Қазақстанда банктер мен өзге қаржы ұйымдарын бақылаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Реттеуші енді заң талаптарының формалды орындалуын ғана емес, ұсынылған өнімнің клиентке нақты зиян келтірмейтінін де бағалайды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы тиісті ережелер топтамасын 27 шілдеде мақұлдады. Жаңа модель банктерге, микроқаржы және сақтандыру ұйымдарына, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығының жекелеген қатысушыларына қолданылады. Қаржы өнімі әзірленген сәттен бастап сатылымнан алынғанға дейін бақылауда болады.
Бұған дейін реттеуші қаржы ұйымының заң мен нормативті сақтағанына көбірек назар аударатын. Енді кредит, сақтандыру немесе инвестициялық өнімнің кімге арналғаны, бағасы қаншалықты әділ екені және қандай қауіп төндіретіні тексеріледі. Клиентке пайдасынан гөрі шығыны көп өнімді сатуға жол бермеу негізгі талапқа айналады.
Қаржы ұйымы жаңа өнімді нарыққа шығармас бұрын оның мақсатты аудиториясын анықтап, шарттарын сынақтан өткізуге тиіс. Сатылым басталғаннан кейін де клиенттердің нәтижесі мен шағымдары тұрақты талданады. Өнім негізсіз тәуекел тудырса, оның шарты өзгертіледі немесе сатылуы тоқтатылады.
Кредит рәсімдеу кезінде банк азаматтың табысын тексерумен шектелмейді. Қарыздың мақсаты, клиенттің қаржылық жағдайы және жаңа міндеттемені көтеру қабілеті ескеріледі. Реформаның негізгі мәні төлем қабілетін жоғалтқан адамға кезекті қарыз беріп, оны борыш шырғалаңына одан әрі итермеуге тіреледі.
Жарнама мен сату тәртібіне де ортақ талап енгізіледі. Қаржы ұйымы өнімнің артықшылығын ғана көрсетпей, толық құнын, комиссиясын, қосымша төлемін және ықтимал тәуекелін түсінікті жеткізуге міндетті. Қызметкерге қажетсіз сақтандыруды, картаны немесе өзге ақылы қызметті негізгі өнімге қосып сатуға жол берілмеуге тиіс.
Жасырын сақтандыруға тосқауыл
Қарызы бірнеше ұйымға бөлініп кеткен азаматтарға арналған ортақ реттеу тетігі де кеңейеді. Банктегі немесе микроқаржы ұйымындағы қарыз коллекторлық агенттікке берілсе де, оны бірыңғай рәсім арқылы қайта қарауға мүмкіндік жасалады. Қарыз алушы әр кредитормен жеке келіссөз жүргізбей, «бір терезе» қағидаты бойынша ортақ шешім іздей алады.
Аталған мүмкіндік кемінде екі кредитор алдында 90 күннен астам кешіктірілген берешегі бар азаматтарға арналған. Finkelisim.kz платформасы қарыздар туралы ақпаратты жинап, кредиторларға бір өтініш жолдауға мүмкіндік береді. Келісімге қол жеткізілсе, бес жылға дейінгі бірыңғай төлем кестесі ұсынылуы мүмкін.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қаржы омбудсманының жаңартылған жүйесі жұмыс істейді. Ол азаматтардың өтінішін сотқа жеткізбей қарауға және қаржы ұйымдарымен дауды бірыңғай тәртіппен реттеуге тиіс. Шағымдардан жиналған ақпарат жаппай сипат алған заңсыз тәжірибені немесе өнімдегі жүйелі кемшілікті ерте анықтау үшін пайдаланылады.
Реттеуші аталған шараларды халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеумен байланыстырып отыр. Банктердің кепілсіз тұтынушылық кредиттері 2021–2024 жылдары орта есеппен жылына 32 пайыз өссе, 2025 жылы қарқын 14,6 пайызға, 2026 жылдың алғашқы жартысында 3,1 пайызға дейін баяулаған. Агенттік ендігі мақсат кредит беруді толық тежеу емес, қарыздың азаматтың нақты табысы мен мүмкіндігіне сай рәсімделуін қамтамасыз ету екенін мәлімдеді.
Жаңа тәртіп кредиттің барлығын арзан немесе бәріне бірдей қолжетімді етпейді. Керісінше, табысы жаңа төлемді көтермейтін адамға банк қарыз беруден бас тартуы мүмкін. Алайда мұндай бас тарту азаматты бірнеше айдан кейін өсімпұл, коллектор және банкроттық мәселесімен жалғыз қалдырмауға бағытталған алдын алу шарасы саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







