Мемлекеттегі ешбір ірі іс өздігінен жүзеге аспайды. Елдің күнделікті тіршілігін қамтамасыз етіп отырған жолдардың салынуы, жаңа бағыттардың ашылуы мен ескі магистральдардың жаңаруының артында жүйелі мемлекеттік саясат және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық ұстанымы тұр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Жолдың жайын жүрген білер» дейді қазақ. Аймақтарды жиі аралайтындықтан, бір айдың жиырма күнін сапарда өткізетін кезім аз емес. Сондықтан елдегі жол сапасының қалай өзгеріп жатқанын әр сапар сайын көзбен көріп, көңілге түйіп жүрмін.
Былтыр Батыс Қазақстан облысына бірнеше мәрте ат басын бұрдым. Бұрын Орал қаласынан Сырым ауданының орталығы Жымпитыға дейін жетуге үш сағаттай уақыт кететін. Қазір жол жөнделіп, осы қашықтықты бір-бір жарым сағат шамасында жүріп өтуге болады.
Бір кездері тарихи Бөкей Ордасына жетудің өзі қиямет-қайым еді. Батыс Қазақстанның талай ауылын араласам да, жолдың қиындығынан дәл осы мекенге бару ұзақ уақыт бойы мүмкін болмады. Бүгінде ол бағытқа да тақтайдай тегіс жол төселіп, былтыр Бөкей Ордасының тарихи орындарын тамашалап қайту бақыты бұйырды.
Биыл Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына да жаңа жолмен жеттік. Бұрын бұл бағытта жеңіл көліктің табаны тесіліп, жолаушылардың жолда қалып қоятын кезі жиі болғанын жергілікті жұрт айтады. Енді түзу жол Бозжыраға баратын сапарды жеңілдетіп, қазақ табиғатының сұлулығын әлемге кеңінен танытуға мүмкіндік беріп отыр.
Жақында жеке көлікпен Астанадан Павлодарға, одан Семей мен Өскемен арқылы Қатонқарағайға сапарладық. Жол сапасы көңілден шықты, кейбір учаскеде құрылыс пен жөндеу жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Жыл өткен сайын өңірлер арасындағы қозғалыстың жеңілдеп келе жатқанын сапар барысында анық сезінесің.
Бозжырадан Қатонқарағайға дейін
Көлік министрлігінің мәліметінше, кейінгі жылдары Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахан бағыттарындағы негізгі жұмыс аяқталды. Шығыс жұрты отыз жыл күткен Бұқтырма су қоймасы үстіндегі көпір де пайдалануға берілді. Шақпақ баба асуындағы тоннель, Қызылорда – Жезқазған және Жезқазған – Қарағанды бағыттарындағы құрылыс аяқталса, ел ішіндегі көлік қатынасы тағы бір сатыға көтеріледі.
Мұндай жобалардың артында Мемлекет басшысының жол мәселесіне тұрақты назар аударып, оның орындалуын бақылауда ұстауы тұр деп білемін. Тақтайдай жолмен заулап келе жатып билікті сынауға болады, бірақ атқарылған еңбекті әділ бағалау да азаматтық ұстанымның бір бөлігі. Жол құрылысы жай ғана асфальт төсеу емес, тұтас өңірдің тынысын ашатын экономикалық шешім.
Теміржол саласында да «Достық – Мойынты», Алматы айналма теміржолы, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз» бағыттары жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтіп, халықаралық жүк тасымалының көлемін арттыруға тиіс. Жаңа теміржол желілері елдің Азия мен Еуропа арасындағы маңызды көлік дәлізі ретіндегі орнын бекіте түседі.
Қатонқарағайға сапар кезінде салынып жатқан жаңа әуежайдың құрылысын да өз көзімізбен көрдік. Нысан пайдалануға берілсе, шығыс өңірінің туризмі мүлде жаңа деңгейге көтеріліп, Алтайдың көркем табиғатына жету әлдеқайда жеңілдейді. Ұзақ жолдан именетін турист бір-екі сағаттың ішінде тамылжыған табиғаттың қақ ортасына келіп, жергілікті бизнеске де жаңа мүмкіндік ашылады.
Осы айтылғандардың бәрі менің жол үстінде көріп, көңілге түйгендерім ғана. Елдегі барлық мәселе шешіліп кетті деуден аулақпын, жөндеуді қажет ететін бағыт әлі де бар. Дегенмен көз алдыңда болып жатқан өзгерісті жоққа шығару да әділетке жатпайды.
Мен мұның бәрін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың даурықпай, мақтансыз және жүйелі түрде атқарып келе жатқан игі істерінің бірі деп қабылдаймын. Жолдар – мемлекеттің күретамыры. Сол күретамыр арқылы тіршілікке жан бітіп, ел мен жердің тынысы кеңейеді.
Автор: журналист Арман Әубәкір
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







