10 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында білім беру ұйымдарындағы оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту, санитариялық талаптардың сақталуы, балаларды қауіпсіз тасымалдау және мектеп маңындағы жол-көлік инфрақұрылымының жай-күйі талқыланды. Жиын тікелей эфирде өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын жолдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Облыстық білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаевтың мәліметінше, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша өңірдің білім беру ұйымдарында 294 603 оқушы білім алады. Мектеп асханаларындағы санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2025-2026 жылдарға арналған жол картасы әзірленген.
Қыркүйек айынан бастап 78 019 оқушы тегін тамақпен қамтылды. Тағам сапасы мен санитариялық талаптардың сақталуын бақылау үшін барлық 159 мектепте бракераждық комиссия құрылды. Оның құрамына мектеп директорлары, әлеуметтік педагогтер, медицина қызметкерлері және ата-аналар комитетінің өкілдері енгізілді, — деді Амантай Кумбаев.
Оқушыларды қауіпсіз тасымалдау шаралары
Оқушыларды қауіпсіз тасымалдау мәселесі бойынша 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Қазіргі таңда облыстағы 22 мектептің 6 598 оқушысы 110 автобуспен тасымалданады. Автобустар қажетті техникалық талаптарға сай жабдықталған. Сонымен қатар көліктердің техникалық жай-күйі мен жүргізушілердің медициналық жағдайы күнделікті бақылаудан өткізіледі.
Білім беру ұйымдары маңындағы қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Сондай-ақ бастауыш сынып оқушылары арасында жол қозғалысы ережелерін түсіндіруге бағытталған профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхтар Сербаевтың айтуынша, биыл маусым айында департамент мамандары білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізген. Тексеру барысында мектеп асханаларының санитариялық жағдайы да назарға алынған. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті ұйғарымдар беріліп, кемшіліктер белгіленген тәртіппен жойылған.
Мектеп маңындағы жол инфрақұрылымы мен қауіпсіздік
Ал облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Абзал Яхиевтің мәліметінше, қабылданып жатқан ұйымдастырушылық және профилактикалық шаралардың нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы 10 айында өңірдегі жол-көлік оқиғаларының деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендеген.
Балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу бағытында полиция департаменті 2026-2027 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі бекіткен жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспар аясында білім беру ұйымдарының маңындағы көше-жол желісі мен жол қозғалысын ұйымдастыру құралдарының жай-күйін жүйелі тексеру көзделген.
Жаңа оқу жылы қарсаңында, биыл тамыз айында облыстағы 182 білім беру ұйымына іргелес орналасқан жол инфрақұрылымы, көше-жол желісі және жол қозғалысын реттейтін техникалық құралдар тексерілді. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдарға балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу және жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша ұсыныстар жолданды. Соның негізінде облыстағы 110 орта білім беру ұйымының маңындағы жол желісі қажетті жол қозғалысын ұйымдастыру құралдарымен жабдықталды, — деді Абзал Яхиев.
Бұдан бөлек, полиция департаментінің ұсыныстары негізінде реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткеліне құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын, жасанды интеллект элементтері мен зияткерлік алгоритмдерге негізделген «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» жүйесін орнату жұмыстары басталуда.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты басқармалар мен мекемелерге балалардың қауіпсіздігіне қатысты жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды. Оқушыларды сапалы әрі қауіпсіз тамақпен қамту, мектеп асханаларындағы санитариялық талаптардың сақталуын тұрақты бақылау, мектеп автобустарының техникалық жағдайын қадағалау және білім беру ұйымдары маңындағы жол инфрақұрылымындағы кемшіліктерді жою қажеттігін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







