Жазғы демалыс маусымы қарсаңында Қазақстанда тәуліктік пәтер жалдау бойынша интернет-алаяқтық деректері көбейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алаяқтар пәтер мен үйдің әдемі фотосуретін жариялап, бағасын нарықтағыдан төмен етіп көрсетеді. Кейін алдын ала төлем немесе кепілақы аударуды сұрайды. Ақша түскен соң байланысқа шықпай қояды. Кей жағдайда хабарландырудағы тұрғын үй мүлде жоқ болып шығады.
Алматы облысының прокуратурасы тұрғындарды интернет арқылы баспана брондағанда сақ болуға шақырды. Әсіресе жазғы демалыс пен мектеп демалысы кезінде жалған хабарландыру көбейеді.
Ресми мәліметке сәйкес, биылғы 5 айда ел аумағында болмаған қызметті көрсетуге байланысты 1700-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Соның 130-ы Алматы облысында жасалған.
Осындай қылмыстың алдын алу үшін Алматы облысының прокуратурасы ірі интернет-платформалармен және цифрлық сервистермен бірлескен жұмысты күшейтті. «OLX Group» ЖШС-мен жасалған меморандум аясында интернет-алаяқтық белгілері бар хабарландыруларды анықтау және бұғаттау жұмысы тұрақты жүргізіліп жатыр.
Бірлескен шаралар нәтижесінде тәуліктік тұрғын үйді жалға беру бойынша платформа талаптарына сай келмейтін 518 хабарландыру анықталып, бұғатталды. Олардың ішінде құқыққа қайшы әрекет белгілері бар материалдар да кездескен.
Қазір осы хабарландыруларды жариялаған адамдарға қатысты прокуратура тапсырмасымен киберполиция тексеру жүргізіп жатыр.
Прокуратураның мәліметінше, қолға алынған шаралар алаяқтық сипаттағы контентті ерте анықтауға және оның таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар азаматтардың алданып қалу қаупін азайтады.
Алматы облысының прокуратурасы тұрғындар мен өңір қонақтарына тұрғын үйді тек сенімді платформалар арқылы брондауға кеңес береді. Төлем жасамас бұрын үй иесінің дерегін, пікірлерді және мекенжайдың шынайылығын мұқият тексерген жөн.
Азаматтардың құқығын қорғау және интернет-алаяқтыққа қарсы күрес мәселесі Алматы облысы прокуратурасының тұрақты бақылауында болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







