Шымкентте Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Сөз маржаны – термеде» республикалық термешілер байқауы өтті. Елдің әр өңірінен келген өнерпаздар халықтың рухани мұрасын дәріптеп, орындаушылық шеберлігін ортаға салды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сахнада Майлықожа, Құлыншақ, Қайыпназар, Молда Мұса, Қызыл жырау, Қасқыр ақын, Құтай ақын және өзге де оңтүстік шайырларының өсиетке толы шығармалары орындалды. Ғасырлар қойнауынан жеткен тағылымды термелер көрерменге халқымыздың дүниетанымын, өмірлік тәжірибесі мен адамгершілік қағидаларын танытты.
Оңтүстік шайырларының тағылымы
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек оңтүстік өңірдің ақындық, жыраулық және күйшілік дәстүрі терең қалыптасқанын атап өтті.
«Оңтүстік – өнерге бай өлке. Мұхтар Әуезовтің «Шаянға барсаң, әншімін деме, Созаққа барсаң, күйшімін деме» деген сөзі бекер айтылмаған. Майлықожа бабамыздан бастап қаншама ақын, жырау мен термеші осы топырақта өмір сүріп, мол мұра қалдырды», – деді Сәрсен Құранбек.
Байқаудың өткізілу тәртібі
Байқаудың алғашқы кезеңі онлайн форматта ұйымдастырылды. Іріктеуден өткен 13 термеші шешуші кезеңде екі шығармадан орындады. Оның бірі міндетті түрде оңтүстік өңір ақындарының туындысы болуы керек. Қайталануды болдырмау үшін әр қатысушыға орындайтын терме алдын ала белгіленген.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Шалдыбеков қазылар алқасы орындаушылардың мақамына, дауыс мүмкіндігіне, сахна мәдениетіне және шығарманың мазмұнын жеткізу шеберлігіне назар аударғанын айтты. Байқауда төрелік еткен өнер майталмандары өздері де сахнаға шығып, терме орындады. Осылайша аға буын кейінгі толқынға жыраулық дәстүрдің үлгісін көрсетті.
Дәстүрлі өнерге қолдау
«Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығының өкілі Гүлшат Жақанқызының айтуынша, өнер додасы Шымкент әкімдігінің қолдауымен екінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін байқау шағын форматта орталық базасында ұйымдастырылған.
Терме – халықтың тарихын, даналығы мен ізгілікке ұмтылысын жеткізетін асыл қазына. Мұндай байқаулар дәстүрлі өнерді сақтап қана қоймай, оның жаңа орындаушылар мен тыңдармандар арасында кеңінен таралуына жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







