берілгенінен басталатынын айтты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Елдегі электр және жылу желілерінің тозуы кей өңірде 80 пайызға жақындады. Қазандықтар істен шығып, құбырлар жарылып, тұтас қалалар қыс ортасында жылусыз қалған кезде билік меншік иелерінің станцияларды жаңартпай, пайдасын ғана алғанын ашық айта бастады. Алайда жауапкершілікті бірнеше кәсіпкерге ысыра салу отыз жыл бойы қалыптасқан саяси-экономикалық жүйенің рөлін жасырады.
Халыққа берілмей жетпей қалған байлық
Әкежан Қажыгелдин басқарған Үкімет 1997 жылдың күзінде қызметтен кеткен. Сол кезге дейін 1998-2003 жылдарға арналған орта мерзімді даму бағдарламасы әзірленіп, Парламенттің қолдауына ие болған. Құжаттың негізгі бөлігі зейнетақы реформасы мен мемлекеттік меншікті қоғам пайдасына қайта ұйымдастыруға арналған.
Қажыгелдиннің айтуынша, зейнетақы қорлары арқылы ұлттық компаниялар акциясының 50 пайызын Қазақстан азаматтарына беру жоспарланған. Мұндай тетік халықты елдің табиғи байлығы мен стратегиялық кәсіпорындарына жанама түрде ортақтастыруы керек еді. Азаматтар ұлттық активтердің бақылаушысы әрі табысына үлескер болар еді.
Алайда Үкімет ауысқаннан кейін бағдарлама тоқтатылған. Бұрынғы премьер мұны кездейсоқ шешім санамайды. Оның пікірінше, халыққа үлес беру жоспары Назарбаев билігі қалыптастырған жабық меншік жүйесіне кедергі келтірген.
Қажыгелдин Үкіметі қызметтен кеткен кезде ірі корпорациялар акциясының 35-40 пайызы инвесторлардың қолында болғанын айтады. Тағы 10 пайызы еңбек ұжымдарына тиесілі болып, 50 пайызы Мемлекеттік мүлік комитетінде қалған. Демек стратегиялық активтерді толықтай жеке қолға өткізу кейінгі саяси шешімдердің нәтижесінде жүзеге асқан.
Жекешелендіру билікке жақын топтардың пайдасына жұмыс істеді
Назарбаев дәуіріндегі жекешелендіру ашық бәсекеге негізделген меншік реформасы ретінде таныстырылды. Іс жүзінде елдің ең табысты активтері президент отбасына, оның айналасындағы кәсіпкерлерге және саяси элитаға жақын топтарға шоғырланды. Мемлекет нарық құрғанымен, сол нарыққа кімдердің кіретінін билік өзі белгілеп отырды.
Қажыгелдиннің айтуынша, алғашқы инвесторларға өндірісті жаңғырту және кәсіпорындарды дамыту жөнінде қатаң міндеттемелер қойылған. Алайда олардың көбі орындалмаған. Билік инвестордан есеп сұраудың орнына активтерді одан әрі бөліске салуға жол ашқан.
Өнеркәсіп қайта жанданып, халық пен кәсіпорындар электр энергиясына тұрақты ақы төлей бастағанда энергетика табысты бизнеске айналды. Сол кезеңде Назарбаев отбасына жақын ауқатты кәсіпкерлер станциялар мен энергетикалық компанияларға назар аударған. Олар дайын инфрақұрылымды иеленіп, ұзақмерзімді жаңғыртудан гөрі қысқа мерзімді табысқа басымдық берген.
Мұндай модельде пайда меншік иесіне, ал тозған жабдықтың шығыны мемлекет пен халыққа қалды. Жеке компания тарифтен табыс тапты, бірақ апат болған кезде бюджет көмекке келді. Назарбаев билігі осы теңсіздікті тоқтатудың орнына, саяси адалдыққа құрылған экономикалық тәртіптің бір бөлігіне айналдырды.
2022 жылдан кейін заңсыз иемденілген активтерді қайтару науқаны басталды. Шетелдік зерттеулер Назарбаевтың туыстары мен бұрынғы серіктеріне тиесілі жер, қонақүй, қаржы және басқа активтердің мемлекетке қайтарылғанын жазды. Соған қарамастан бұрынғы билікпен байланысы бар бірқатар ықпалды тұлға экономиканың негізгі салаларындағы орнын сақтап отыр.
