Қазақстан қазір Орталық Азиядағы ең ірі экономика әрі халықаралық капитал үшін өңірге кіретін негізгі қақпа саналады. Елдің нарық көлемі, қаржы инфрақұрылымы, географиялық орны және институционалдық реформалары оны Өзбекстан мен көрші мемлекеттерден тартымды етіп отыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жұмыс сапары аясында All China Review басылымы Қазақстанның экономикалық мүмкіндігі мен инвестициялық тартымдылығына арналған мақала жариялады. Басылым еліміздің өңірдегі көшбасшылығын нақты макроэкономикалық көрсеткіштермен байланыстырады.
Қазақстан экономикасының көлемі Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерден едәуір үлкен. Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі 147,1 миллиард доллар деңгейінде бағаланса, Қазақстан экономикасы аталған көрсеткіштен екі еседен астам жоғары.
Түрікменстанның жалпы ішкі өнімі 77,4 миллиард долларды, Қырғызстан 21,6 миллиард долларды, Тәжікстан 17,5 миллиард долларды құрайды. Экономикалық ауқымдағы мұндай алшақтық Қазақстан нарығының сыйымдылығын және ірі инвестициялық жобаларды қабылдау мүмкіндігін көрсетеді.
Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім бойынша да Қазақстанның басымдығы анық байқалады. Елдегі көрсеткіш шамамен 15 мың долларға жеткен. Түрікменстанда 11,6 мың доллар, Өзбекстанда 3,8 мың доллар, Қырғызстанда 3 мың доллар, Тәжікстанда 1,7 мың доллар деңгейінде қалыптасқан.
Аталған айырмашылық экономиканың өнімділігіне, халықтың сатып алу қабілетіне және ел ішінде өндірілетін қосылған құн көлеміне қатысты маңызды белгі саналады. Инвестор үшін нарықтағы тұтыну мүмкіндігі мен экономикалық айналымның тереңдігі шешуші рөл атқарады.
All China Review авторлары Қазақстандағы капиталдың шоғырлануы ұзақ жыл бойы қалыптасқанын атап өтеді. Шетелдік компанияларды ішкі нарықтың көлемі, табиғи ресурс қоры және Еуропа мен Азияны жалғайтын стратегиялық орналасу қызықтырады.
Дамыған банк жүйесі, көлік-логистика инфрақұрылымы және ірі халықаралық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі де Қазақстанның бәсекелік артықшылығын күшейтеді. Ел мұнай-газ және тау-кен саласымен шектелмей, өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, қаржы, цифрлық технология және логистика бағыттарын кеңейтіп келеді.
Қазақстанның инвестициялық саясаты реттеу тәртібін барынша түсінікті әрі болжамды етуге бағытталған. Ұзақ мерзімді жобаға қаражат салатын инвестор үшін ереженің тұрақтылығы, меншік құқығының қорғалуы және мемлекеттік шешімдердің бірізділігі аса маңызды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тұрақты әрі түсінікті бизнес ортасын қалыптастыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен. Жүргізіліп жатқан реформалар халықаралық компанияларға жобаны бірнеше жылға жоспарлап, тәуекелді алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
Тоқаев реформасының экономикалық салмағы
Қазақстан экономикалық күрделілік пен экономикалық еркіндік көрсеткіштері бойынша да Орталық Азиядағы көрші мемлекеттерден жоғары тұр. Мұндай рейтингтер өндірістік құзыретті, нарық институттарының сапасын және технологиялық жағынан күрделі өнім шығару мүмкіндігін бағалайды.
Экономикалық күрделілік индексінде Қазақстан әлем бойынша 55-орынға орналасқан. Рейтинг елдің технологиялық әрі өндірістік әлеуетін, күрделі тауарларды өндіру және экспорттау қабілетін көрсетеді.
Экономикалық еркіндік индексінде Қазақстан 68-орынды иеленген. Бағалау кезінде меншік құқығын қорғау, мемлекеттік реттеудің тиімділігі, экономиканың ашықтығы және кәсіпкерлік жүргізу жағдайы ескеріледі.
Басылым авторлары Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық позициясы экономика көлеміне ғана емес, институттардың сапасы мен ұзақ мерзімді капитал тарту қабілетіне де сүйенетінін жазады. Мемлекеттік басқаруды жаңғырту, нарықтық тетіктерді нығайту және инвестициялық рәсімдерді жетілдіру осы бағыттағы негізгі қадамдардың қатарына жатады.
Конституциялық реформалар да елдің институционалдық негізін күшейтуге бағытталған. Басқару тиімділігі, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі және азаматтар мен бизнестің құқығын қорғау инвестор сеніміне тікелей ықпал етеді.
Шетелдік капитал тек үлкен нарыққа емес, ережесі тұрақты әрі келешегі айқын мемлекетке келеді. Қазақстанның басты артықшылығы да осында: экономикасының ауқымы қаржы инфрақұрылымымен, географиялық мүмкіндік институционалдық реформалармен ұштасып отыр.
Сондықтан Қазақстан халықаралық бизнес үшін Орталық Азиядағы ең ірі әрі дамыған инвестициялық алаң мәртебесін сақтап келеді. Ал өңірдегі өзге мемлекеттер нарық көлемі, қаржы жүйесі және жинақталған өндірістік тәжірибе тұрғысынан Қазақстан деңгейіне жету үшін әлі де ауқымды реформалар жүргізуге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







