Балалар мен жасөспірімдердің күнделікті темір қоспаларын қабылдауы олардың денсаулығына кері әсерін тигізбестен, темір тапшылығы анемиясын едәуір азайтады. Мұндай тұжырым халықаралық Cochrane жүйелі шолулар базасында жарияланған ғылыми зерттеуде айтылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
0-ден 19 жасқа дейінгі балаларға жүргізілген талдау
АҚШ-тың Корнелл университетінің ғалымы Крипа Раджагопалан бастаған халықаралық зерттеу тобы туғаннан бастап 19 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің деректерін жан-жақты сараптады. Ғалымдар ішуге арналған темір қоспаларының темір тапшылығы анемиясы диагнозы қойылған және бұл белгілері жоқ балаларға қалай әсер ететінін зерделеді.
Зерттеу нәтижесі темір қоспаларын қабылдау анемия қаупін айтарлықтай төмендететінін дәлелдеді. Сонымен бірге аталған препараттар баланың бойы мен салмағының жас шамасына сәйкес өсу көрсеткіштеріне теріс ықпал етпейді.
Ата-аналардың күмәні мен жанама әсерлер
Талдау барысында педиатрлар мен ата-аналарды жиі алаңдататын жанама салдарлар да қаралды. Ғылыми деректер темір қабылдау жөтел, қызу көтерілуі немесе респираторлық тыныс жолдары сырқаттарының көбеюіне себеп болмайтынын көрсетті. Сондай-ақ құсу немесе диарея қаупінің де артуы тіркелмеген. Тек іш қату мен нәжіс түсінің өзгеруіне қатысты ғылыми дәлелдердің анықтығы әзірге жеткіліксіз болып отыр.
«Біздің шолу күнделікті темір қоспаларының өз міндетін толық атқаратынын, яғни темір тапшылығы анемиясын азайтатынын нақты көрсетті. Ең бастысы, олар ата-аналар мен медицина мамандарын жиі мазалайтын қарапайым балалар ауруларының дамуына ешқандай кері әсерін тигізбейді», – деп мәлімдеді доктор Крипа Раджагопалан.
Фолий қышқылы мен дәрумендердің кешенді әсері
Ғалымдар темірді фолий қышқылымен және өзге де минералды кешендермен бірге қолданудың нәтижелерін де салыстырып шықты. Темір мен фолий қышқылының қосындысы ағзадағы темір жетіспеушілігі мен анемияның төмендеуіне оң ықпал етеді. Бұл әдіс балалардың ас қорыту немесе тыныс алу жүйесінің сырқаттану қаупін өсірмейді.
Сонымен қатар темірді түрлі дәрумендер мен минералдар кешенімен бірге пайдалану да ағзадағы темір қорын қалпына келтіруге тиімді септігін тигізеді. Дәрігерлер кез келген қоспаны қабылдар алдында маман кеңесіне жүгіну маңызды екенін еске салады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







