Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Алтын Орда тарихындағы әйелдер: билік, дипломатия және мәдениет» атты ғылыми дөңгелек үстел өтті. Басқосуда ортағасырлық Еуразиядағы әйел көшбасшылығы мен олардың саяси, мәдени және рухани өмірге ықпалы талқыланды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шара Алтын Орда тарихындағы әйелдердің орнын кешенді зерттеуге арналды. Ғалымдар олардың мемлекеттік басқару, дипломатия және мәдени мұраны қалыптастырудағы қызметіне назар аударды. Сонымен қатар әйел көшбасшылығын зерттеудің заманауи ғылыми тәсілдері сараланды.
Ғылыми жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алтын Орда мұрасын халықаралық қауымдастықпен бірлесе зерттеу жөніндегі бастамасы аясында ұйымдастырылды. Бастама ұлттық тарихты жаңғыртып, Ұлық Ұлыстың құндылықтарын қазіргі өркениетпен сабақтастыруды көздейді. Қатысушылар тарихи мұраны жаңа деректер мен ғылыми әдістер негізінде зерделеудің маңызын атап өтті.
Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова Алтын Орда тарихын әйел тұлғасы арқылы зерттеу уақыт талабына айналғанын айтты. Оның сөзінше, тарих ұзақ жыл бойы билеушілер мен әскери жорықтар төңірегінде баяндалып келді. Қазіргі зерттеулер қоғамның дамуы, дипломатия мен мәдениетте әйелдердің де айрықша орны болғанын көрсетіп отыр.
Бейбіткүл Кәрімова университеттің міндеті кәсіби маман даярлаумен ғана шектелмейтінін жеткізді. Білім ордасы ұлттық құндылықты бойына сіңірген, тарихи санасы берік әрі көшбасшылық қабілеті қалыптасқан қыздарды тәрбиелеуге басымдық береді. Ректор ғылыми талқылаудан туындайтын ұсыныстар жаңа зерттеулерге негіз болады деген сенім білдірді.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Гаухар Тасбергенова әйелдердің тарихтағы орнына тоқталды. Ол қыз балаларды білімді әрі көшбасшы тұлға ретінде тәрбиелеудегі QyzPU еңбегіне жоғары баға берді. Ғалым әйел тұлғасын тарихи үдерістен бөліп қарауға болмайтынын атап өтті.
Ұлыс тағдырындағы әйел қолтаңбасы
Дөңгелек үстелге жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан мен Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова қатысты. Басқосуға жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғалымдары, археологтар, шығыстанушылар және мәдениеттанушылар да жиналды. Ислам өркениетін зерттеушілер мен жас ғалымдар да өз пікірін ортаға салды.

Жиынға QyzPU-дың Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева модераторлық етті. Ол әйелдердің мемлекеттік басқару мен дипломатиядағы ықпалын терең зерделеу қажеттігін айтты. Алтын Орда дәуіріндегі көрнекті әйел тұлғаларды зерттеу ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Баяндамаларда Жошы ұлысындағы әйелдердің қоғамдық мәртебесі мен саяси ықпалы талданды. Ғалымдар ортағасырлық ойшылдардың дүниетанымы, тарихи зерттеулердегі гендерлік фактор және музейлік репрезентация мәселесін қарастырды. Ақсүйек әйелдердің қолөнер мен зергерлік өнерді дамытуға қосқан үлесі де жан-жақты сараланды.
Баку славян университетінің профессоры Севда Ахундова бастаған шетелдік зерттеушілер жиынға онлайн форматта қатысты. Олар Алтын Орда кеңістігіндегі әйелдердің дипломатиялық және мәдени қызметіне арналған баяндамаларын ұсынды. Халықаралық пікір алмасу тарихи үдерістерді салыстырмалы тұрғыдан бағалауға жол ашты.
Іс-шара аясында қазақ әйелдерінің тарихи рөлі мен қоғамдық мәртебесін танытатын арт-көрме ұйымдастырылды. Көпшілік назарына сирек басылымдар қойылған тақырыптық кітап көрмесі де ұсынылды. Ғылыми және көркем экспозициялар әйелдердің ұлттық тарихтағы орнын кеңінен танытуға бағытталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







