Батыс Қазақстан облысында қуаты 50 мегаватт болатын алғашқы жел электр станциясының құрылысы басталды. Қытайлық инвестор қаржыландырған жоба өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып, жаңартылатын қуат көздерінің үлесін кеңейтуге бағытталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Энергетикалық нысан Орал қаласының оңтүстік-батысындағы 140 гектар аумақта салынып жатыр. Құрылыс барысымен облыс әкімі Нариман Төреғалиев танысып, мердігерлер мен инвестор өкілдерінің есебін тыңдады.
Жоба аясында әрқайсысының биіктігі 100 метр болатын 6 жел қондырғысы орнатылады. Қазір құрылыс алаңында негізгі дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жел генераторлары қойылатын жерлерде тереңдігі 5 метрлік шұңқырлар қазылып, іргетас негізі әзірленген.
Келесі кезеңде арматура тоқылып, бетон құю жұмысы басталады. Құрылысқа жергілікті компания тартылған. Алаңда 15 адам мен 10 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
Нариман Төреғалиев құрылыс қарқынына оң бағасын беріп, инвесторға қабылданған міндеттемелерді белгіленген мерзімде әрі сапалы орындау қажет екенін айтты. Өңір басшысы жаңа станцияның облыстың энергетикалық тұрақтылығына және инвестициялық тартымдылығына ықпал ететінін атап өтті.
Инвестициялық жобаның жалпы құны 21 млрд теңгені құрайды. Қытайлық компания 2026 жылдың соңына дейін құрылысқа 12 млрд теңге бағыттауды жоспарлап отыр.
Жел электр станциясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Нысан іске қосылған соң өңірдегі электр қуаты өндірісін әртараптандырып, дәстүрлі энергия көздеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