Кеңестен қалған станциялар отыз жылда жаңармады
Қазақстан энергетикасының негізгі салмағын әлі күнге дейін кеңестік кезеңде салынған станциялар көтеріп келеді. Екібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2, су электр станциялары мен қалалық жылу орталықтарының көбі тәуелсіздік жылдарында түбегейлі жаңартылмаған. Тозған жабдық пен ескі желілер жыл сайынғы жөндеумен ғана ұсталып отырды.
Қажыгелдиннің сөзінше, ГРЭС-1 мен ГРЭС-2 жобалық қуатына толық шықпаған. ГРЭС-2 құрылысы оның Үкіметі кезінде жалғасып, энергетикалық тапшылықтың алдын алу міндеті тұрған. Кей станцияларда жылыту маусымы басталғанда шатыр құлап, төтенше жағдайда жұмыс істеуге тура келген.
Содан бері үш онжылдық өтті. Мұнайдан түскен мол кіріске, Ұлттық қордағы миллиардтаған долларға және жоғары тарифке қарамастан энергетикалық жүйе жаңа технологиялық деңгейге көтерілген жоқ. Назарбаев билігі елорданы жаңадан тұрғызуға, салтанатты ғимараттар мен имидждік жобаларға қаражат тапқанымен, халықтың күнделікті өміріне қажет жылу мен электр жүйесін жаңартуды кейінге ысырып келді.
Мәселе қаржының тапшылығында ғана болған жоқ. Негізгі себеп ұзақ мерзімді мемлекеттік жоспардың орнына билікке жақын топтардың мүддесін қорғаған басқару үлгісінде жатыр. Энергетика ұлттық қауіпсіздік саласы ретінде емес, тұрақты табыс әкелетін актив ретінде қарастырылды.
Дағдарыстың құнын енді халық төлеп отыр
Қажыгелдин қазіргі жағдайды энергетикалық коллапс деп бағалайды. Станцияларды иеленген кей кәсіпкерлер пайда азайып, жабдық толық тозған кезде саладан кеткен. Елге апатты нысандар, миллиардтаған теңге қажет ететін жөндеу және энергия тапшылығы қалды.
Билік енді тариф көтеру арқылы жаңғыртуға қаржы жинауға тырысып отыр. Сонда бұрынғы меншік иелері алған табыстың өтеуін қарапайым тұтынушы төлейді. Мұндай тәсіл жекешелендіруден пайда көргендер мен оның зардабын көтергендердің арасындағы әділетсіздікті тереңдете түседі.
Назарбаев кезеңіндегі энергетикалық саясат үшін саяси жауапкершілік мәселесі әлі толық қойылған жоқ. Активтердің кімге, қандай бағамен және қандай міндеттемемен берілгені қоғамға ашық жариялануы керек. Міндеттемесін орындамаған меншік иелерінің жауапкершілігі де заң аясында қаралғаны жөн.
Қажыгелдин дағдарыстан шығудың жолын бүкіл индустрияны жаңғыртудан көреді. Оның ойынша, мұндай жұмыстың өзегінде энергетика тұруы қажет. Сенімді электр мен жылу жүйесі болмайынша, жаңа зауыт, цифрлық экономика және өндірістік серпіліс туралы уәде ұран күйінде қалады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетиканы жаңарту жөніндегі бағдарламаларды бірнеше рет жариялады. Ендігі мәселе олардың бұрынғыдай қағазда қалмауында. Қазақстанға жаңа станциялармен бірге ашық меншік құрылымы, тәуелсіз бақылау және инвестициялық міндеттемені орындамаған бизнеске нақты жауапкершілік қажет.
Энергетикалық дағдарыс Назарбаев дәуірінің экономикалық моделіне берілген тарихи бағаға айналып отыр. Стратегиялық активтер халық игілігіне жұмыс істемей, билікке жақын аз топтың байлығын көбейткенде, оның ақыры тозған станция мен жылусыз қалған қалаға ұласады. Отыз жылдық қателікті мойындамайынша, жаңа энергетикалық жүйе құру қиын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







