«Байқоңыр» ауданында реновация бағдарламасы аясында салынған алғашқы көпқабатты «Дәрмен-1» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысан ауданды кешенді жаңғырту жоспарының нақты құрылыс кезеңіне өткенін көрсетті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Реновация бағдарламасы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатыр. Қазір инвесторларға жалпы аумағы 38, 61 гектар болатын 25 жер телімі берілген. Аталған учаскелерде жаңа тұрғын үйлер мен қалалық инфрақұрылым салу көзделген.
Бағдарлама басталғалы 103 жылжымайтын мүлік нысаны сатып алынды. Оларды сатып алуға 5, 7 млрд теңге жұмсалған. Сатып алынған жер учаскелерінің жалпы аумағы шамамен 3, 6 гектарды құрады.
Құрылыс алаңдарын дайындау үшін 51 тұрғын үй сүрілді. Босатылған аумақта заманауи, қауіпсіз және жайлы тұрғын үй кешендері бой көтермек. Жаңа құрылыс ескі әрі тозған тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен алмастыруға мүмкіндік береді.
2026 жылдың соңына дейін тағы 40 жылжымайтын мүлік нысанын сатып алу жоспарланған. Мұндай қадам реновация аумағын кеңейтіп, келесі құрылыс кезеңін бастауға жол ашады. Тұрғындармен келісу және мүлікті бағалау жұмысы қолданыстағы заң талаптарына сай жүргізілуге тиіс.
«Дәрмен-1» кешенінің ашылуы реновация бағдарламасының алғашқы көрінетін нәтижесіне айналды. Жоба жаңа үй салумен ғана шектелмей, ауданның инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жаңартуды көздейді. Қоғамдық кеңістік, жол, абаттандыру және тұрғындарға қажетті сервистер біртұтас жүйе ретінде дамытылмақ.
Реновацияның негізгі мақсаты – аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыру. Тозығы жеткен ғимараттардың орнына қауіпсіз әрі заманауи баспана ұсынылады. Сонымен қатар аумақтың сәулеттік келбеті жаңарып, қалалық ортаның қолайлылығы күшейеді.
«Дәрмен-1» тұрғын үй кешені «Байқоңыр» ауданының дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы ретінде бағаланып отыр. Алдағы жобалардың нәтижесі құрылыс сапасына, тұрғындардың мүддесін қорғауға және белгіленген мерзімдердің сақталуына байланысты болмақ. Жаңғырту бағдарламасы толық орындалса, ауданның ескі тұрғын үй қоры біртіндеп заманауи қалалық кеңістікке айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






