Қазақстанның барлық өңірінде «Әділет» партиясының филиалдары құрылып, мемлекеттік тіркеуден өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Партияның аумақтық бөлімшелері еліміздің барлық облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ашылды. Осылайша «Әділет» партиясы өңірлік желісін толық қалыптастырды.
Ендігі кезеңде филиалдардың басқару органдары жасақталады. Өңірлерде төрағалар мен басшылық құрам сайланып, бастауыш партия ұйымдарын құру жұмысы басталады.
Партия өкілдерінің айтуынша, аумақтық желіні қалыптастыру ұйымдық құрылымды дамытудың маңызды кезеңі саналады. Мұндай қадам азаматтармен тікелей байланыс орнатуға, жергілікті мәселелерді жүйелі көтеруге және партия бастамаларын өңір деңгейінде іске асыруға мүмкіндік береді.
Өңірлік филиалдарды құру туралы шешім «Әділет» партиясының ІІ съезінде қабылданған. Сол жиында тиісті ереже бекітіліп, партияның аумақтық құрылымдарының құқықтық мәртебесі, жұмыс тәртібі, басқару жүйесі және ішкі бақылау тетіктері айқындалған.
Филиалдардың толық тіркелуі партияның өңірлердегі жұмысын жандандырып, қоғамдық-саяси процеске қатысу аясын кеңейтеді. Алдағы уақытта партия жергілікті деңгейде бастамаларын ұсынып, азаматтармен тұрақты байланыс орнатуға басымдық бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







