Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті халықаралық Times Higher Education Sustainability Impact Ratings 2026 жаһандық рейтингінде жоғары нәтиже көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биылғы рейтингке әлемнің 116 елінен 1646 университет қатысқан. Олардың қатарында Қазақстанның 24 жоғары оқу орны бар. Жетісу университеті жалпы есепте 1001-1500 орын аралығына енді.
Халықаралық рейтингте университеттердің орнықты даму мақсаттарына қосқан үлесі бағаланды. Сарапшылар білім беру сапасы, гендерлік теңдік, әріптестік, лайықты еңбек пен экономикалық өсу, академиялық еркіндік, қоғамдық өмірге қатысу және тұрақты дамудың өзге де негізгі бағыттарын назарға алған.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті тұрақты дамудың 17 мақсаты аясында 10 бағыт бойынша нәтиже көрсетті. Университет кедейлікті жою, индустрияландыру, инновация және инфрақұрылымды дамыту, теңсіздікті қысқарту, таза су және санитария бағыты бойынша 401-600 орын аралығына кірді.
Сонымен қатар оқу орны лайықты жұмыс пен экономикалық өсуді қамтамасыз ету, бейбітшілік, сот төрелігі және тиімді институттар бағыты бойынша 601-800 орынға тұрақтады. Гендерлік теңдік бағыты бойынша 801-1000 орын аралығында көрінді.
Денсаулық пен әл-ауқатты қамтамасыз ету, сапалы білім беру бағыттарында университет 1000+ көрсеткішіне енді. Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестікті дамыту бағыты бойынша 1001-1500 орын аралығында бағаланды.
Рейтинг аясындағы тәуелсіз сараптау нәтижесі университет жұмысының өңір мен елдің әлеуметтік, экологиялық және экономикалық мәселелерін шешуге бағытталғанын көрсетті. Мұндай нәтиже Жетісу университетінің халықаралық білім кеңістігіндегі орнын нығайтып, тұрақты даму қағидаттарын жүйелі түрде іске асырып келе жатқанын аңғартады.
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті үшін бұл көрсеткіш тек рейтингтегі орын емес. Ол оқу орнының білім беру, ғылым, әлеуметтік жауапкершілік және өңірлік даму бағытындағы жұмысына берілген халықаралық баға саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







