Қазақстан Орталық Азия экономикасының негізгі тірегіне айналып, өңірдегі өндіріс, қаржы, инвестиция және транзит ағынының басым бөлігін өзіне шоғырландырды. 2025 жылдың қорытындысында елдің жалпы ішкі өнімі 306 миллиард долларға жетіп, аймақ экономикасының 53, 7 пайызын құрады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Халықаралық басылымдар келтірген дерекке сәйкес, Қазақстан экономикасының көлемі өңірде екінші орында тұрған Өзбекстаннан екі еседен астам үлкен. Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі 147, 1 миллиард доллар деп бағаланған. Түрікменстан экономикасы 77, 4 миллиард долларды, Қырғызстан 21, 6 миллиард долларды, Тәжікстан 17, 5 миллиард долларды құрады.
Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткішінде де айырмашылық айқын байқалады. Қазақстанда аталған меже шамамен 15 мың долларға жетті. Түрікменстанда 11, 6 мың доллар, Өзбекстанда 3, 8 мың доллар, Қырғызстанда 3 мың доллар, Тәжікстанда 1, 7 мың доллар деңгейінде қалыптасты.
Мұндай алшақтық экономика көлемімен ғана өлшенбейді. Көрсеткіш еңбек өнімділігінің, ішкі нарық сыйымдылығының және елде қалыптасатын қосылған құнның салыстырмалы түрде жоғары екенін аңғартады. Қазақстанның өңірлік салмағы табиғи ресурстар қорымен қатар қаржы жүйесіне, өндірістік инфрақұрылымға және халықаралық капиталмен жұмыс істеу тәжірибесіне сүйенеді.
Ел экономикасының құрылымы да біртіндеп өзгеріп келеді. Жалпы қосылған құнның 20 пайызға жуығы сауда саласында қалыптасады. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 13 пайызды, тау-кен өндірісінің үлесі 11, 9 пайызды құрайды.
Жылжымайтын мүлік нарығы да экономикадағы елеулі сегментке айналды. Қазақстан аталған бағыт бойынша көрші мемлекеттерден алда келеді. Мұндай көрсеткіш ішкі нарықтың көлемін, халық пен бизнестің төлем қабілетін және құрылыс саласындағы айналымның ауқымын көрсететін индикатор ретінде бағаланады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған экономикалық саясат өңдеу өнеркәсібін, цифрлық секторды, көлік-логистика жүйесін, қаржы қызметін және инновациялық салаларды кеңейтуге бағытталған. Негізгі мақсат мұнай мен металға тәуелділікті біртіндеп азайтып, өсімнің жаңа нүктелерін қалыптастыруға тіреледі.
Халықаралық валюта қорының болжамынша, 2026 жылы Қазақстан экономикасының көлемі 360, 4 миллиард долларға жетуі мүмкін. Осындай нәтиже елге әлемдегі ірі экономикалар рейтингінде 49-орынға көтерілуге мүмкіндік береді. Өзбекстан 61-орынға орналасады деген болжам бар. Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан бұдан төмен сатыда қалмақ.
Өңдеу өнеркәсібінің, цифрлық қызметтің, логистиканың және қаржы секторының кеңеюі Қазақстанға экономикалық өсім көздерін әртараптандыруға жол ашады. Осындай модель сыртқы нарықтағы баға құбылысына төзімділікті арттырып, экономиканың шикізат циклдеріне тәуелділігін әлсіретуге тиіс.
Қазақстанның аймақтағы басымдығы банк секторынан да көрінеді. 2026 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердің активі 140 миллиард долларға жеткен. Аталған көлем Өзбекстан банк жүйесінің активінен 80 пайыздан астам жоғары және Тәжікстан көрсеткішінен шамамен 24 есе көп.
Қырғызстан банк жүйесінің активі 13, 9 миллиард доллар деп бағаланды. Қазақстан несие беру көлемі мен халықтан және бизнестен тартылған депозит мөлшері бойынша да Орталық Азияда бірінші орында тұр.
Ел банктеріндегі депозиттік база 2026 жылдың басында 96, 4 миллиард долларды құрады. Көрсеткіш Өзбекстаннан шамамен үш есе көп және аймақтағы өзге мемлекеттердің деңгейінен едәуір жоғары.
Ірі депозиттік портфель банктерге тұрақты қорландыру көзін қалыптастырады. Соның есебінен қаржы ұйымдары жеке секторды несиелеу мүмкіндігін кеңейтіп, экономиканың ұзақ мерзімді жобаларына қаражат бағыттай алады. Актив, депозит және несие портфелінің ауқымы Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші қаржы орталығы ретіндегі мәртебесін күшейтіп отыр.
Халықаралық бизнес үшін де Қазақстан өңірге кіретін негізгі инвестициялық қақпа саналады. Ел экономикасының көлемі, макроэкономикалық орнықтылық, дамыған қаржы инфрақұрылымы және Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық орналасуы ұзақ жыл бойы ірі капиталды тартуға мүмкіндік берді.
БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы жариялаған World Investment Report 2025 есебіне сәйкес, Қазақстанда жинақталған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 151, 3 миллиард долларға жетті. Аталған сома Орталық Азиядағы барлық жинақталған инвестицияның 68, 6 пайызын құрайды.
Өңірдегі тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 220, 5 миллиард доллар деп бағаланған. Түрікменстанға 44, 6 миллиард доллар, Өзбекстанға 16, 7 миллиард доллар тиесілі. Қырғызстан мен Тәжікстандағы жинақталған инвестиция мөлшері әр елде шамамен 4 миллиард долларды құрайды.
Қазақстанда капиталдың осындай көлемде шоғырлануы бір жылдың нәтижесі емес. Инвесторларды ішкі нарықтың сыйымдылығы, табиғи ресурс базасы, көлік дәліздері, қаржы инфрақұрылымы және халықаралық компаниялармен ірі жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі қызықтырады.
Инвестиция тартқан алып магнит
Инвестициялық саясат реттеу тетіктерінің болжамдылығын арттыруға және ұзақ мерзімді жобаларға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Мемлекет басшысы тұрақты әрі түсінікті іскерлік орта капитал тартудың негізгі шарты екенін бірнеше рет атап өткен.
Қазақстан халықаралық экономикалық рейтингтерде де Орталық Азия мемлекеттерінен жоғары тұр. Экономикалық күрделілік индексінде ел әлем бойынша 55-орынға орналасқан. Аталған индекс мемлекеттің технологиялық жағынан күрделі өнім өндіру және экспорттау қабілетін, өнеркәсіптік құзырет пен жинақталған өндірістік білім деңгейін бағалайды.
Экономикалық еркіндік индексінде Қазақстан 68-орынды иеленді. Рейтингті есептеу кезінде меншік құқығын қорғау, мемлекеттік реттеудің тиімділігі, нарықтың ашықтығы және бизнес жүргізу жағдайы ескеріледі.
Қазақстанның өңірлік артықшылығы экономика көлеміне ғана сүйенбейді. Институционалдық орта, капитал тарту қабілеті, қаржы жүйесінің тереңдігі және өндірістік құзырет те маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік басқаруды жаңғырту, нарық институттарын нығайту және инвесторларға түсінікті орта қалыптастыру жұмысы жалғасып жатыр.
Конституциялық реформа да ұзақ мерзімді институционалдық өзгерістің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Оның мақсаты басқару тиімділігін арттырып, мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілік тетігін күшейтуге бағытталған.
Қазақстанның экономикалық салмағы Қытаймен арадағы қарым-қатынастан да анық көрінеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің 15 шілдеде Шанхайда өткен кездесуі кеңейіп келе жатқан экономикалық серіктестіктің жаңа кезеңін айқындады.
2025 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық 48 миллиард долларға жетті. Екі тарап 2030 жылға қарай сауда көлемін 100 миллиард долларға жеткізу міндетін қойып отыр.
2025 жылдың ортасындағы есеп бойынша Қытайдың Қазақстан экономикасына салған жинақталған тікелей инвестициясы шамамен 11, 4 миллиард долларды құрады. Көрсеткіш Орталық Азия елдерінің арасындағы ең жоғары деңгей саналады және Қытайдың өңірге бағыттаған капиталының үштен біріне жуығын қамтиды.
Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық тасымалда шешуші орын алады. Екі бағыт арасында жүретін жүктің 85 пайыздан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Мұндай географиялық артықшылық елдің транзиттік әлеуетін стратегиялық экономикалық ресурсқа айналдырды.
2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалы 35, 6 миллион тоннаға жетіп, бір жылда 11 пайызға өсті. Соңғы жеті жылда Қазақстан көлік және транзит инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард доллардан астам қаржы бағыттады.
Негізгі жобалар қатарында Ақтаудағы контейнерлік хаб, Қытайдың Сиань қаласындағы құрғақ порт және Достық – Мойынты теміржол учаскесіндегі екінші жол құрылысы бар. Осындай инфрақұрылым Қазақстанның Каспий теңізі, Кавказ және Еуропа бағытындағы көлік дәліздерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы құны 8, 7 миллиард доллар болатын 62 бірлескен жоба аяқталды. Олардың нәтижесінде шамамен 11 мың жұмыс орны ашылған.
Қазір құны 13, 5 миллиард доллар болатын тағы 55 жоба жүзеге асырылып жатыр. Болашақ инвестициялық портфельге жалпы сомасы 60 миллиард доллардан асатын 220-дан астам бастама енгізілген.
Сауда, өндіріс, қаржы және көлік инфрақұрылымының қатар дамуы Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық өзек ретіндегі орнын нығайтып келеді. Ел өңірдегі капиталдың, банктік активтің және шетелдік инвестицияның негізгі бөлігін жинақтап қана қоймай, Қытай мен Еуропаны жалғайтын құрлықтық дәліздің басты буынына айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







