Халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза Қазақстанға қайтарылуы мүмкін. Ол Вьетнамдағы Камрань әуежайында өзін ертіп жүрген ер адаммен бірге байқалған. Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, блогердің жанындағы адам Қаржы мониториң қызметкері болуы ықтимал, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған суреттер таңертең Камрань әуежайында түсірілген. Куәгерлер кадрдағы адамның Кайсар Камза екенін айтқан. Алайда оның Қазақстанға нақты жеткізіліп жатқаны жөнінде әзірге ресми мәлімет жарияланған жоқ.
Кайсар Камза Instagram желісінде екі миллионнан астам оқырман жинап, арандатушы әрі даулы контентімен танылған. Тергеу дерегіне қарағанда, ол бірнеше жыл бойы әлеуметтік желідегі парақшалары мен 360 мыңнан астам жазылушысы бар жабық Telegram арнасы арқылы заңсыз құмар ойындарды жарнамалаған.
Қаржылық мониторинг агенттігі блогерді Pin-Up атауымен жұмыс істеген онлайн-казиноны насихаттады деп күдіктенеді. Тергеу нұсқасында оның жеке промокодтар, арнайы сілтемелер және ойынға тіркелуге үндейтін жазбалар арқылы клиент тартқаны көрсетілген.
Камза жарнама үшін қомақты сыйақы, соның ішінде криптовалюта түрінде ақша алған болуы мүмкін. Бұған дейін оның криптоәмияндарынан 200 мың долларға жуық актив табылғаны хабарланған.
Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін блогер Қазақстаннан кетіп, Оңтүстік-Шығыс Азияда жүрген. 2026 жылғы сәуірде Ішкі істер министрлігі оның Интерпол арналары арқылы Вьетнамда ұсталғанын мәлімдеген еді.
Кейін Қайсар Қамза Вьетнамнан видео жариялап, қамауда отырмағанын айтты. Оның сөзінше, жергілікті билік тек төлқұжатын алып қойған, ал экстрадиция мәселесі құзырлы органдардың қарауында болған.
Арада уақыт өткен соң Сыртқы істердің ресми өкілі Ерлан Жетібаев блогердің Вьетнамда қамауда екенін растады. Экстрадиция рәсімін Қазақстанның Бас прокуратурасы жүргізетіні де айтылды.
Қамзаға қатысты іс Pin-Up онлайн-казиносының қызметін тергеумен байланысты. Осы іс аясында Украина азаматтары Дмитрий Дружинский мен Марина Левкович-Гинзбург те халықаралық іздеуге жарияланған. Тергеу оларды Қазақстандағы заңсыз схеманы ұйымдастырушылардың қатарына жатқызады.
Іс материалдарында букмекерлік компания мен соған байланысты онлайн-казиноның түпкі пайда көрушілері ретінде Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен Кипрде тұрақты тұратын Украина азаматы Марина Ильинаның есімі аталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






