Қазақстан жасанды интеллект саласындағы сенімді халықаралық әріптестікті дамытуға бағытталған AI Opportunity Partnership бірлескен мәлімдемесіне қосылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжатқа Вашингтонда Қазақстан атынан Премьер-Министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қол қойды. Бұл бастама жасанды интеллект, технологиялық прогресс және экономикалық қауіпсіздік бағытындағы ортақ ұстанымдарды бекітуге арналған.
AI Opportunity Partnership серіктес елдер үшін жасанды интеллектті дамытудағы негізгі бағыттарды айқындайды. Оған инновациялық реттеу, кәсіпкерлер мен стартаптарға қолдау көрсету, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамыту, жеке инвестиция тарту, есептеу инфрақұрылымына қолжетімділікті кеңейту және сенімді AI-экожүйелерін қалыптастыру кіреді.
Құжатта жасанды интеллекттің тек бағдарламалық бөлігі емес, оның физикалық негізі де маңызды екені көрсетілген. Яғни маңызды минералдар, энергия көздері, деректер орталықтары, есептеу қуаты, жартылай өткізгіштер, инженерлік кадрлар және тұрақты жеткізу тізбегі басты назарға алынған.
Қазақстан үшін бұл бағыттың мәні ерекше. Елде жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту, дата-орталықтар салу, есептеу қуатын кеңейту және жаңа технологиялық өндірістерге инвестиция тарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Сондықтан мұндай серіктестік Қазақстанға AI экономикасындағы орнын нақтылауға мүмкіндік береді.
Бастама маңызды минералдарды өңдеу бағыты үшін де жаңа мүмкіндік ашады. Жасанды интеллект индустриясы чип, сервер, энергия және тұрақты шикізат жеткізу жүйесіне тәуелді. Қазақстан осы тізбекте шикізат көзі ғана емес, өңдеу, инфрақұрылым және технологиялық әріптестік алаңы ретінде көрінуге мүдделі.
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты инженерлік және AI-кадрларын даярлауға қатысты. Жаңа экономикаға тек деректер орталығы немесе есептеу қуаты жеткіліксіз. Оны басқаратын, дамытатын және нақты секторға енгізетін мамандар қажет. Сондықтан бірлескен зерттеу жобалары мен білім беру бағдарламалары Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие.
AI Opportunity Partnership аясында ашық және жабық үлгідегі озық жасанды интеллект модельдеріне қолжетімділікті кеңейту де қарастырылған. Бұл қазақстандық стартаптар, зерттеушілер және компаниялар үшін жаңа өнім әзірлеуге, мемлекеттік және жеке секторға арналған инновациялық шешімдерді енгізуге қосымша жол ашады.
Қазақстанның бұл мәлімдемеге қосылуы елдің жасанды интеллектті тек тұтынушы ретінде емес, жаңа технологиялық экожүйенің белсенді қатысушысы ретінде дамытуға ұмтылып отырғанын көрсетеді.
Алдағы кезеңде басты мәселе осы мүмкіндікті нақты жобаларға айналдыру болады. Инвестиция, кадр, инфрақұрылым және халықаралық әріптестік бір арнаға тоғысса, Қазақстан Орталық Азиядағы жасанды интеллект пен деректер экономикасының маңызды хабына айнала алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







