Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 72,1 пайызы Құрылтай сайлауы алдағы жексенбіде өтсе, дауыс беруге дайын екенін білдірді. Зерттеу азаматтардың алдағы электоралдық науқанға қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Сайлау қоғамның саяси белсенділігі мен мемлекеттік іске араласу деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіш саналады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әлеуметтанулық зерттеу 2026 жылғы 3–13 шілде аралығында Қазақстанның 17 облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізілді. Сауалнама бетпе-бет сұхбат алу әдісімен ұйымдастырылып, оған 1640 респондент қатысты. Қатысушылардан сайлауға бару ниеті мен қазіргі партиялық таңдауы сұралды.
«Сайлау алдағы жексенбіде өтсе, дауыс беруге қатысуды жоспарлайсыз ба?» деген сауалға респонденттердің 72,1 пайызы оң жауап берді. Сауалнамаға қатысқандардың 14,2 пайызы сайлау учаскесіне бармайтынын айтқан. Тағы 13,7 пайызы нақты шешімге келе алмаған.
Институт азаматтардың партиялық таңдауын да анықтауға тырысты. Респонденттерге сайлау алдағы жексенбіде өтсе, қай саяси ұйымға дауыс беруге әзір екені туралы сұрақ қойылды. Зерттеу нәтижесінде партиялар арасындағы рейтинг алшақтығы айқын байқалған.
Сауалнама қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы 61,7 пайыздық көрсеткішпен көш бастап тұр. Екінші орынға 5,1 пайыз қолдау жинаған «Ауыл» партиясы орналасқан. «Respublica» мен «Ақ жол» партияларының көрсеткіші тиісінше 4,5 және 4,1 пайызды құрады.
Қазақстан Халық партиясын респонденттердің 3,6 пайызы қолдауға дайын екенін жеткізді. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның рейтингі 3,5 пайыз болып, аталған саяси ұйыммен шамалас деңгейде қалыптасты. «Байтақ» жасылдар партиясына дауыс беруге ниетті азаматтардың үлесі 0,7 пайызды құрады.
Электорат үлесі
Сауалнамаға қатысқандардың 2,6 пайызы бюллетеньдегі «барлығына қарсы» нұсқасын таңдауға дайын екенін айтқан. Респонденттердің 14,2 пайызы қай партияға дауыс беретінін әлі анықтамаған. Осы көрсеткіштер сайлау науқаны барысында шешімін өзгертетін электорат үлесі әлі де елеулі екенін аңғартады.
Зерттеу авторлары респонденттердің көңіл күйіне сайлау жарияланғаннан кейінгі партиялық белсенділік айтарлықтай ықпал еткенін атап өтті. Сауалнаманың соңғы кезеңі саяси ұйымдардың съездері өтіп, сайлауалды бағдарламалар бекітіліп, кандидаттар тізімі жарияланған уақытпен тұспа-тұс келді.
Партиялардың мобилизациялық жұмысы сайлаушылардың қазіргі таңдауына әсер еткен негізгі фактордың бірі ретінде көрсетілді.
Институттың бағалауынша, зерттеу азаматтардың алдағы сайлауға қызығушылығы едәуір жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар партиялардың үгіт науқанына дейінгі белсенділігі электораттың саяси бағдарын қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Дегенмен сауалнама нәтижесі дауыс беру күні тіркелетін нақты қорытынды емес, зерттеу жүргізілген кезеңдегі қоғамдық көңіл күйдің көрінісі саналады.
Іріктеу аймақ, қала мен ауылда тұру, жыныс, жас және этникалық құрам секілді өлшемдер бойынша репрезентативті деп көрсетілген. Параметрлер 18 жастан асқан халықтың әлеуметтік-демографиялық құрылымына сәйкестендіріліп, Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірдегі деректері пайдаланылған. Сауалнаманың 95 пайыздық сенімділік деңгейіндегі статистикалық қателік шегі 1,18 пайыздан аспайды.
Еуразиялық интеграция институты зерттеу нәтижесін Орталық сайлау комиссиясының жазбаша хабарламасы негізінде жариялаған. Құжат 2026 жылғы 3 шілдеде беріліп, №ОСК-11-07/ЗТ-С-30 нөмірімен тіркелген. Институт мәліметті сайлау кезеңіндегі қоғамдық пікірді зерделеуге арналған зерттеу ретінде ұсынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







