Мемлекеттік рәміздер күні Орал қаласында 150 пәтерлік жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 104 пәтері баспана кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдеріне, көпбалалы отбасыларға, мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге және өзге санаттағы азаматтарға табысталды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ арқылы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында берілді. Жаңа қоныс иелерін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтады.
Өңір басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облыста тұрғын үй құрылысының қарқыны артып келеді. Әсіресе «Ақжайық» шағынауданын кешенді дамытуға басымдық берілген.
Мұнда инженерлік желілер тартылып, жол инфрақұрылымы қалыптастырылды. Орал қаласының орталығымен қатынасты жеңілдету үшін жаңа көпір салу жұмысы қолға алынған.
– «Ақжайық» шағынауданының әлеуеті зор. Алдағы уақытта 1500 орындық мектеп, балабақша, аурухана және спорт кешені салынады. Мұның бәрі құр уәде емес, жүйелі жоспарға сай атқарылып жатқан нақты жұмыс. Басты мақсат — халықтың өмір сүру сапасын арттыру, – деді Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі тұрғындарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, жаңа баспана әр отбасының өміріндегі маңызды кезең екенін атап өтті. Оның пікірінше, осындай игілікті бастамалар жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік сезімді нығайтып, сапалы білім алуға және адал еңбек етуге ынталандырады.
Қазір Орал қаласында 27 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Азаматтарды баспанамен қамту мақсатында биыл жалпы саны 1800 пәтер болатын 20 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған.
Жаңа үйлердің құрылысы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамыту қағидатына негізделеді. Осы арқылы жаңа шағынаудандарды тек тұрғын үй алабы емес, білім, медицина, спорт және көлік нысандары қамтылған толыққанды қалалық кеңістікке айналдыру көзделіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







