Қолданылған немесе жөндеуден өткен смартфон сатып алғанда тұтынушылар көбіне экранның бүтіндігіне, аккаунттың құлыптан босатылғанына және сыртқы түріне баса мән береді. Алайда құрылғының ұзақ әрі қауіпсіз қызмет етуіне тікелей әсер ететін басты фактор – оның қуат көзі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сатушы аккумулятордың түпнұсқа екенін айтып сендірсе де, оның қаншалықты шындыққа жанасатынын қарапайым тексерулер арқылы оңай анықтауға болады. Мұндай диагностика кейіннен күтпеген қосымша шығындарға тап болмауға көмектеседі.
Сыртқы белгілер: Корпус пен бұрандаларға назар аударыңыз
Смартфонды ашып көрмей-ақ, оның бұған дейін жөнделгенін сыртқы көрінісінен аңғаруға мүмкіндік бар. Корпус пен дисплей жиектерінің арасында саңылаулардың пайда болуы немесе экранның шамалы көтеріліп тұруы ішкі бөлшектердің ауысқанын білдіреді.
Гаджеттің төменгі қырындағы бұрандаларға жіті қарау қажет. Егер олардың түсі әртүрлі болса, сырылған іздер байқалса немесе бекіткіштер орнына дұрыс кірмей тұрса, телефонның іші ашылғаны даусыз. Сондай-ақ аккумулятор ісінген жағдайда құрылғының артқы қақпағы немесе экраны сыртқа қарай томпайып кетеді.
iPhone құрылғыларындағы бағдарламалық тексеру
Apple гаджеттерінде аккумулятор жағдайын білу үшін арнайы ресми бөлімдер қарастырылған. Ол үшін «Баптаулар» мәзірінен «Батарея» бөліміне кіріп, максималды сыйымдылық көрсеткішін тексеру қажет.
Батареяның максималды сыйымдылығы 80 пайыздан төмен болса, гаджеттің қуаты тез таусылып, оны дереу жаңасына ауыстыру қажет болады.
Сонымен қатар баптаулардағы «Негізгі» бөліміндегі «Құрылғы туралы» тармағынан «Бөлшектер мен қызмет көрсету тарихын» тексеру маңызды. Егер бұған дейін құрылғыға жөндеу жасалса, мұнда бөлшектің ауыстырылғаны туралы дерек көрсетіледі. Сапасыз немесе сертификатталмаған бөлшек салынған кезде жүйеде «Белгісіз бөлшек» туралы арнайы ескерту пайда болады. Толық ақпарат алу үшін дербес компьютер арқылы 3uTools бағдарламасын қолдануға болады.
Android, Samsung және Google Pixel құрылғылары
Google Pixel смартфондарында қуат көзінің ресурсын баптаулардағы арнайы «Батарея денсаулығы» бөлімінен көруге болады. Басқа өндірушілер де диагностика тетіктерін біртіндеп енгізіп келеді.
Samsung Galaxy пайдаланушылары үшін мүмкіндіктер ауқымды. One UI жүйесіндегі «Құрылғыға күтім» мәзірі немесе ресми Samsung Members қосымшасы арқылы интерактивті тексерулер жүргізуге болады. Бұл бағдарлама батареяның күйін ғана емес, сенсорлардың, динамиктердің және қуаттау ұясының жұмысын да талдап береді. Android жүйесіндегі батарея сыйымдылығы мен зарядтау циклдарын толық зерттеу үшін AccuBattery сервисін орнату ұсынылады.
Түпнұсқа емес бөлшектің қаупі қандай?
Түпнұсқа емес немесе арзан көшірме аккумуляторлар стандартты талаптарға сай келмейді. Салдарынан телефон зарядты дұрыс ұстамайды немесе тым баяу қуатталады.
Сапасыз көшірме аккумуляторлар құрылғының өнімділігін нашарлатып қана қоймай, қатты қызып кету және кенеттен сөніп қалу қаупін арттырады.
Зауыттық сертификатталған бағдарламамен жаңартылған құрылғыларды ресми кепілдікпен сатып алу қауіпсіз саналады. Мұндай сервистер әдетте жаңа әрі сапалы аккумуляторлар орнатады. Ал бейресми шеберханалар мен жеке сатушылардан алған жағдайда гаджетті алдын ала мұқият тексеріп алған абзал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






