Талғар ауданының Нұра ауылындағы №12 орта мектептің күрделі жөндеуі төрт жылдан бері аяқталмай келеді. Мердігерлердің салғырттығынан мыңға жуық оқушы Мәдениет үйінде, әкімдік ғимаратында және көрші ауылдардағы мектептерде білім алуға мәжбүр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев білім ошағына арнайы барып, құрылыс барысымен танысты. 1969 жылы салынған мектеп ғимараты алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Алайда ұзаққа созылған жұмыс ауыл тұрғындары мен оқушыларға елеулі қолайсыздық туғызған.
Жөндеуді бастапқыда «Sheberbuld» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Кейін компания жосықсыз мердігер деп танылып, 2025 жылғы қыркүйекте нысан «Еңбек Өскемен» серіктестігіне тапсырылды. Жаңа мердігер мектепті 2026 жылғы маусымда пайдалануға беруге міндеттенгенімен, жұмыс әлі аяқталмаған.
Қазір екі компанияға қатысты іс сотқа жолданып, айыппұл салынған. «Еңбек Өскемен» өкілі уақыттың едәуір бөлігі алдыңғы мердігер жіберген кемшілікті түзетуге кеткенін айтты. Дегенмен облыс басшысы мұндай уәж жұмыстың ұзаққа созылуын ақтамайтынын жеткізді.
Марат Сұлтанғазиев құрылыс пен қажетті материалға қаржы толық бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалса да, нысандағы қазіргі жұмыс қарқыны көңіл көншітпейді. Облыс әкімі мектепті қыркүйекке дейін толық аяқтап, пайдалануға беруді талап етті.
Аймақ басшысы қажет болған жағдайда мердігерді қайта ауыстыру мәселесін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар нысанға қатысты құжаттарды Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жіберу жөнінде нұсқау берді. Жауапты мемлекеттік органдар құрылыс барысын күн сайын бақылауға тиіс.
Марат Сұлтанғазиев іске салғырт қараған компанияларға қатаң шара қолдану қажеттігін айтты. Ол ауыл тұрғындарын да қоғамдық бақылауға белсенді араласуға шақырды. Әкімнің пікірінше, бюджет қаржысына жүргізілген әр жұмыс халықтың көз алдында әрі белгіленген мерзімде орындалуы керек.
Бұдан кейін облыс әкімі Белбұлақ ауылындағы №10 орта мектептің жөндеу жұмысын тексерді. Мұнда негізгі құрылыс аяқталуға жақын болғанымен, сапаға қатысты бірқатар кемшілік анықталған. Мектеп маңындағы қосалқы нысандар жөнделмей, спорт алаңының құрылысы жүйесіз жүргізілген.
Облыс басшысы анықталған олқылықты қысқа мерзімде жоюды міндеттеді. Мектеп аумағы толық абаттандырылып, барлық инфрақұрылым белгіленген талапқа сәйкес жасалуға тиіс. Марат Сұлтанғазиев білім беру нысандарының сапасы мен балалардың қауіпсіздігі басты назарда болатынын ескертті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







