Дауыс беру күні жақындаған сайын саяси партиялар өңірлердегі сайлауалды жұмысын күшейтіп, жергілікті мәселелерге көбірек назар аудара бастады. 6 тамыздағы кездесулерде жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, экология, денсаулық сақтау, өндіріс пен инфрақұрылым секілді тақырыптар алдыңғы қатарға шықты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Әділет» партиясы
«Әділет» партиясы өңірлердегі жұмысын «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені аясында жалғастырды. Қостанай облысында керуен Ұзынкөл, Меңдіқара, Алтынсарин, Әулиекөл және Қарасу аудандарын аралады. Партия мәліметінше, кездесулерге 700-ден астам ауыл тұрғыны қатысып, жолдардың жағдайы, ауызсу, байланыс сапасы және жастарды жұмыспен қамту мәселесін көтерді.
Жамбыл облысында партия төрағасы Айбек Дәдебай бастаған топ Жуалы ауданындағы шаруа қожалығы мен сүт өңдеу кооперативіне барды. Нұрлыкент ауылының тұрғындарымен кездесуде ауыл шаруашылығын дамыту, өндіріс пен ауылдағы еңбек нарығы сөз болды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 6 тамыздағы жұмысын теледебат қорытындысын талқылауға бағыттады. Республикалық сайлауалды штабында «Жетінші арна» эфирінде партия атынан пікірсайысқа қатысқан Құрылтай депутаттығына кандидат Мақсұт Насибуловтың сөзі сараланды. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі төрт күндік жұмыс аптасына көшу жөніндегі бастама болды.
ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов Respublica өкілдерінің сынына жауап беріп, ұсынысты әзірлеу кезінде мұндай тәжірибе қолданылып жүрген немесе оны енгізу мүмкіндігі зерттеліп жатқан мемлекеттердің тәжірибесі ескерілгенін айтты. Партия еңбек қатынастары мен азаматтардың жұмыс пен демалыс арасындағы теңгерімін сайлауалды пікірталастың маңызды бөлігі ретінде қарастырып отыр.
«Байтақ» партиясы
«Байтақ» партиясы бірнеше өңірде әртүрлі аудиториямен кездесу өткізді. Петропавлда еріктілер мен кандидат Алмаз Жакишев үй-үйді аралау форматын қолданып, партия дерегінше, 300-ден астам тұрғынмен тілдесті. Жетісу облысының Мұқыры ауылында кандидат Темірлан Файзулин ауыл тұрғындарымен экотуризмді дамыту мүмкіндігін талқылады.
Алматыда Владимир Мартель ауыр машина жасау зауытының еңбек ұжымымен өндірісті экологиялық жаңғырту мәселесін көтерді. Шымкенттегі кездесуде жағымсыз иіс мәселесі айтылса, Алматыдағы №15 емханада медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайына назар аударылды. Ақтөбе облысындағы балабақшада партия өкілдері экологиялық тәрбие тақырыбын талқылады.
Қазақстан Халық партиясы
Қазақстан Халық партиясының кандидаттары бірнеше облыста еңбек ұжымдарына барды. Болат Смағұлов пен Нұржан Бияқаев Еңбек мобильділігі орталығының қызметкерлерімен кездесіп, жұмыспен қамту және еңбек нарығындағы сұраныс мәселесін талқылады. Атырауда «Банк ЦентрКредит» филиалының ұжымымен, Өскеменде автопарк қызметкерлерімен кездесу өтті.
Автопарк жұмысшылары жүргізушілердің жалақысы, кадр тапшылығы мен еңбек қауіпсіздігін көтерді. Қарағандыда партия өкілдері «ГорКомТранс» кәсіпорнына барса, Павлодар облысында дәрігерлік амбулатория мен «Ertis Su» қызметкерлерімен кездесті. Партия мәліметінше, Қарағанды индустриялық университетіндегі кездесуден кейін 40 адам партия қатарына өткен.
«Ауыл» партиясы
«Ауыл» партиясы Қарағанды облысының ауылдық аумақтарындағы сайлауалды жұмысқа басымдық берді. Шахтер ауылдық округінде партия өкілдері «Шахтерское» ЖШС еңбек ұжымымен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, кәсіпорынның өндірістік жұмысымен танысты. Талқылауда элиталық тұқым шаруашылығы, аграрлық секторды мемлекеттік қолдау, заманауи агротехнология, жер мен суды тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселесі көтерілді.
Нұра ауданындағы Шахтер ауылында кандидаттар егістік алқаптарын, суару жүйелері мен өндірістік нысандарды аралады. Тұрғындармен кездесуде жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл инфрақұрылымын дамыту, өнімді сақтау мен өңдеу және азық-түлік қауіпсіздігі талқыланды.
«Ақ жол» демократиялық партиясы
«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Алматы мен Түркістан облысында кездесу өткізді. Дания Еспаева бастаған делегация Алматыдағы «Үркер-АШ» ЖШС еңбек ұжымымен және логистика саласының өкілдерімен жүздесіп, өндірісті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау және бизнеске қажетті жағдай қалыптастыру мәселесін талқылады.
Құрылтай депутаттығына кандидат Виктор Микрюков Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтардың жеке шоттарын енгізу жөніндегі партия ұсынысын таныстырды. Түркістан облысында филиал өкілдері «Атлант» шипажайының қызметкерлерімен кездесті. Кездесулерде кәсіпкерлік орта, әлеуметтік кепілдік және медициналық қызметті қаржыландыру тетіктеріне қатысты ұсыныстар айтылды.
Respublica партиясы
Respublica партиясы Шымкент пен Түркістан облысындағы өндірістік кәсіпорындарға барды. Кандидаттар алюминий профильдері мен кабель өнімдерін шығаратын Alutech кәсіпорнының өндірісімен танысып, еңбек ұжымының сұрақтарына жауап берді. «Алтын дән» кәсіпорнында өндірісті кеңейту, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала мәселесі талқыланды.
Леңгірдегі «Балмұздақ» ЖШС-де электрмен жабдықтау сенімділігі, инженерлік инфрақұрылым және кәсіпорынның даму мүмкіндігі сөз болды. «Шымкентмай» АҚ-да отандық өндірісті қолдау, экспортты ұлғайту, цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, студенттік жатақхана салу және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі бастамалар қаралды.
6 тамыздағы сайлауалды жұмыс ірі қалалармен қатар ауылдық елді мекендерді де қамтыды. Партиялардың көтерген мәселесі өңірдің экономикалық және әлеуметтік ерекшелігіне қарай өзгергенімен, жұмыспен қамту, өндіріс, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, экология және халықтың тұрмыс сапасы барлық саяси күштің күн тәртібінде әртүрлі деңгейде көрініс тапты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!





