Алматыда «Қазақ медиа қауымдастығы» мен «Түркі әлемі радио және тележурналистер қауымдастығы» арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат түркі мемлекеттерінің медиа саласындағы байланысын нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Меморандумға «Қазақ медиа қауымдастығының» төрағасы Ербол Азанбек пен «Түркі әлемі радио және тележурналистер қауымдастығының» төрағасы Олгунай Көсе қол қойды.
Кездесу барысында тараптар түркі елдерінің медиа ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселесін талқылады. Негізгі назар тәжірибе алмасуға, ортақ жобалар әзірлеуге және журналистер арасындағы кәсіби байланысты кеңейтуге аударылды.
Тараптар жасанды интеллект технологияларының медиа индустриясына түбегейлі өзгеріс әкеліп отырғанын атап өтті. Жаңа құралдар ақпарат өндіру, тарату және аудиториямен байланыс орнату тәсілдерін жаңартып жатыр.
Сондықтан Орталық Азия мен Түркі әлеміндегі медиа ұйымдарының күш біріктіруі маңызды саналады. Қауымдастықтар жасанды интеллектіні журналистикада тиімді пайдалану, редакциялық тәжірибе алмасу және жаңа технологияларға ортақ бейімделу тетіктерін қалыптастыруды көздейді.
Қазір Түркия және Орталық Азия мемлекеттеріндегі медиа ұйымдарымен келіссөздер жалғасып жатыр. Күзде Астанада өтетін қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының халықаралық форумына түркі елдері мен Орталық Азиядағы журналистік ұйымдардың өкілдерін шақыру жоспарланған.
Форум кәсіби қауымдастықтардың өзара байланысын күшейтіп, медиа нарықтағы жаңа үрдістерді талқылайтын халықаралық алаңға айналмақ. Кездесуде сапалы журналистиканы дамыту, технологиялық трансформация және ақпараттық кеңістіктегі ортақ бастамаларға басымдық беріледі.
Алматыда жасалған меморандум осы халықаралық ықпалдастықтың маңызды қадамы ретінде бағаланып отыр. Құжат тараптарға журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға, бірлескен жобалар ұйымдастыруға және түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін дамытуға мүмкіндік береді.
Қауымдастықтардың ортақ мақсаты түркі медиасының жаңа технологияларға бейімделуіне, жасанды интеллект мүмкіндігін сауатты қолдануына және кәсіби журналистика стандарттарын нығайтуға үлес қосу болып отыр. Тараптар бірлік пен тұрақты ынтымақтастықты ортақ болашақтың негізгі тірегі ретінде атады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







