Президент екі ел арасындағы өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытудың басым бағыттарын белгіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қазақстан мен Қытайдың мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестігі берік тарихи негізге ие екенін және тату көршілік пен өзара сенім рухында сенімді дамып келе жатқанын атап өтті. Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы рекордтық көрсеткіш – 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтер өзара сауда көлемін 100 миллиард долларға дейін ұлғайту бойынша белсенді жұмыс істеуде. ҚХР дәстүрлі түрде Қазақстан экономикасына 29 миллиард доллардан астам қаржы құйған ең ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Қазақстанда қытайлықтардың қатысуымен тоғыз мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр, деп атап өтті Президент.
«Елдеріміз арасында орнатылған визасыз режим де іскерлік байланыстарды кеңейтуге елеулі үлес қосуда. Қазіргі таңда Қазақстанда ауқымды инвестициялар тарту және ірі жобаларды жүзеге асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасалған деп сеніммен айтуға болады. Осы жылдың 1 шілдесінде күшіне енген Конституцияның негізгі ережелері елдің инвестициялық әлеуетін нығайтудың қуатты құқықтық іргетасын құрайды», – деп баса айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың терең трансформациясы жағдайында Қазақстан мен Қытай өзара сенімге, ашықтыққа және ұзақмерзімді мүдделер ортақтығына негізделген заманауи әрі тиімді жасампаз ынтымақтастық моделін ұсына алады деп санайды. Осыған сүйене отырып, сөйлеген сөзінде екі елдің одан әрі өзара тиімді әріптестігінің басым бағыттары белгіленді. Бірінші кезекте Президент көлік және логистика саласына тоқталды.
Көлік дәліздері мен логистиканы дамыту
«Халықаралық серіктестермен бірлесіп, біз теміржол қуатын арттырып, автокөлік магистральдары мен теңіз порттарын кеңейтіп, жүк авиациясы мен шекара маңы инфрақұрылымын дамытып жатырмыз. Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасты. Қазақстанның Бас консулдығын ашу жоспарланған Чэнду қаласындағы қазақ-қытай терминалы логистикалық желінің жаңа маңызды буынына айналады. Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының заманауи конфигурациясын қалыптастыратын Орта дәлізді дамытуды басым міндет деп санаймыз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, болжам бойынша 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлік пойыздардың саны үш мыңға дейін өседі. Бұл Қазақстанның жаһандық логистикалық тізбектегі маңызды көлік хабтарының бірі ретіндегі ұстанымын нығайта түспек.
«Биылғы жылдың тамыз айында мен Арал – Каспий автотрассасының құрылысына бастау бердім. Жаңа бағыт Шығыс – Батыс бағытының өткізу қабілетін бірнеше есе арттырады. Жақын арада Мойынты – Қызылжар және Бақты – Аягөз теміржол желілерінің ауқымды құрылысы аяқталады. Жүк тасымалының ашықтығы «Ақылды шекара» қанатқақты жобасы аясында цифрлық технологияларды бірлесіп енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Қытайдың Minmetals Logistics корпорациясымен серіктестікте пилотсыз көлік технологиялары мен цифрлық шешімдері бар логистикалық дәліз құрылуда. Бұл біздің еліміз үшін бірегей жоба. Біз мультимодальды тасымалдарды дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Alatau Air Cargo ұлттық жүк авиатасымалдаушысы жұмысын бастады. Қазақстандық нарыққа Cathay Pacific Cargo және басқа да ірі әлемдік жүк авиакомпаниялары шығуда. Азаматтық авиация да маңызды рөл атқарады. Биыл Алматы – Сиань, Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу, Ақтау – Үрімжі бағыттары бойынша рейстер ашылды. Осы аптада алғашқы тікелей жолаушылар рейсі Алматы мен Чунцин қалаларын байланыстырды», – деді Мемлекет басшысы.
Қаржылық инфрақұрылым және жаңа бастамалар
Президент мұндай бастамаларды жүзеге асыру тиісті қаржылық инфрақұрылымды талап ететініне назар аударды. Ол форумға қатысушыларға Қазақстанда көптеген жылдар бойы «Астана» халықаралық қаржы орталығы табысты жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді.
«Әлемнің жетекші қаржы орталықтарының бірі – Гонконгпен АХҚО өзара іс-қимылын дамытуда үлкен әлеует бар деп көреміз. Осы жылдың қыркүйек айының басында «Самұрық-Қазына» қоры Орталық Азия мен ШЫҰ елдерінің эмитенттері арасында алғаш болып 3 миллиард юаньнан (450 миллион доллар) астам сомаға панда-облигацияларын шығарып, Қытайдың банкаралық нарығына шықты. Қазақстан бүкіл инвестициялық циклді барынша қысқа, ашық және технологиялық етуге ниетті. Инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания (Kazakh Invest) жанынан қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қойылуы – осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам», – деп есептейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтарының тікелей өзара іс-қимылының тұрақты алаңына айналуы тиіс.
«Оны жыл сайын қыркүйек айында «Қазақстан – Қытай» Алматы инвестициялық диалогы атауымен өткізуді ұсынамын. Бүгін бірқатар нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл келісімдер тек Қазақстан мен Қытайдың ғана емес, бүкіл Еуразия құрлығының тұрақты дамуына игі ықпал ететініне сенімдімін», – деді Президент.
Тату көршілік пен өзара ынтымақтастық
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қытаймен мәңгілік достықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті – Біздің ел үшін бұл сыртқы саясаттың ең маңызды мақсаттарының бірі.
«Ортақ тарихымызға көз жүгіртсек, қытай халқы біздің халқымызға ешқашан зиян келтірген емес. Көптеген жылдар бойы екі халық өзара құрметті сақтап және бір-біріне қолдау көрсете отырып, шынайы үйлесімде қатар өмір сүрді. Қазіргі тұрақсыз және белгісіздік кезеңде Қазақстан мен Қытай сенімді серіктестер ретінде сан алуан сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұру үшін иық тіресе бірге әрекет етуі қажет. Қытай тілінде «жұмылған жұрт Тайшань тауын да орнынан қозғайды» деген мағыналы мақал бар. Екі дос әрі көршілес мемлекет ретінде Қазақстан мен Қытай бірлесіп кез келген істі табысты жүзеге асыра алатынына сенімдімін», – деп түйіндеді өз сөзін Мемлекет басшысы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







