Алматыда жастар белсенділері мен креативті индустрия өкілдеріне жаңа Конституцияның арнайы басылымы табысталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты рәсім Мемлекет басшысының атынан өтті. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының арнайы басылымын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке үндеуімен бірге Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырды.
Президент өз үндеуінде Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жемісті еңбек үшін жастар мен креативті сала өкілдеріне шынайы ризашылығын білдірген.
Іс-шараға қатысушыларды құттықтаған Аида Балаева Мемлекет басшысы жастарға ерекше назар аударып, олардың ел болашағындағы рөліне үлкен үміт артатынын атап өтті. Оның айтуынша, Президент ұсынған Әділетті, Таза және Күшті Қазақстан идеясы ең алдымен жас буынның жауапкершілігімен тығыз байланысты.
«Сіздер Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағысыздар. Еліміздің болашағы Конституцияда бекітілген қағидаттардың өмірде қаншалықты толық іске асатынына байланысты. Ал бұл ең алдымен сіздердің білімдеріңізге, еңбектеріңізге және азаматтық жауапкершіліктеріңізге тәуелді», деді Аида Балаева.
Вице-премьер елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар ең алдымен жастардың келешегіне бағытталғанын айтты. Сонымен қатар жас ұрпақты қолдау бойынша қабылданып жатқан мемлекеттік шараларға тоқталды.
Қазақстанда жастардың саяси және қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігі кеңейіп келеді. Партиялық тізімдер бойынша депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға 30 пайыздық квота енгізілген. Президенттік жастар кадр резерві де жаңа буын басқарушыларын қалыптастыратын маңызды әлеуметтік лифтке айналды.
Бүгінде елімізде жастарды қолдаудың кешенді жүйесі қалыптасқан. Кейінгі жылдары білім мен ғылымға салынған инвестиция көлемі 5 есеге артты. Білім беру жүйесінің бюджеті 3 есе өсті.
Президент тапсырмасымен 2024 жылы студенттер стипендиясы 2 есеге көбейтілді. Соңғы 5 жылда білім гранттарының саны 1,5 есеге артқан.
Кездесуде кадр даярлау жүйесінде де ауқымды өзгерістер жүріп жатқаны айтылды. Алдағы уақытта шамамен 800 мамандық қысқарады. Оның орнына еңбек нарығында сұранысы жоғары бағыттар бойынша маман даярлау күшейтіледі.
Жаңа Конституцияның жастарға табысталуы елдің болашағы жас ұрпақтың біліміне, еңбегіне және азаматтық ұстанымына байланысты екенін айқындайды. Конституцияда бекітілген құндылықтарды өмірге енгізу мемлекеттік институттардың ғана емес, қоғамның белсенді, жауапты және жаңашыл буынының да ортақ міндеті болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







