2026 жылғы қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті және кәсіптік зейнетақы жарналарынан жиналған қаражатының 100 пайызына дейін жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына бере алады. Жаңа тәртіп салымшыға инвестициялық стратегияны өзі таңдауға жол ашқанымен, табыстылықпен бірге тәуекел үшін де жауапкершілігін арттырады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір азаматтар міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік жарналардан қалыптасқан жинақтың 50 пайызына дейін жеке басқарушыға аудара алады. Ерікті жарна толығымен беріледі. Қыркүйекте күшіне енетін өзгерістен кейін аталған шектеу алынып, міндетті жинақты да толық көлемде сенімгерлік басқаруға тапсыруға мүмкіндік туады.
Салымшы қаражатын Ұлттық банктің басқаруында қалдыра алады немесе бір және бірнеше инвестициялық портфельді басқарушыны таңдайды. Компаниялар ұсынатын стратегиялар тәуекел деңгейі, болжамды кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленеді. Сондықтан жоғары табыстылық көрсеткен басқарушыны таңдау міндетті түрде болашақта да сондай нәтиже болады деген кепілдік бермейді.
Қазіргі тізілімде Alatau City Invest, BCC Invest, «Сентрас Секьюритиз», Halyk Finance, Halyk Global Markets және Tansar Capital бар. Аударым жасамас бұрын компанияның лицензиясын, инвестициялық декларациясын, комиссиясын, портфель құрамын және жаңа өтініш қабылдау мәртебесін БЖЗҚ ресурстарынан тексеру қажет.
Өтінішті электрондық цифрлық қолтаңбамен БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет немесе invest.enpf.kz платформасы арқылы беруге болады. Азамат қордың кез келген бөлімшесіне өзі барып та өтініш тапсыра алады. Ақша басқарушы компанияның жеке шотына түспейді: жинақ БЖЗҚ-да есепке алынып, тек инвестициялық басқаруға беріледі.
Invest.enpf.kz платформасы Ұлттық банк пен жеке басқарушылардың кірістілігін салыстыруға мүмкіндік береді. Онда портфельге қандай акция, облигация, депозит немесе өзге қаржы құралы алынғанын, басқарушының бірнеше кезеңдегі нәтижесін және инвестициялық стратегиясын көруге болады.
Жеке компания әлсіз нәтиже көрсетсе, салымшының барлық шығынын мемлекет автоматты түрде өтемейді. Басқарушының номиналды кірістілігі реттеуші белгілеген ең төменгі көрсеткіштен төмен түссе, компания теріс айырманы өз капиталы есебінен жабуға міндетті. Алайда нарықтық ауытқу мен күтілген табыстың алынбауы әрдайым өтем төленеді дегенді білдірмейді.
Мемлекет жарнаны қорғайды, табысты емес
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік кепілдіктің мазмұнын да дұрыс түсіну маңызды. Мемлекет міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты аударылған сомасының сақталуына кепілдік беруді жалғастырады. Бірақ жинақтың инвестициялық кірісі мен инфляция арасындағы айырманы зейнетке шыққанда бюджеттен біржолғы өтеудің бұрынғы тетігі өзгереді.
Демек, «мемлекет кепілдігі сақталды» деген сөз жинақтың сатып алу қабілеті кез келген жағдайда толық қорғалады дегенді білдірмейді. Заң нақты енгізілген жарна сомасын қорғайды, ал ақшаның инфляциядан жоғары өсуі Ұлттық банк немесе таңдалған жеке басқарушының инвестициялық нәтижесіне байланысты болады.
Жаңа мүмкіндік салымшыға зейнетақы қаражатын басқаруда бұрынғыдан көбірек еркіндік береді. Бірақ шешімді кейінгі бір жылдың жоғары пайызына қарап қабылдау қауіпті. Ұзақ мерзімді нәтиже, тәуекел, валюта үлесі, комиссия және зейнетке дейін қалған уақыт қатар есептелуге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







